Үкімет отырысында трансшекаралық хабтарды дамыту мәселелері қаралды

Осы аптадағы Үкіметінің отырысының күн тәртібінде трансшекаралық хабтарды дамыту мәселелері қаралды. Президенттің Қазақстанды негізгі көлік-логистикалық торапқа айналдыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде елімізде бес ірі трансшекаралық хаб жүзеге асырылуда. Жиында сол трансшекаралық хабтарды іске қосу шикізаттық емес тауарлар экспортын 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік беретіні айтылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бүгінгі таңда барлық бағыт бойынша басқарушы компаниялар анықталып, инфрақұрылымдар құрылысы қарқынды жүріп жатқанын баяндады.
— Бұл хабтарды іске қосу шекара маңындағы мемлекеттермен сауда процестерін едәуір жеделдетуге, шикізаттық емес экспорт көлемін 30%-ға арттыруға және қазақстандық компаниялар үшін тиімді логистикалық жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті министр.
ҚР көлік министрі Нұрлан Сауранбаев трансшекаралық хабтардың көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етілгені туралы баяндады. Ол бүгінгі күні барлық трансшекаралық хабтар көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Атап айтқанда, «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперациясының халықаралық орталығы бойынша Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы жалғасуда, ол 2026 жылы аяқталады. Еуразия трансшекаралық сауда орталығы келесі жылы пайдалануға берілетін Пойма стансасы арқылы теміржол желісіне жеткізіледі. Қорғас бағытында «Алтынкөл – Жетіген» теміржол учаскесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба учаскенің өткізу қабілетін 25 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
-Жұмыстар 2026 жылы толығымен аяқталады. Каспий торабы аясында Ақтау және Құрық теңіз порттарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін қытайлық Ляньюньган компаниясымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлік хабтың 1-ші кезегінің құрылысы аяқталады. Жалпы, жобаны жүзеге асыру кезінде контейнерлік хабтың қуаты жылына 200 мың ЖФЭ-ге дейін жеткізілетін болады. Сондай-ақ Ақтау портында порт акваториясын тереңдету, айлақтарды жаңғырту бойынша жобалар жүзеге асырылуда. «Құрық портында «Саржа» көпфункционалды терминалын салу жобасы жүзеге асырылуда. Каспий теңізі арқылы контейнерлік тасымалдарды ұлғайту үшін 2027 жылға дейін Әзербайжанда сыйымдылығы 700 контейнер болатын екі кеме сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ порттарға баратын теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған жобаларды жүзеге асыру Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілетін 30 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді,- деді Нұрлан Сауранбаев.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханның айтуынша, Қазақстанда бес трансшекаралық хабты дамыту үшін инженерлік және аумақтық база толығымен дайын. Негізгі алаңдар кеңейтілді, арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу мерзімі ұзартылды, ал базалық коммуникацияларды бірқатар нысанға жеткізу осы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Жаңа логистикалық тораптардың құрамына төрт арнайы экономикалық аймақ пен екі индустриялық аймақ кіреді. Олар – «Хоргос – Шығыс қақпасы», «Хоргос» ХШЫО», «Ақтау теңіз порты» және «TURAN» экономикалық аймақтары және «Индустриалды сауда-логистикалық кешен» мен «Еуразия» индустриялық аймақтары.
Отырысқа қатысқан Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтауда $300 млн-ға жаңа теңіз портын салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта инвестор компанияны өңірде тіркеп қойды, енді инвестициялық келісімге қол қою үшін құжаттар дайындап жатыр. Жоба «Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа» жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал ететін болады. Оны жүзеге асыру жүктерді жеткізу мерзімін 7-15 күнге қысқартуға, көлік шығындарын 18-25% төмендетуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.



