Мәдениет

Ғасырдан да ұзақ қойылымдар

Астана қаласы әкімдігінің М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры 125 жылдық мерейтойын атап өтті. Екі күндік бағдарлама ғылыми конференциямен басталып, кітаптың тұсаукесері, мерейтойлық кеш, «Театрдағы түн» іс-шараларымен жалғасты.

«Классика мен қазіргі заман диа­логы» конференциясын аталмыш театрдың режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Парманов жүргізіп, осы өнер түрінің кешегісі мен бүгінгісі сараланды. Өнертану кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәния Қабдиева Горький театрының өнерде салған соқпағына, ғасырдан астам тарихына тоқталды. Аталған театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Наталья Косенко классикалық драматургияны бұрынғы және қазіргі көрермендердің қабылдау ерекшеліктері жөнінде ой толғады.

Ресейден арнайы келген қонақ, актер, режиссер, Е.Евстигнеев атындағы музыкалық училище директоры Леонид Чигин «Режиссер спектакль авторы ма, әлде қосалқы авторы ма?» тақырыбында пікірімен бөлісті. Театртанушы, ­М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер инс­титуты театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Амангелді Мұқан Қазақстанның орыс театрларында классикалық шығармалардың қойылуы туралы баяндама жасады. Қазақ ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы Болат Абдрахманов режиссер Рача Махатаев сахналаған «Шие бағы» спектаклі жөнінде сөйледі. Осы оқу орнының студенті Камилла Шкибае­ва «Жаздың соңы» спектакліндегі отбасы мәселелері жайында пікірін жеткізді. Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері Айжан Қабылданова мен Гүлназ Оспанова бірі «Евгений Онегин» спектаклі туралы, екіншісі Мольер пьесасының ерекшеліктері жайлы ойларын айтты.

Осы театрдың актрисасы Екатерина Максим «Сол баяғы менмін» кітабының тұсаукесері «Жүректерді жандыратын сиқыр» мерейтойлық кешіне ұласты. Онда театрдың үздік спектакльдерінен үзінділер ұсынылды. «Театрдағы түн» іс-шарасы арқылы көрермендер сахнаның ішкі және сыртқы өмірімен танысты. Соның аясында сахна тілі, актерлік шеберлік, ән айту, билеу, грим бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Екатерина Максим «Қыстың соңғы демі» музыкалық-пластикалық қойы­лымын ұсынды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button