Қоғам

Ақиқаттан аспаған Аужекең еді

Көңілдің көкжиегін мұңдар басқан,

Бұл жалған опасыз ғой әуел бастан.  

Бүгінде қабырғамыз қайысқандай,

Айырылып жақсы достан бала жастан.

 

Астанада бір бәйтерек құлағандай,

Егіліп Есіл-Нұра жылағандай.

Қорғалжын жалбарынып жаратқанға

Төлінің пенделігін кеш деп сұрағандай…

1 қазан күні республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, бірнеше жоғары мемлекеттік ордендер мен төсбелгілердің иегері, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған, 2011 жылы «Қорғалжын ауданының құрметті азаматы» атағы берілген Аманкелді Ыбырай өмірден өтті.

Аманкелді Жұмағұлұлы 1943 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Кеңбидайық ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетін бітіргеннен соң алғаш еңбек жолын Қорғалжын ауданы XXІІ партсъезд атындағы мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болып бастайды. 1967 жылы аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, кейін Сарыөзен кеңшары партия ұйымының хатшысы болып сайланады.

1975 жылы Алматы жоғары партия мектебін тәмамдағаннан кейін он жылдан аса Қорғалжын аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, төрағасы болып қызмет атқарады. 1986 жылы Торғай облысы Қима аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалады.

Негізі Аужекең табиғатынан өте ақкөңіл, достыққа сенімді, шындықты шырылдатып ашық айтатын азамат еді. Ол шығармашылық өнерге жақын, өзі өлең жазып, қазақ халық әндерін тыңдауды ұнататын. 2016 жылы баспадан оның «Заман сырын шерткен Қорғалжын» және «Ел қадірі азаматымен» атты екі кітабы жарық көрді. Басылымның аты айтып тұрғандай, автор Қорғалжын өңірінен шыққан белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, еңбек ерлері, өнер саңлақтары жайлы кеңінен сыр шертеді.

Сондай-ақ егемен еліміздің ертеңіне үлкен сеніммен қарап, кейбір шешілмей жүрген мәселелерді көтеріп, оқырмандарына ой салады. Ең бастысы, бүгінгі күн тынысына тоқталып, көңілге қонымды пікірлер айтып, өз пайымын жеткізеді. Естелік жинағы осынысымен құнды сияқты.

Қайран, жалған дүние-ай! Кеше ғана тай-құлындай бірге ойнап өскен қимас досыңды соңғы бақилық сапарға шығарып салу өте қиын әрі өте өкінішті екен. Қалай ауыр десек те, Аманкелдінің достары марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтады.

«Жақсының аты өлмейді» дейді дана халық. Еліне аянбай еңбек еткен, артында өшпестей із қалдырған, көпшіліктің көңілінен жылы орын алған Аманкелдінің есімі, ақжарқын бейнесі оны білетін барлық жандардың жанында ұзақ сақталары хақ! Досымыз­дың рухы пейіште шалқысын!

Достары атынан

Бименде Қазанғап

Астана қаласы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button