Қала мен сала

Бірегейлікті қалай сақтаймыз?

 Қазіргі цифрлық дәуірде ұлттық бірегейлікті қалай сақтаймыз? Amanat партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы осы мәселеге арналды.

Осы жолғы жиын Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейде өтті. Бұл бекер емес. Отырыста негізгі баяндаманы жасаған тарихшы, этнолог, салт-дәстүріміз бен қазақы құндылықтарды дәріптейтін «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры Тұрар Шәкен осы білім ошағында бар жабдығымен киіз үйді құрып қойды. Ол кеңес мүшелерін күмбірлеген күймен қарсы алып, осы киіз үймен, ұлттық нақыштағы бұйымдар қойыл­ған көрмемен таныстырды.

Отырысты ашқан аталмыш кеңес төрағасы Серікзат Дүйсенғазы талқыланғалы тұрған тақырыптың мән-маңызына тоқталды. Amanat партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек бұл партия ұлттық құндылықтарды ұлық­тауды бір бағыт етіп алғанын, мәселен, елордадағы тұрғын үй кешендерінің атауларын қазақыландыру, қала көшелеріне қазақы атаулар мен белгілі тұлғалардың аттарын беру, көшенің бірін көрнекті ақын Несіпбек Айтұлының есімімен атау секілді мәселелерді Amanat-тың астаналық филиалы көтергенін, тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мемлекет басшысының Жолдауындағы цифрландыру, жасанды интеллект мәселелері бойынша берген тапсырмалардың орындалуына тоқталды.

«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры Тұрар Шәкен қазақы құндылықтарды насихаттаймын деп кейінгі жылдары елордадағы 100-ден астам мектепке, 80-нен аса балабақшаға барғанын айта келе, қазір туындап жатқан мәселелерді жеткізді. Әсіресе, бұл жастардың тәрбиесіне қатысты болып отыр. Мәселен, жуырда Threads деген әлеуметтік желіде қаракөз қыздарымыз қазақы құндылық қажет емес деп жар салған. Соны оқығанда шошығанын айтқан спикер ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, дәріптейтін қазақ орталығын ашу керектігін жеткізді. «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жұмысын мемлекеттік органдардың қолдау мәселесін көтерді.

Осы ұйымды Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив басқармасы қолдап келді. Мысалы, аталмыш басқарманың қолдауымен «Қара шаңырақ» «Қазағымның дәстүрлері-ай» сынды іс-шараны, басқа да түрлі байқауларды өткізді. Осыны айтқан аталмыш басқарманың бөлім басшысы Нұрзила Қасқа­таева мекеме бір ұйымды үнемі қолдай берсе, бұл жемқорлық болып көрінетінін, сондықтан соңғы 1,5 жыл көлемінде «Қара шаңырақты» қолдау тоқтағанын, мекеме тиісті заңға сәйкес қоғамдық бірлестіктермен жұмыс істеп жатқанын жеткізді. «Қара шаңырақ» басшылығына заңға сәйкес конкурстарға қатысу туралы айтылғанын атап өтті. Тұрар Сәттарқызына қазіргі заманға сәйкес дә­рістерін TikTok секілді әлеуметтік желілерге жүктеуді ұсынды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау орталы­ғын «Жанұя» орталығының жанынан ашуға болады деген ойын айтты.

Ақын, сыншы Сұраған Рахметұлы қазақы құндылықтарды цифрландыру дәуіріндегі жаңа технологиялармен байланыстыру керектігі жөнінде пікірін жеткізді. «Miras» қоғамдық кеңесінің мүшелері Яннат Асхатқызы, Қабиден Қуанышбай, Баһаргүл Төлеген тиісті мәселе бойынша көзқарасын айтты. Осы кеңес төрағасы Серікзат Дүйсенғазы ұлттық құндылық мәселесін Парламент Мәжілісінде депутат Ринат Зайытов көтергенін, осы бағыттағы біраз мәселені бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тетігі арқылы шешуге болатынын атап өтті.

Отырысты түйіндеген Amanat партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек бұл партияның қазақы құндылықтарға қатысты «Ұлттық мұра» бағдарламасы барын айта келе, жалпы ұлтқа қатыс­ты мәселелерді шешуге барша мекеме бір жұдырық болып жұмылу керектігін, соның ішінде елорданың Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ғана емес, Мәдениет, Білім, Жастар саясаты мәселелері басқар­малары да атсалысу керектігін жеткізді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button