Жоғымызды түгендейік

«Бір жоқ екінші жоқты табады» дегендей, «Ақмола ақиқаты» газетінің тігінділерін ақтарып отырып, осы өңірден шыққан жазушы Қажымұрат Рахимовтың 1994 жылы газетке басылған мақаласы көзімізге түсті. Автор сұңқар ақынның Ақмоладағы іздерін саралай келе, бүгінгі зерттеушілердің де қаперінде жүретін мол мәліметтерді жазыпты.
Бізге белгілі деректер бойынша 1923 жылы Ақмолада өлкетану музейі ашылған екен. Ол туралы: «Бір жыл бойы Ақмоланың өлкетану музейіне аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Сол кезде бұл мұражай Қазақстандағы ірі мұражайлардың бірі саналатын. Онда Ақмоланың тарихына байланысты этнографиялық археологиялық, революцияға дейінгі, кейінгі мол тарихи материалдар жинақтаулы еді. Қазір сол материалдардың көпшілігі құрып кетті деп естимін. Себебі 1954 жылы тың жерлер игеріле бастағанда, «Ақмола өңірінің тарихы тек қана тың игеруден басталады» деген дақпыртпен хрущевтік лаңның құрбанына айналып жойылып кеткен екен» деп еске алады. Сол жылдары Софья Иосифовна Лурье деген кісі музейдің директоры болыпты.
«Ақмола ақиқатындағы» шағын мақалада Семеновтың жеке жазбаларындағы Қорғалжын көтерілісіне қатысты құжаттарды, Геннадий Негаев пен оның әкесі Николайдың естеліктері туралы айтады. Бұлар Ақмоланың төңкеріс кезеңінен хабардар ететін құжаттар болуы ықтимал. Мүмкіндігі болса, бұл деректерді архивтерден іздестіріп көрген жөн болар.
Тарихтың тәлкегі ме, кім білсін, Ақмола елорда болғанда да бұрынғы Ақмола-Целиноградтың тарихын елемей, барлық назар жаңа астанаға ауған еді. Соның салдарынан бүгінде осы өңірдің өлкетану музейінің ізін таба алмай қалғанбыз. Енді мұның Сәкенге қандай қатысы бар дегенде айтарымыз, ең алдымен, автор – Сәкеннің өмірін зерттеген жазушы. Ал Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы төңкеріс кезіндегі Ақмоламен тікелей байланысты. «Оның алғаш рет Совдепке сайланып, содан кейін оқу-ағарту комиссары болып қызмет істеген жері – қазіргі Ардагерлердің ауруханасы, кезінде әскер үйі болған Тың игерушілер сарайының қарсы алдындағы бұрыштағы ақ үй, Сәкен жүрген іздерді толықтырады. Қазіргі Абай, бұрынғы Ленин ескерткіші тұрған жердегі Калпиннің үйінде тұрса, қазіргі милиция үйі – бұрынғы кітапхана ойын-сауық көрсететін орын болған» дейді. Мұның бәрін қаламыздағы Сәкеннің мұражайы қызметкерлеріне белгілі болар, алайда осы жолдарды жаза отырып, Ақмоланың талай шежіресі қалтарыста қалды-ау деп ойлаймыз. Бұл – «Ақмола ақиқаты» газеті авторының бірі Қажымұрат Рахимовтың бір жазбасы ғана. Елге-жерге байланысты бұдан басқа да тың деректер іздеймін деген талаптыға мәлімет жеткілікті. Алайда біздің айтпағымыз – Ақмола өлкетану музейінің аса қажеттігі. Әлі де кеш емес. Ақмола тарихын білетін адамдардың барында шашырап кеткен жәдігерлерімізді жинайық, жоғымызды түгендейік!
Айгүл УАЙС



