Қысқы демалыста қайда баруға болады?

Туризм және спорт министрлігі отандық және шетелдік қонақтарға арналған қысқы демалысқа баруға тұрарлық үздік 7 бағытты ұсынады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Риддер, Шығыс Қазақстан облысы – Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы
Риддер – қыста ерекше сұлулыққа бөленетін Алтай тауларының інжу-маржаны. Қалың шыршалы тайга, ақ қарға оранған тау бөктерлері мен әсем тыныштық бұл аймақты қысқы демалысқа тамаша мекенге айналдырады.
Қызмет түрлері: тау шаңғысы, фрирайд, сноуборд, қысқы хайкинг, фототурлар.
Ерекшелігі: Батыс Алтай қорығы қыста ерекше сәнге еніп, табиғаты көз тартады. Бұл өңір экотуризмнің нағыз орталығына айналады.
Толығырақ: @visiteastkz
Катонқарағай ұлттық табиғи паркі
Қазақстандағы ең ірі ұлттық парктердің бірі Катонқарағай қыста мүлде бөлек бір атмосфераға енеді.
Несімен танымал: Берел қорғаны, Рахман қайнары, Қаракөл көлі, мұзды шыңдар және қалың қарағайлы ормандар.
Қыста: қар жамылған тау шатқалдары, тұмшаланған тыныштық және таза ауа туристер үшін ерекше демалыс сыйлайды.
Белсенділік: экотурлар, хайкинг, табиғатта фото-жорықтар.
Толығырақ: @katonkaragay_nationalpark
Алматы қаласы – тау шаңғы және қысқы спорт орталығы
Алматы – Қазақстанның қысқы туризмімен танымал ірі орталық.
Шымбұлақ – Орталық Азиядағы ең әйгілі тау шаңғы курорты, түрлі деңгейдегі трассалармен жабдықталған.
Артықшылығы: қала орталығынан тауға небәрі 20-30 минутта жетуге болады.
Толығырақ: @visitalmatykz
Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі
Қыста ерекше сұлулыққа бөленетін Бурабай – отбасылық демалыс үшін таптырмас орын.
Нені көруге болады: Оқжетпес, Бурабай көлі, қарағайлы ормандардың қарға оранған көрінісі, тыныш әрі таза ауа, жайлы демалыс базалары бұл аймақты жылдың суық мезгілінде де сұранысқа ие етеді.
Белсенділік: шаңғы, коньки тебу, қысқы серуендер.
Толығырақ: @visitaqmola
Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Шалқар-Имантау көлдері, қайың тоғайлары
Бұл аймақ – қысқы романтика мен тыныштықты бағалайтындар үшін таптырмас орын.
Ерекшелігі: ақ қарға оранған қайың тоғайлары, таза көлдер, тыныш экожүйе.
Қысқы белсенділік: қарлы орман ішіндегі серуен, қысқы балық аулау, табиғат аясындағы фотосессиялар, тыныш экодемалыс.
Толығырақ: @visitsko
Жоңғар Алатауы – Жетісу өңірі
Жоңғар Алатауы – Қазақстанның жас әрі әлеуеті жоғары экотуристік бағыты.
Несімен танымал: биік тау жоталары, қарлы асулар, жабайы табиғат көріністері.
Бұл аймақ фрирайд әуесқойлары, қысқы жорық жасаушылар және табиғат зерттеушілері үшін қолайлы.
Артықшылығы: шытырман оқиғалар туризмі, табиғаттың алғашқы күйінде сақталған аймақ.
Толығырақ: @visitzhetysu
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі
Қыста Баянауыл ерекше тылсым бейнеге енеді.
Белгілі нысандар: Жасыбай көлі, Қоңыр әулие үңгірі, Ботакөз шатқалы, Торайғыр көлі.
Қар жамылған тау жоталары мен орман массивтері бұл аймақты қысқы фототуризмнің сүйікті нүктесіне айналдырады.
Белсенділік: шаңғы тебу, экотурлар, табиғатта фото-жорықтар.
Толығырақ: @visit_pavlodar.obl



