Аудандарда атқарылған істер ауқымды

Қалалық бағдарламаларды іске асыру мониторингі шеңберінде Астана қаласы мәслихатының депутаттары бірқатар көшпелі отырыс өткізіп, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағдарламасының іске асырылуымен танысты, бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін бағалады және елорданы дамытудың басым бағыттарын талқылады.
Халық қалаулылары алдымен Алматы ауданындағы бірқатар жаңартылған қоғамдық кеңістіктер мен демалыс аймақтарына барды, олардың көпшілігінде абаттандыру жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, Оқушылар сарайының алдындағы 13 мың шаршы метрден асатын аумақта бастапқыда тротуар плиталарын төсеу жоспарланған болатын, бірақ жұмыс соңында смета құнын сақтай отырып, ұзаққа созылатын және эстетикалық материал – мәрмәр плиткалар қолданылды. Қ.Рысқұлбеков көшесіндегі жаңартылған қоғамдық кеңістіктер тұрғындар үшін жайлы демалыс аймағына айналды.
Жазғы маусымның басынан бастап ауданда аула аумақтарын, Триатлон паркінің көпір асты кеңістігін, Б.Момышұлы даңғылы мен Күйшілер аллеясы бойындағы Футбол федерациясының жанындағы бос орынды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Сонымен қатар Ш.Қалдаяқов көшесінде бұрын жоспарланған тұрғын үй кешенінің орнында жаңа сквердің құрылысы аяқталуда. Нысанның дайындығы 95%-ды құрайды және жобаны толық аяқтау үшін қосымша қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.
Көшпелі отырыс Нұра ауданында жалғасты. Онда депутаттар ағымдағы жобаларды іске асыруды және жақын болашаққа арналған басым міндеттерді айқындады. Бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігіне, абаттандыру сапасына және әлеуметтік бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.
Одан соң депутаттар Сарайшық ауданының абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту объектілерінің жай-күйімен танысты, сондай-ақ бөлінген қаражатты игерудің тиімділігін тексерді. Маршрут аясында олар қауіпсіздік, жаяу жүргіншілер аймақтары мен автотұрақтарды ұйымдастыру мәселелеріне назар аудара отырып, 1,7 шақырымдық Highvill тұрғын үй кешенінің аумағын қарады. Сондай-ақ халық қалаулылары елорданың көрнекті нысандары – Бейбітшілік және келісім сарайында, «Әзірет Сұлтан» мешітінде, Тәуелсіздік сарайында және Ұлттық музейде болып, туристік және мәдени инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады.
2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасын қалыптастыруға дайындық аясында мәслихат депутаттары елордадағы халқы ең тығыз қоныстанған аудандардың бірі – Сарыарқа ауданына ат басын бұрды. Оның 6770 гектар аумағында 352 мыңнан астам адам тұрады, 994 көппәтерлі үй, 609 аула және 315 көше бар. Жұмыс барысында депутаттар аудан аумағында орналасқан нысандардың жай-күйімен, ағымдағы жобалардың іске асуымен танысып, коммуналдық қызметтер мен мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Мұндағы 156 аула жөндеуді қажет ететіні аталды, сондай-ақ 52 учаскеде су басудың алдын алу шаралары және ауданды цифрландыру мәселелері талқыланды.
Осындай кездесулердің басты мақсаты – қалалық бюджеттің қалай пайдаланылатынын және аудандық әкімдіктердің қалалық орта мен инфрақұрылымды жақсартуда қандай нәтижелерге қол жеткізетінін кешенді бағалау. Мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен барлық көшпелі отырыстар барысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге және қолжетімді қалалық орта құруға бағытталған жобаларға ерекше назар аударылды. Депутаттар аудандардағы оң өзгерістерді атап өтті. Олардың айтуынша, қалалық ортаның сапасын арттыру және барлық жастағы тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау үшін осындай басқосулар аса маңызды.
Мониторинг барысында жиналған барлық материал мәслихаттың бейінді комиссияларымен жүйеленіп, Астана қаласының 2026-2028 жылдарға арналған бюджетінің жобасын қалыптастыру кезінде ескеріледі.



