Басты ақпаратМәселе

Жастар смартфоннан бас тарта ала ма?

Күнде үйден шығып бара жатып, лифтіде жолыққан балалардың, боз­бала мен бойжеткендердің смартфонына шұқшиып қарап тұрғанын көремін. Олар лифтідегі адаммен амандаспақ түгілі, есік ашылғанда сыртқа шығуды ұмытып кетеді. Кіндігі гаджетке «байланып» туған Z ұрпақ айналасына назар аудармайды. Себебі олар қаршадайынан смартфонды «еміп» өскен. Номофобияның («no mobile phone phobia» – «ұялы телефоннан айрылып қаламын ба деген қорқыныш») құрбаны болған ұрпақты бір жағынан аяйсың, екінші жағынан кінәлай да алмайсың… Бір алаңдатарлығы, оларда интернеттегі әлем-жәлем контентті саналы, сауатты тұтыну мәдениеті жоқ.

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

Біздің қоғамда мектеп оқу­шысы да, колледж не университет студенті де смартфонды ешқандай шектеусіз қолданып жүр. Әлеуметтік желілердің бәрі ашық тұр. Жақында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда балалардың әлеуметтік желілерге тіркелу жасына шектеу қою мәселесін көтерді. Оның айтуынша, балалар TikTok пен Instagram желілерінде бес-алты жасынан бастап ешқандай ата-ана рұқсатынсыз және жеке тұлғаны растаусыз аккаунт аша алады. Басқа елдерде мұндай шектеулер әлдеқашан енгізілген. Мәселен, Дания мен Аустралияда тіркелуге тек 15-16 жастан бастап рұқсат етіледі. Ал АҚШ, Англия және Ирландияда ата-ананың арнайы рұқсаты мен міндетті верификация талап етіледі. Алайда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі­нің орынбасары Дмитрий Мун Цифр­лық кодекс аясында мұндай бастама қарастырылмайтынын ашық айтты. Демек, шектеу қойылмайды деген сөз.

Ал өркениетті елдер бүлдіршіндердің, жастардың денсау­лығы мен келешегін ойлап, әртүрлі іс-әрекеттерге баруда. Мысалы, Аустралияда биылғы 10 желтоқсаннан бастап 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заң күшіне енеді. Премьер-министр Энтони Албаниз бұл шектеу балаларды әлеуметтік желілердің зиянды ықпалынан қорғауды көздейді деп мәлімдеді. Көптеген ата-аналар бұл шешімді қолдап отыр. Дания өзінің білім беру саласындағы саясатын өзгертіп, мектепте ғана емес, оның ауласында планшеттер мен смартфондарды қолдануға толығымен тыйым салатын ереже қабылдады. Білім беру министрі Маттиас Тесфайе цифрландыру үрдісіне қадам басқанда оқушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығы ұмыт қалғанын ашық мәлімдеді. Ұлыбританияның ғылым және технология министрі Питер Кайл кейбір қосымшаларды пайдалануға қатысты «міндетті коменданттық сағат» енгізуді ұсынды. Норвегия әлеуметтік желілерді пайдалануға рұқсат берілетін жас шектеуін 13-тен 15-ке көтерді.

Айтпақшы, Асхат Аймағамбетов мектептерде смартфон қолдануға тыйым салуды ұсынды. Халық қалаулысы Англия, Нидерландыда, еліміздегі НЗМ мен БИЛ-де – мұндай шектеулер бүгінгі таңда бар екенін және ол өз нәтижесін көрсеткенін мысалға келтірді. Шектеудің нәтижесінде оқушылардың өзара қарым-қатынасы жақсарып, оқу үлгерімі артыпты. Мұндай тамаша тәжірибе Еуропа елдерінде бар. Оларда «Смартфонсыз балалық шақ» деген ізгілікті насихаттайтын қозғалыс қанатын жайып келеді. «The Independent»-те жарияланған мақалаға сүйенсек, өткен жылы Ұлыбританияның Сент-Олбан қаласындағы 33 мектептің директорлары мен педагогтері ата-аналарға ұжымдық үшбу хат жолдады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің бала психикасына, мінез-құлқына кері әсерін тигізіп жатқанын ашық түсіндіріп, оқушыларға 9-сыныпқа дейін смартфон ұстатпауды өтінді. Қоңыраулар мен хабарламалар үшін интернетке шығу мүмкіндігі жоқ телефондарды пайдалануды ұсынды. Таң қаларлығы, ата-­аналардың дені ұтқыр ұсынысты бірден қолдады. Сөйтіп, бастауыш сыныптар мен 14 жасқа дейінгі оқушыларға смартфон қолдануға тыйым салынды.

Арада жарты жыл өткенде мектепке телефон әкелетін 10-11 жастағы балалардың саны 68 пайыздан 7 пайызға азайыпты. «Смартфоннан бас тарту оқушылардың концентрациясы мен әлеуметтік қатынасын жақсартты, олар бір-бірімен шүйіркелесіп, көбірек бірге ойнайтын болды, өзара жанжал азайды» дейді Cunningham Hill School бастауыш мектебінің директоры Мэттью Тавендер. Ресми құзыр­лы орындар таратқан дерекке үңілсек, Ұлыбританияда бүгінгі таңда 8-11 жастағы балалардың 59 пайызында смартфон бар. 5-7 жастағы балалардың 25 пайызы смартфон қолданады. 8-15 жастағы балалардың 23 пайызы күніне 4 сағаттан аса уақыт экран алдында отырады. Сарапшы-мамандар мектепте ғана смартфонға тыйым салу жеткіліксіз екенін, оқушыларға жалған ақпараттан сақтану, интернеттегі контентті сауатты тұтынудың маңызын түсіндіру қажеттігін айтады.

Смартфоныңды үйде қалдыр!

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, осы жазда Instagram-дағы The Offline Club-тың жазылушыларының саны 596 мыңға жетті. Назар аударарлық жайттың бірі, Offline Club Instagram-ды қоса алғанда барлық әлеуметтік желілерден саналы түрде бас тартуды жастарға насихаттайтын алаң. Бұл жобаның негізін салған нидерландтық Джорди, Илья және Валентин деген үш жігіт қызықты аккаунтты жүргізудің мақсатын ашық жазды. «Бүгінгідей смартфондардың шырмауында қалған адамдарға шынайы өмірді, адамгершілікті қайтаруға күшімізді аямай жұмсаймыз!» дейді олар.

Offline Club-тың ниеттес­тері­мен бірлесіп олардың жып-­жылы, шынайы кездесулер өткізіп жүргеніне жылға жуықтаған. Алдымен «Сіз өз телефоныңыздан бас тартуға дайынсыз ба?» деген қысқа бейнежазбаны The Offline Club-тың парақшасынан таратады. Сөйтіп, жастарды смартфонсыз жүздесуге шақырады. Күндіз және түнде әлеуметтік желілерге үңілудің орнына кездесуде бірге кітап оқиды, ойын ойнайды, қолөнермен айналысады, бетпе-бет емен-жарқын тілдеседі. Бұл – сонау смартфондар әлі шықпаған кездегідей шынайы қарым-қатынастар. «Ұмытылмас қараша! Жыл да аяқталып келеді. Біз өзіміздің телефондарымызбен шынайы қарым-қатынас жасауды жалғастырамыз. Амстердамдағы әдемі шіркеуде @flow_magazine-мен бірлесіп, қолөнер клубының соңғы жиынын өткіземіз. Сондай-ақ метро желісін интернеттен ажыратамыз. Ал Парижде Сіздерді офлайн-серуендер және Ұлттық мате күніне арналған оқырмандар кешіне шақырамыз! Барселонада толыққанды офлайн-­қауымдастықпен бірге бір күндік демалыс ұйым­­дастырамыз. Лиссабонда өтетін детективтер (интернеттен ештеңе іздемеңіздер) оффлайн-кешіне куә болып, одан кейін бір сағаттық оқырмандар рейвіне қосылыңыздар. Бұдан бөлек, оффлайн-жүздесулеріміз Копенгагенде, Лондонда, Миланда, Берлинде және Кельнде өтеді. Осы сілтеме арқылы орындарыңызды алдын ала белгілеп, пікірлер жазылатын жерге «Іс-шараға қатысамын!» деген жазу қалдырыңыздар. Ал әзірше… смартфондарыңыз өшірулі болсын!» деп жазылған Instagram-дағы The Offline Club-тың парақшасында.

Бір қуанарлығы, Нидерландының астанасы Амстердамнан басталған бұл жобаға кейінірек Лондон, Париж, Милан, Лиссабон, Барселона,  Копенгагендегі жастар қосылды. Германия­ның бірнеше қалаларында «Смартфоныңды үйде қалдыр!» деген ұрансөзбен кездесулер өтуде. Гаджеттерден бас тарту идеясын мейрамханалар мен түнгі клубтар да қолдап, өздеріне келушілерге ұялы телефондарын үйде қалдыруды өтініп, хабарлама таратады. Осылайша, Еуропадағы жастар арасында оффлайн-клубтардың танымалдығы артып келеді.

Интернетсіз әлемде өмір сүргің келе ме?

Өткен жылдың соңында Германиядағы Bitkom салалық қауымдастығы әлеуметтік зерттеу жүргізіп, 16-29 жас аралығындағы жандардың күн сайын 3-4 сағат уақытын тек смартфонмен өткізетінін анықтаған. Әлбетте, мұндай жаңалық мәселенің түп-тамырына толықтай үңілуге мүмкіндік бермейтіні анық. Біздің қоғамда жастар тіпті 6-7 сағат смартфонға телміріп қарап, ондағы сүзгіден өтпеген бейәдеп бейнежазбаларды көріп отырады. Алайда шетел жастарының көпшілігі интернетсіз әлемде өмір сүргісі келеді екен. Жуырда Британ стандарттар институтының (BSI) ғалымдары бұрын-соңды жұрт назар аудармаған бір жаңалық ашты. Жаңа зерттеудің нәтижесінде белгілі болғанындай, 16 мен 21 жастағы адамдардың 70 пайызы әлеуметтік желілерде «отырғанда» өзін өте жайсыз сезінетінін айтыпты. Сол себептен сауалнамаға қатысқан жастардың жартысы кешкі сағат 22.00-ден кейін белгілі бір қосымшалар мен веб-сайттарды шектейтін «цифрлық коменданттық сағат» енгізуді қолдаған. Тіпті, олардың 46 пайызы жастық шағын интернетсіз әлемде өткізгісі келетінін жеткізген. BSI-дің зерттеуіне 1293 респондент қатысқан. Ағылшын ғалымдары бұл зерттеудің қорытындыларын бұдан бұрынғы сауалнамалардың нәтижесімен салыстырып қарауда. Мәселен, 2024 жылдың соңында АҚШ-тағы Harris Polls әлеуметтік зерттеулер институты тура осыған ұқсас зерттеу жүргізіпті. Одан мәлім болғаны, америкалық жастардың дені «Instagram, TikTok, X сияқты әлеуметтік желілерді ешқашан ешбір адам ойлап таппағанын қалар едік» деген жауабын айтыпты.

Адамның миы 10 жылға жасарады

Жастардың смартфоннан бас тартуға ұмтылуы кездейсоқ жағдай емес. Бір қызығы, ғалымдар смартфон ұстаудан бас тартқан адамның миы бірден жасаратынын дәлелдеді. АҚШ пен Канада ғалымдарынан құралған зерттеушілер тобы белгілі бір уақыт смартфонсыз өмір сүру әр адамның психикасына жағымды әсер етіп, көңіл-күйін бір қалыпқа түсіріп, бақытты сәттердің рахатын толық сезінуге көмектесетінін анықтаған. PNAS Nexus журналында жарияланған зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, интернет-серфингті шектеу адамның миын 10 жылға дейін жасартуы мүмкін. Бұл зерттеу­ге 467 ерікті адам қатысқан. Олар арнайы қосымшаның көмегімен өз смартфонындағы интернетті екі аптаға өшіріп қойған. Эксперимент екі айға созылып, сол аралықта бірінші топ алғашқы екі аптада, екінші адамдар тобы кейінгі екі аптада интернетсіз өмір сүрген. Тапсырманың қиындығына (бұл жерде тек 119 адам интернетсіз тірлікке тек 10 күн шыдаған) қарамастан, оның нәтижесі де таң қаларлықтай болып шыққан. Смартфонды қолдану уақыты күніне екі есеге дейін – 314-тен 161 минутқа қысқарыпты. Тапсырманы орындаған жандардың көңіл-күйі бір қалыпқа түсіп, соның әсерінен милары тынығып қана қоймай, бірнеше жылға жасарғаны анық сезілген. Депрессиядан айығып, тып-тыныш өмір дағдысына оралғанда не болғанын өздері де түсіне алмай, таңдай қағыпты.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button