Шеткі аймақтар ескерусіз қалмайды

Студенттер жатақханасынан тапшылық жоқ
Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраевтың мәлімдеуінше, осы жылдың басында бас қалада ресми статистика мәліметі бойынша жастар саны 480 мың адамнан асты. Бірақ бұл басқарма жасырын көші-қонды есепке алғанда олардың саны 500 мыңнан асты деп есептеп отыр.
– Қазіргі таңда елордада 20 жоғары оқу орны жұмыс істеп жатыр. Студенттер саны – 105 мың адам. Олардың 73 мыңы – елдің басқа өңірлерінен келіп оқып жатқандар, 4500-і – шетелдіктер. Студенттерді жатақханамен қамту үшін студенттер жатақханасы құрылысымен айналысатын фронт-кеңсе ашылған. Бүгінге дейін 100-ден астам инвесторға кеңес беріліп, 50-ге жуық инвест-келісімшартқа қол қойылды. 2023 жылдан бері 8779 орындық 17 жатақхана салынды. Атап айтқанда, биыл 6 жатақхана бой көтерді. Жылдың аяғына дейін тағы 2 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. Соның ішінде инклюзиялық білімді қажет ететін студенттерді қолдауға арналған жатақханада бос орындар бар. Жалпы осы жылы студенттер жатақханаларында орын тапшылығы жоқ, – деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.

Шеткі аймақтарда 10 аула клубы жұмыс істейді
Оның айтуынша, жастар мәселесімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік аясында Жастар сарайында бөлмелер берілген. Соның бірі «Қазақстанның КТК одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің коворкингі жұмысына арналған. Бұған қоса, волонтерлік қозғалысты қолдау шаралары қолға алынған. Әскери-тарихи музейге балалар мен жасөспірімдердің «Жас сарбаз» республикалық ұйымының Астана қалалық филиалы орналасты. Сондай-ақ Мичурин тұрғын алабында «Batyrlar» атты әскери-патриоттық орталық жұмыс істеп жатыр.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы жастар мәселелерімен айналысуда. Бұл орталық 6 мың белсенді волонтердің басын қосқан қалалық волонтерлік штаб қызметін қамтамасыз етіп, қаланың шеткі аймақтарындағы 10 аула клубының жұмысын үйлестіреді, «Замандас» атты 7 коворкинг клубын дамытумен айналысады.
– Сонымен қатар «Астана жастары» орталығы нашақорлық пен лудоманияның алдын алу сынды әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша жұмыс істейді. NEET санатындағы жастар мәселелерімен айналысып, жастардың бастамаларын қолдайды, құқықтық көмек көрсетіп, «Joltap» және «Freelance mumkindik» жобалары арқылы жұмысқа тұрғызуға септеседі, жастар шығармашылығын дамытып, салауатты өмір салтын насихаттайды, – деді Самат Ибраев.

Баяндамашы «Заң мен тәртіп» нарративі мен «Астана – есірткісіз қала» жоспарын іске асыру аясында 200 іс-шара өткенін жеткізді. «Jauap» подкасты іске қосылып, ол жастар арасында танымалдыққа ие болғанын айтты. Жалпы әлеуметтік желілерде 30 бейнеролик жарияланғанын атап өтті.
Қосымша біліммен 62 пайыз қамтылған
Қосымша баяндама жасаған қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев балалар мен жасөспірімдерге қосымша білім беру жұмысы қалай жүргізіліп жатқанымен таныстырды.
– Бұл бағытта 122 филиал мен 8 орталық жұмыс істейді. Жалпы қаламызда қосымша білім беру деңгейі 62 пайызды құрап отыр. Балалардың бос уақытын ұйымдастыру, денсаулығын нығайту бағыттары, соның ішінде олардың спортпен айналысуы мен тәрбие жұмысы – оның маңызды бөлігі. Бүгінгі таңда қалада 875 спорт секциясы бар. Онда 92 мыңнан астам бала спортпен айналысады, – деді Қасымхан Сенғазыев.
Спорт нысандары көбейіп келеді
Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Бекзат Тамшыбай спорт нысандарына қолжетімділік, бұқаралық спортты, балалар-жасөспірімдер спортын дамыту бағыттарындағы жұмыстарға тоқталды.
Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда елорда тұрғындарын спорт инфрақұрылымымен қамтудың орташа деңгейі 37,1%-ды құрайды. Жалпы бас қалада 819 спорт нысаны жұмыс істесе, соның 35-і – ірі кешендер.
– Спорт нысандарының саны жыл сайын өсіп келеді. Бұл, негізінен, жаңа салынған жалпы білім беретін мектептердің спорт залдары мен ашық спорт алаңдарының есебінен қамтамасыз етіледі. Аудан әкімдіктері ішкі аумақтарды абаттандыру бағдарламасы аясында жазық спорт нысандарын салып жатыр. Тұрғындарға дене шынықтырумен жаппай айналысуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында астананың шеткі аудандарында, атап айтқанда, Көктал-2, Өндіріс, Ильинка және Железнодорожный тұрғын алаптарында 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. 2022 жылы қалада Мамандандырылған спорт-медицина орталығы және «Арғымақ» атты жаңа спорттық сауықтыру кешені ашылды. 2024 жылы әлемдік Көшпенділер ойындарын өткізуге дайындық аясында «Қазанат» ипподромы, «Астана Арена» стадионы және «Алау» мұз сарайы қайта жаңғыртудан өтті. Жеке инвестициялар есебінен салынған нысандардың ішінде Sana Sport, QazSwimAcademy және Kodokan Spirit спорт орталықтарын атауға болады, – деді Бекзат Тамшыбай.
Оның айтуынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығында жабық футбол манежі, Alpha Gym және Ozen спорт кешендері, Бекзат Саттарханов атындағы заманауи орталық пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін келесі нысандардың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда: көркем гимнастика залы, Орталық саябақта шаңғы базасы, сондай-ақ қолжетімді ортаны дамытуда маңызды қадам болатын инклюзивтік спорт орталығы. Қазіргі таңда Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион мен «Қазақстан» спорт сарайын қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде.
Спортпен тұрғындардың 41 пайызы айналысады
Бекзат Тамшыбайдың баяндауынша, Астанада жүйелі түрде спортпен 700 мыңнан астам адам немесе тұрғындардың 41 пайызы айналысады. Бұл көрсеткішті осы жыл аяқталғанға дейін 42 пайызға жеткізу көзделген.
Қалалық деңгейде жүзеге асатын тегін жобалар мен бағдарламаларға тоқталған ол «Aulafit», «Астана – есірткісіз қала», «Funny sport» жобаларын, йога және скандинавия жүрісінен тегін жаттығуларды атап өтті.
Басқарма басшысының орынбасары аталмыш ведомство құрамында 19 бағынысты ұйым барын айта келе, соның ішінде 10 спорт мектебі барын жеткізді. Жалпы алғанда, 8769 оқушы баратын бұл мектептерде 59 спорт түрі дамытылады. Соның 40-ы – олимпиадалық спорт түрлері.
Сондай-ақ отырыста елорда бюджетінің кіріс бөлігін толықтыру бағытындағы жұмыс барысы баяндалды. Туындаған қажеттілікке байланысты қоғамдық көліктің әлеуметтік маңызды бағдарлар тізімін кеңейту, елорданың барлық білім беру ұйымында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитындарға қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру бойынша қалалық мәслихат шешіміне өзгеріс енгізу, үй жануарларын серуендетуге тыйым салынған орындарды қаулымен бекіту мәселелері қаралды. Қоғамдық кеңес мүшелері тиісті мәселелер бойынша сауалдарды қойып, ұсыныстар мен пікірлерін жеткізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



