Астана-Ереван: қарым-қатынастардың жаңа кезеңі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян 20-21 қараша күндері Астанаға ресми сапармен келді. Сапар бағдарламасы аясында екі ел делегацияларының қатысуымен келіссөздер өтіп, Қазақстан мен Армения арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту перспективасы талқыланды.
Тарихи құжатқа қол қойылды
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Армения Премьер-министрі Никол Пашинянға ілтипат білдірді. Келіссөздер Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімінен басталды. Тараптар бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берді. Бұдан кейін екі елдің әнұрандары шырқалды.
«Аса құрметті Никол Воваевич, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыз өте маңызды. Екі елдің стратегиялық серіктестік деңгейіндегі қарым-қатынасының дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз. Бұл – Қазақстанға алғашқы сапарыңыз. Шын мәнінде, қазақ халқы Армения жұртына, тарихына, салт-дәстүріне, мәдениетіне зор құрметпен қарайды. Сапар барысында бірқатар маңызды келісімге қол қойылады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Никол Пашинян Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға ресми сапармен шақырып, Астанада қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты.
«Бұл сапар біздің екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін береді. Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі Сіздің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарыңыздан бастау алды. Соның нәтижесінде маңызды келісімдерге қол қойылды. Оның кейбірі жүзеге асырылды, қалған бөлігі орындалу үстінде. Қазақстанға ресми сапармен келу – мен үшін зор мәртебе» деді Премьер-министр.
Содан кейін Қазақстан Президенті мен Армения Премьер-министрі екі елдің делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен армян достығы берік, сыйластығы жарасқан халықтар екенін атап өтті.
«Армения – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы басты саяси және сауда-экономикалық серіктесінің бірі. Қазақ жұрты армян халқын ерекше қадірлейді. Оның терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Қазір Армения Қазақстан азаматтары көп баратын туристік елдің біріне айналды. Биыл қос халықты жақындастыра түскен айтулы оқиғалар болды: Арменияда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Ереванда ұлы ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының құрметіне саябақ ашылды. Осы маңызды бастамаларға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге, құрметті Никол Воваевич, зор алғыс білдіремін. Мұны қазақ еліне деген ерекше ілтипатыңыз деп бағалаймыз» деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Астана мен Ереван арасында барлық деңгейде ашық әрі сенімді саяси диалог қалыптасқан. Халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында тығыз, нәтижелі ынтымақтастық жолға қойылған. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылым-білім саласындағы ықпалдастығы дәйекті түрде дамып келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ мемлекетаралық байланыстар конструктивті сипат алғанын әрі оны жақ-жақты кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар екенін жеткізді. Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаратын тарихи құжатқа қол қойылатынын мәлімдеді.
Армения Премьер-министрі бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге және ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге оңтайлы сәт екенін атап өтті.
«Қазақстан біздің еліміз үшін өте жақсы үлгі деп санаймыз. Біз қазақ халқын құрметтейміз. Осы құрмет екіжақты ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға негіз болады. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзара ықпалдастығымыздың басты бағыттарын ілгерілету жағдайын жан-жақты талқыладық. Өңірдегі өзгерістерді ескерсек, экономикалық және көлік саласындағы қатынастарымыздың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылады. Көлік бағытындағы әлеуетті толық жүзеге асыру маңызды. Оның нәтижелі болатынына сенімдімін» деді Никол Пашинян.
Кездесу барысында сауда-экономика, көлік-транзит, инвестициялық ықпалдастық, тау-кен, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу, денсаулық сақтау, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян келіссөз қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
«Алтын Қыран» орденімен марапаттады
Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада қазақстандықтар Никол Пашинянды Арменияның дамуына жаңа леп әкелген, мемлекеттік құрылымның барлық салада қайта жаңғыруына тың серпін берген жалпыұлттық көшбасшы деп білетінін жеткізді.
«Сіздің көреген басшылығыңыздың арқасында Армения орнықты даму жолына түсіп, халықаралық аренадағы позициясын нығайтты. Сондай-ақ ішкі және сыртқы саясатта парасатты, жауапты ұстанымымен үлгі көрсетіп отыр. Сіз өте күрделі геосаяси ахуалда қалыптан тыс әрі батыл шешім қабылдадыңыз. Түптің түбінде бұл армян халқына пайдасын тигізетін өте құнды шешім болды. Достас, бауырлас Армения бейбітшілік, орнықты даму жолын таңдағаны анық. Бұл істе Сіздің тарихи еңбегіңіз зор. Вашингтонда қабылданған Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісімді ілгерілетуде елеулі рөл атқарғаныңызды атап өткім келеді» деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде қазақ-армян мемлекетаралық байланысы стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерілгенін мәлімдеді.
«Бұл іске Сіздің елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға белсенді атсалысуыңыз айтарлықтай ықпал етті. Қазақ-армян қарым-қатынасын дамытудағы үлкен үлесіңіз бен айрықша еңбегіңізді ескере отырып, бүгін Сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – мызғымас бауырластығымыздың, өзара берік сенімнің және халықтарымыздың келешегі жолындағы ортақ ұмтылыстарымыздың жарқын символы» деді Президент.
Никол Пашинян Қазақстанның ең жоғары наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша қазақ халқына алғыс айтып, мұны отандастарына көрсетілген ерекше құрметтің белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.
«Мен үшін бауырлас Қазақстан Республикасының ең жоғары наградасына ие болу және оны Сіздің қолыңыздан алу – зор мәртебе. Сізді өте тәжірибелі саясаткер, мемлекет қайраткері, дипломат ретінде білеміз. Сондықтан Сіздің берген бағаңыз мен үшін құнды. Бұл марапат екіжақты қарым-қатынасымызды ғана емес, тұтас өңірдің дамуына септігін тигізеді деп сенемін» деді Армения Премьер-министрі.
Екі елдің достығын бекемдеген басқосу
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Президент Арменияны еліміздің маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады. Екіжақты қарым-қатынас берік достыққа және өзара құрметке негізделген.
«Қазақстанның Армения мемлекетіне және оның халқына деген ықыласы айрықша. Біз армян жұртының терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен, ілтипатпен қараймыз. Осы құндылықтардың негізінде барлық бағыттағы ықпалдастығымыз ұдайы дамып келе жатыр. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Менің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарымның қорытындысы және бүгінгі келіссөздердің нәтижесі – соның айқын дәлелі. Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады. Соған сәйкес Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Бұл шешім екі елдің достығын бекемдеп, сан салалы жаңа ынтымақтастық кезеңіне жол ашары анық» деді Мемлекет басшысы.
Келіссөзде елдеріміз өнеркәсіп, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, құрылыс және басқа да салалардағы серіктестікті дамыта алатынына назар аударылып, соның ішінде көлік-транзит бағытының әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән берілген.
«Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси ахуал екіжақты және аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдай туғызып отыр. Қазақстан Арменияның көлік-транзит саласындағы «Бейбітшілік қиылысы» бастамасын қолдайды. Сондай-ақ біз «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен ұштастыру екі елдің де мүддесіне сай келеді. Көлік-транзит саласындағы ашық әрі тиімді ықпалдастық екі жаққа да зор мүмкіндік береді. Мен Әзербайжан басшысына санкцияларды алып тастап, өз елі арқылы екіжақты тікелей сауда жүргізу туралы шешім қабылдағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Мысалы, биылғы қараша айында Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілді. Бұл бастаманың саяси және экономикалық мән-маңызы айрықша. Біз Арменияға жоғары сапалы астық өнімдерін және басқа да тауарларды тұрақты түрде жеткізуге дайынбыз. Осы бағыттағы жұмысқа күш-жігерімізді жұмылдыруға уағдаластық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу және әуемен жүк тасымалдау жұмысын ретке келтіру – маңызды міндеттің бірі. Бұл бағытта нақты жоспарлар бар, тараптар жуық арада тиісті шараларды қолға алады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ықпалдастық әлеуеті зор
Президент цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.
«Қазақстанда цифрландыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Армения ІТ-технологиялар мен стартап экожүйесінде айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Бұл – екі елдің экономикасын дамытуға тың серпін беретін маңызды сала. Осы орайда, жасанды интеллект, жаңа технология және цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға келістік, бұл бағытта бірлескен жобаларды іске асыру мәселесіне тоқталдық. Премьер-министр Пашинян мырза аймақтағы ең ірі IT стартап паркі – «Astana Hub»-тың және «Alem.ai» жасанды интеллект орталығының жұмысымен танысады. Келесі жылы «Alem.ai» негізінде Арменияның «TUMO Astana» халықаралық білім беру орталығы ашылады» деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланыстар туралы да айтты.
«Біз білім және ғылым саласындағы қарым-қатынасты дамыту жолдарын талқыладық. Студент алмасу үшін үкіметаралық келісімге қол қоюдың маңыздылығын атап өттік. Екі елдің денсаулық сақтау саласындағы әлеуетін ескере отырып, алдағы жылдары Қазақстанның Армениядағы, Арменияның Қазақстандағы медицина күндерін өткізуге келістік. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы өзара байланыстар туралы пікір алмастық. Былтыр Астанада Армения мәдениетінің күндері өткенін білесіздер. Ал биыл Ереванда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылды. Армения астанасында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды. Бүгін елорда көшелерінің біріне ұлы армян ағартушысы Месроп Маштоцтың есімі берілді. Осындай бастамалар халықтарымыздың рухани жақындығын көрсетеді. Бұл – елдеріміздің ұлт перзенттеріне деген шынайы құрметінің көрінісі» деді Президент.
Қазақстан Президенті Армения және Әзербайжан арасындағы ұзақ жылға созылған түйткілді реттеу ісіндегі Никол Пашинянның тарихи миссиясын атап өтіп, оның Оңтүстік Кавказда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы батыл қадамына, көреген саясаты мен күш-жігеріне жоғары баға берді.
Никол Пашинян армян тарапы ынтымақтастықтың барлық бағытын кеңейтуге дайын екенін растады.
«Қазақстан – біз үшін өте маңызды ел. Өйткені сын сәтінде Армения мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлері Алматыда кездесті. Бұл біз үшін өте маңызды болатын. Армения мен Әзербайжандағы бейбітшіліктің Алматы декларациясына негізделетіні баршаға мәлім. Оның саяси және символдық мәні зор. Осы ресми сапарымның нәтижесінде Армения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне қуаныштымын. Бұл өңірдегі ықпалдастықтың жаңа дәрежеге жеткенін көрсетеді» деді Армения Премьер-министрі.



