Екіжақты ықпалдастыққа серпін беретін сапар

Кеше Астанаға Эстония Президенті Алар Карис мемлекеттік сапармен келді. Ақордада мемлекеттер басшылары жоғары деңгейде келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастық келешегін талқылады. Алдымен Ақордада Эстония Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Тараптар бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Бұдан кейін екі елдің әнұрандары шырқалды.
Одан кейін Қазақстан мен Эстония президенттері келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Эстония еліміздің стратегиялық серіктесі екенін атап айтты.
«Президент мырза, Сізді елімізде мемлекеттік сапармен қарсы алғаныма қуаныштымын. Эстония – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Біз эстон халқының тарихына, дәстүріне және мәдениетіне құрметпен қараймыз. Екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттеріміз арасында түйткілді мәселе жоқ. Дегенмен өзара ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор. Оны ілгерілете беруіміз керек. Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты ықпалдастығымыз бен достық байланыстарымызға тың серпін береді деп сенемін. Сауда саласында түрлі кедергілер бар екенін білеміз. Бірақ бұл бағыттағы бірлескен жұмыс алға жылжып келеді. Қазақстан Эстонияның теңіз порттарын пайдалануға, сауда-саттық көлемін арттыруға ниетті. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі және басқа да құрылымдар шеңберіндегі сындарлы ықпалдастықты өрістетуге мүдделіміз. Осы сапардың нәтижесінде мәдени байланыстарымыз да өркендей түседі деп үміттенемін» деді Қазақстан Президенті.
Ал Эстония Президенті Алар Карис екі ел ынтымақтастығының келешегі жарқын боларына сенім білдірді.
«Біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы деңгейде. Әлбетте, кейбір кедергілер бар, бірақ оны еңсеруге болады. Кейде біз түйткілдердің оңай шешілетінін аңғара бермейміз. Бизнес өкілдері қазірдің өзінде іскерлік қатынастар мәселесін талқылап жатыр. Бірнеше кездесу жоспарланған. Өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылмақ, бірқатар бастамаларды іске асыратын боламыз. Сондықтан келешегіміз жарқын екеніне сенімдімін. Жаңа байланыстарымыз өзара ынтымақтастығымызды нығайтуға көмектеседі деп үміттенемін. Әрине, әлемдегі геосаяси ахуал тұрақсыз болып тұр. Дегенмен барлық проблеманы бірлесіп шешуіміз керек. Сіз БҰҰ туралы айттыңыз. Бұл – өте маңызды ұйым. Әлемде қақтығыстар мен соғыстар мейлінше аз болуы үшін ұйымға біршама реформа жасау қажет» деді Алар Карис.
ЕО-дағы маңызды әріптесіміз
Қазақстан Эстонияны Балтық өңіріндегі, сондай-ақ жалпы Еуропалық Одақтағы өте маңызды әріптес ретінде қарастырады. Бұл туралы Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Эстония Президенті Алар Кариспен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
«Қазақстан Эстонияны Балтық өңіріндегі, сондай-ақ жалпы Еуропалық Одақтағы өте маңызды әріптес ретінде қарастырады. Шынымен де, инновациялық және өркендеген мемлекет құру жолындағы Эстонияның заманауи жетістіктері айтарлықтай әсерлі және аса маңызды. Эстония цифрлық басқаруда көшбасшы әрі цифрлық мемлекет, цифрлық үкімет, цифрлық қоғам, ашықтық, транспаренттік, тиімділік пен азаматтардың жалпы қатысуын қалыптастырудың жарқын әрі табысты үлгісі саналады. Біз Эстонияның заң үстемдігіне, білім беруді дамытуға және тұрақты дамуға деген тұрақты бейілділігін де жоғары бағалаймыз. Қарқынды дамып келе жатқан халықтарымыз еуропалық аренада елеулі дауысқа ие және бейбітшілікті, инновацияларды әрі жалпы адамзаттың ұжымдық ілгерілеуін дамытуға адал» деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Эстония барлық қызмет саласында берік әріптестік орнатқанын, дамуы да өте жақсы екенін айтты.
«Біз ашық әрі нәтижелі саяси диалогты, сондай-ақ өзара түсіністік нығайтуда маңызды рөл атқаратын парламенттік топтарымыз арасындағы тығыз байланыстарды күтеміз. Сондай-ақ Эстония тарапының Қазақстанның реформалар күн тәртібіне тұрақты қолдау көрсетуін бағалаймыз әрі халықаралық ұйымдарда сындарлы ынтымақтастықты жалғастыра береміз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Эстон компанияларын қолдайды
Елордада Қазақстан-Эстония бизнес-форумы өтеді. Бұл туралы Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Эстония Президенті Алар Кариспен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
«Экономикалық ынтымақтастық – серіктестігіміздің негізгі бағыттарының бірі. Сауда айналымымыздың аздаған төмендеуіне қарамастан біз үмітпен қарап, сауда-экономикалық көрсеткіштерімізді екі есеге арттыруды және экономикалық қатынасымызды нығайтуды күтеміз. Бүгінде 80-нен астам эстон компаниясы Қазақстанда, әсіресе, логистика, пошта қызметтері және самокат көлігін жалға беру салаларында табысты жұмыс істеп жатыр. Сіздің делегацияңызда бизнес өкілдіктерінің болуы елімізбен әріптестікке деген терең қызығушылықты көрсетеді. Ал біз өз тарапымыздан компанияларыңызға қолдау көрсетуге дайынбыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан-Эстония бизнес-форумы ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа серіктестікке жол ашады деп үміттенетінін айтты.
«Бизнес-форум аясында ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауды жоспарлап отырмыз. Қазақстан эстон инвесторларына цифрлық инновациялар, көлік, логистика, энергетика, сирек минералдар, ілгері өндіріс, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға инвестиция салу үшін ашық, болжамды және қолайлы жағдайлар ұсынуға дайын» деді Президент.



