Мұғалім атына лайық па?

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халықпыз. Қай қоғамда болмасын ұстаз мәртебесі әрдайым ерекше болған. Ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мұғалімнің сөзі тек сабақта ғана емес, өмірде де үлгі болуға тиіс. Сол себептен мұғалімнің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, сөзі мен іс-әрекеті әрдайым жауапкершілікке толы. Ендеше бүгінгі мұғалім қандай болуы керек, олар өз атына лайық па деген сұрақтар төңірегінде жауап іздеп көрелік.
Жыл басында ҚР Оқу-ағарту министрлігі «2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарында педагогтар саны 412 мыңға жетті, бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 14 мыңға көбейгенін көрсетеді» деп мәлімдеген болатын. Министрліктің мәліметінше, педагогтарды жұмысқа қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіш Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында тіркелген. Бүгінде еліміздегі мұғалімдердің 73%-ы жоғары біліктілік санатына ие. Сондай-ақ Президенттің бастамасымен биыл алғаш рет бірден екі мұғалімге «Еңбек Ері» атағы берілді. Тағы 36 мұғалім мемлекеттік наградалармен марапатталып, 64-і «Үздік педагог» деп танылды. Олардың барлығы мемлекеттен 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 3,5 миллион теңгеден астам сыйақы алған.
Астанада жаңа оқу жылында 29251 (мемлекеттік – 21033) педагог жұмыс істейді. Оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдарда (балабақшаларда) – 6179 қызметкер, оның 2922-сі мемлекеттік балабақшаларда еңбек етеді. Орта білім беру ұйымдарында (мектептерде) – 19678 қызметкер, соның ішінде 15417-сі мемлекеттік мектептерде жұмыс істейді. Арнайы білім беру ұйымдарында – 767 қызметкер. Қосымша білім беру ұйымдарында (үйірмелер, орталықтар және т. б.) – 949 қызметкер. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында (колледждерде) – 1678 қызметкер, оның 978-і мемлекеттік колледждерде еңбек етеді.

Қаншасы біліктіліктен өтуде?
Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» ҚР заңының 18-бабына сәйкес, педагог өзінің кәсіптік құзыретін қолдау және дамыту мақсатында білігін арттыру курстарынан өтеді. Педагог алған білімін практикада қолдануы үшін біліктілікті арттыру ұйымдары курстан кейінгі қолдауды уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тегін жүзеге асырады әрі 3 жылда бір реттен сиретпей білігін арттыруға құқылы. Сондықтан елордалық білім беру ұйымдарының педагогтары да белгіленген жоспарға сәйкес өз уақытында біліктілікті арттыру курсынан өтеді.
– Биыл біліктілікті арттыру курсынан 4199 педагог өтіп жатыр. «Педагогтарды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» ҚР БҒМ-нің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығына сәйкес, олар әр 5 жыл сайын біліктілік деңгейін айқындау мақсатында аттестаттаудан өтеді. Аттестаттау нәтижелері бойынша педагогтарға біліктілік санаты беріледі. Аттестаттау аясында педагогтардың білімін бағалау (тестілеу) жүргізіледі. Ағымдағы жылы 4177 педагог аттестаттау рәсімінен өтіп, тиісті біліктілік санаттарын алды. Бұл мәселе басқарманың тұрақты бақылауында, – дейді Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Бекарыс Мұсахан.
Қазіргі ұстаз қандай болуы керек?
Қоғамда мұғалімдердің жалақысы, олардың балаға тәрбие берудегі мінездемесі мен тұрмыстағы өздерінің этикасы турасында көптеген сын-пікір айтылады.
– Бұрын балалар «мұғалім келе жатыр» дегенде сәлем беріп, орнынан тік тұратын. Мұғалім сөзі тәртіп пен тектіліктің синонимі еді. Ол кісілердің өзі жүрген жерде әдеп пен үлгі, сабыр мен парасат тұратын. Оқушы тұрмақ, ересек адам да ұстаздан именетін. Ал қазір бұл қадірдің біртіндеп бәсеңдеп бара жатқаны қынжылтады. Әрине, жалақы өсті, жағдай жақсарды – ол қуанышты жағдай. Бірақ сонымен бірге ұстаздықтың ішкі мәдениеті мен жауапкершілік жүгі жеңілдеп бара жатқандай көрінеді. Кешкілік кафелер мен түнгі клубтарға барсаңыз, көңіл көтеріп отырғандардың арасында да мұғалімдер мен колледж студенттерін жиі кездестіресіз. Әрине, әркімнің жеке өмірі бар, демалуға да құқығы бар. Бірақ мәселе – қай жерде, қалай демалып жүргенінде. Кейде темекі тартып тұрған немесе орынсыз жағдайда отырған мұғалімдерді көргенде еріксіз ойланасың. Өйткені ұстаз жай ғана маман емес, ол – қоғамның үлгі тұтар тұлғасы. Мұғалімнің әр ісі, әр қадамы – оқушыға сабақ. Ал егер сол ұстаздың өзі мәдениетсіздікке жол берсе, оның шәкірті кімнен тәрбие алады? Ұстаз мектеп табалдырығынан шыққанда да мұғалім болып қала береді. Өйткені ол – ұлттың рухани сәулетшісі. Мұғалімнің абыройы оның сабағында ғана емес, мінез-құлқында, жүріс-тұрысында, сөзі мен киімінде көрінеді. Кеше ғана «мұғалім келе жатыр» деп тынышталып қалатын балалар енді сол ұстазын көшеде даурығып отырған жерінен көрсе қандай әсер алады? Әрине, мұғалім де адам, оның да көңіл күйі, өмірі, уайымы бар. Бірақ ұстаздық – тек жұмыс емес, өмірлік миссия. Ол кәсіби этиканы сақтағанда ғана қоғамның сенімін ақтай алады, – дейді астаналық тұрғын Гүлзина Әбдіүміт.
Шынында, бұрын «мұғалім» деген сөздің өзі ерекше бір құрметтің, биік абыройдың символы болатын. Мұғалім кірген жерде оқушы былай тұрсын, ауылдың үлкені де, кішісі де бір сәтте жинақы қалыпқа түсіп, әдептен озбайтын. Өйткені ол кезде ұстазды сыйлау тәрбие көрген адамның табиғи қасиетінің бірі еді. Соған орай мұғалімдерге қойылған талап та өте биік болды. Мұғалім өзін-өзі ұстау мәдениетімен, киім киісінен бастап сөйлеу әдебіне дейін жұртқа үлгі-тін. Ал қазіргілерді кім қадағалайды?
Әдебін бақылайтын адам бар ма?
– Педагогикалық әдеп – білім беру ұйымдарының педагогтары басшылыққа алатын қағидаттар мен нормалардың жиынтығы. Педагогтардың педагогикалық әдепті сақтау мәселелерін қарайтын алқалы орган – білім беру ұйымдарындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес. Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес барлық білім беру ұйымында құрылады. Кеңестің негізгі міндеттері: педагогикалық әдептің бұзылуына мониторинг жүргізу, профилактика және алдын алу шараларын жүзеге асыру; білім беру ұйымы ұжымындағы адамгершілік-психологиялық ахуалды жақсартуға ықпал ету; педагогикалық әдептің бұзылуына байланысты даулы жағдайларды реттеу; педагогтардың жауапкершілігі туралы мәселені жан-жақты, толық және объективті қарау үшін мән-жағдайды зеттеу; педагогикалық әдептің бұзылуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды қарастырып, олардың негізінде білім беру ұйымының басшысына ұсынымдар әзірлеу. «Педагогикалық әдептің кейбір мәселелері туралы» ҚР БҒМ-нің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығына сәйкес, педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидаларына сай Астана қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жанынан қалалық педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес жұмыс істейді. 2024 және 2025 жылдары жеке басының тәртібін, қызметтік этиканы немесе педагогикалық әдеп нормаларын бұзғаны үшін жұмыстан босатылған педагогтар тіркелген жоқ, – дейді Б.Мұсахан.
Жас мұғалімге не керек?
Албина Жандарбекова – Астана қаласындағы №111 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Оның педагогикалық еңбек өтілі – 4 жыл. Осы жылдар ішінде ол ұстаздық мамандықтың жай ғана кәсіп емес, үлкен жауапкершілік пен жан қалауын қажет ететін өмірлік ұстаным екенін терең түсінген.
– Мұғалімнің кәсіби дамуы, ең алдымен, оның өзін-өзі біліммен толықтырып, ізденіс үстінде болуына байланысты. Алайда бұл үдерістің табысты болуы үшін ең бастысы жұмыс істейтін ортаның қолайлығы мен қолдауы қажет. Өкінішке қарай, кейде мұғалімдер қоғамнан, ата-анадан, әкімшіліктен немесе өз әріптестері тарапынан тиісті қолдау таба бермейді. Ал мұғалімге сенім артылған жерде ғана шабыт туады, ал шабыт болған жерде нәтиже де болады, – дейді жас маман.
Шынында, бүгінгі таңда ұстаздық жолды таңдаған жастар қатары аз емес. Алайда олардың қатары көп өтпей сиреп кетуінің де өзіндік себептері жоқ емес дейді жас ұстаз.
– Өкінішке қарай, өз жұмысын осы салада бастаған ұстаздар 4-5 жыл қызмет еткеннен кейін басқа салаға ауысып жатады. Мұның да өзіндік себебі бар. Кейде мұғалімге, өзінің негізгі қызметінен бөлек, түрлі іс-шараға, артық жұмысқа қатысуға тура келеді. Кейде мұғалімнен білім беруден гөрі ұйымдастыру, тіпті би билеу немесе концерт өткізу сияқты міндеттерді орындауды талап етеді. Бұл жағдай педагогтың кәсіби дамуына, өз ісіне адал болуына кедергі келтіреді. Мұндай жағдай бұрын менің де басымнан өткен. Ал қазір астанадағы білім ордасына ауысқалы ондай міндеттемеден арылғандай болдым. Мұнда бастысы жас маманға қолдау көп, – дейді ол.
Қазіргі балалар бұрынғы буыннан өзгеше. Ақпарат дәуірі өкілдерінің ойы еркін, сезімтал және батыл. Кішкентай ғана сөз, аз ғана назар аудармау олардың ішкі әлеміне қатты әсер етуі мүмкін. Сол себепті қазіргі мұғалім ең алдымен тыңдаушы, демеуші және бағыт беруші болуы тиіс.
– Балаға сену – ең үлкен күш. Егер сен оған сенсең, ол да өзіне сенуді үйренеді. Сенім мен сүйіспеншілік болған жерде ғана нағыз білім мен тәрбие қалыптасады, – дейді Албина Жандарбекова.
Иә, нағыз мұғалім атына сай болу өз ісіне сүйіспеншілікпен қарап, әр оқушының болашағына шын жанашырлық таныта білуде болса керек.
Бұрынғылар не айтады?
Бүгінгі ұстаз – тек пән үйретуші емес, баланың тұлға болып қалыптасуына бағыт-бағдар беруші тұлға. Сондықтан заман талабына сай түрлі цифрлық технологияны еркін меңгеріп, сабақты жаңаша форматта өткізіп, оқушының қызығушылығын арттыра білуі қажет екенін айтады педагогтар.
– Тәуелсіздік алғалы бері еліміздің білім саласында үлкен өзгерістер болып жатыр. Жаңа мектептер ашылып, заманауи технологиялар енгізілуде. Қазір сабақтарда түрлі цифрлық құралдар, инновациялық әдістер қолданылады. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біздің кезіміздегі білім беру жүйесі бірізді, талап пен тәртіп қатал болатын. Оқулықтар арнайы сараптамадан өтіп, бекітілген бағдарлама негізінде ғана қолданылатын. Мұғалімнің басты мақсаты баланы адам етіп тәрбиелеу, содан кейін ғана білім беру еді. Қазір технология дамып, жаңа әдістер пайда болғанмен, дәстүрлі білімнің құндылығы жойылмауы тиіс. Себебі дәстүрлі оқыту дегеніміз – тәрбие мен адамгершілік негізі. Ұстаз жаңа технологияны меңгердік екен деп сол түп негізден, яғни ұлттық тәрбиеден, рухани бағыттан алыстап кетпеуі керек. Нағыз ұстаз қандай заман болмасын баланың бойына ізгілік пен еңбекқорлықты сіңіре білуі тиіс. Тәрбие мен тәртіп бар жерде ғана білім өз жемісін береді, – дейді зейнеткер-педагог Маржан Пірімбетова.
P.S: Мұғалімнің мәртебесі тек жалақы немесе әлеуметтік жағдайға байланысты емес, ол қоғамның сенімі мен шәкірт жүрегіндегі құрметтен туындайды. Сондықтан ұстаз әрқашан үлгі болып, өз іс-әрекетімен қоғамға бағыт көрсетіп, шәкірт тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Шапағат ӘБДІР



