Басты ақпаратРуханият

Ғафу

Ақын ескерткіші алдындағы ой

Жақанның 140 жылдық тойының (Міржақып Дулатов) дақпыртымен ел азаматтары шақырған соң қарт Торғайға бардым. Шақырмаса да бару біздің парызымыз ғой. Беу, дүние-ай, бұл жерден мен мектеп бітіріп кеткелі де 60 жыл болыпты. Бұған дейін де туған жерге талай бардым ғой. Бірақ тап осы жолғыдай қатты толқымаппын. Ішкі жан-дүнием бұлым-бұлым болып небір жайттар еске түсті. Баяғыда «Пионер» деп аталатын көшедегі өзім тұрған әкемнің ағасы Тұрмат атам жатаған үйді адасыңқырап барып таптым. Жарықтық, кейін салған еңселі үйлердің тасасында жабырқап тұрған сияқты, көзге қораштау. Заман ағымнан қалып қойғаны бірден сезіледі. Осы үйде менің алғашқы мақалаларым мен шағын новеллаларым, тырнақалды очерктерім жазылып еді. Қауырсын қанатымды қатайтқан қара шаңырақ!

Аудан орталығында қазақтың ақиық ақыны Ғафу Қайырбековке ағайын-туыстары еңселі ескерткіш орнатты деп естігем. Ақын-депутат, қоғам қайраткері Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты, белгілі мецанат, қоғам қайраткері Берік Бейсенғалиев, қазақ теңгесінің атасы, экономика ғылымдарының докторы Ғалым Байназаров тағы басқа азаматтар барып ақын ескерткішіне тағзым еттік. Ескерткіш-мүсін жақсы, көрікті екен. Жан-жағы абаттандырылып, сырты қоршалыпты.

Есімімен бүтіндей бір ру аталып кеткен Ғафудың бабасы – Мерген батыр кім? Қандай адам, енді сәл-пәл соған тоқтала кетейін. Оның азан шақырып қойған аты – Теңізбай, Мерген лақап аты. Атақты Аңырақай шайқасындағы жоңғарларға қарсы соғыста құралайды көзден атқан мергендік үшін оған осы есім берілген. Ол Арғынның Әйдерке атасынан тарайтын атақты Бабас бидің бәйбішесінен туған. Нағашы жұрты – Ұлы жүз, Албан тайпасы. Мерген батырдың Дулат руынан шыққан Сартұлы Қойгелді батыр­дың апасы Асыл мен кіші жүздің Жаппас руының қызы Кенже деген әйелдерінен Қуандық, Сағындық, Баймыр­за, Босша, Беркінбай, Батыр­бай атты асықтың сақасындай атжалман ұлдар болған. Мерген батыр 1754 жылы қалмақтармен кезекті бір шайқаста ауыр жарақат алып, қайтыс болған. Мүрдесі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Атақты ақын Ғафу осы Мерген батырдың Баймырзадан тарайтын ұрпағы болып есептеледі.

Алпысыншы жылдардың кезеңі болу керек Ғафаңның атақты «Ана туралы жыры» радиодан беріліп елге тарала бастаған шағы. Бір күні шешем Қалкүл сол әнді тыңдап болған соң «Е, Ғафу-ай, ана сүтін ақтаған екен. Қайран Қалимаш мұны естімей кетті-ау» деп мына бір жайды маған айтып берген еді.

Соғысқа дейінгі, одан кейінгі қиыншылық уақыт қой. Қалимаш жеңгемізбен қоржын үйде көрші тұрдық. Ғафу мектепке барып жүрген жас бала. Шұбалаңдағы бастауышқа жаяу қатынап оқиды. Кейін атақты ақын болатынына көрінген шығар, бала қиялшыл, ерекше сезімтал болып өсті. Бір жолы далада шалқасынан жатып көзі ілініп кетсе керек. Оянғанда тас төбесінде ұшып жүрген шағаланы көріп «Аспанда ұшып жүрген ақ шағала, тілге қуат бере гөр хақ тағала» деп ояныпты. Міне, осы өлең жолы бала Ғафудың ақындық ғұмырының бастауы болған сияқты. Зерек, ізденімпаз бала қиссаларды жаттап, өлең қылып айтып бірден көзге түсе бастайды. Өлеңдері ауыздан ауызға тарап аудандық газетте басылады. Ақын өзінің бертінде жазған «Жел қайық» деген кітабында сол кезеңді еске ала отырып, менің ақын, азамат болып қалыптасуыма бірден-бір себеп болған ауданның бірінші хатшысы Дәмен Бекшев деген кісі еді. Ол мені оқы, білім ал, өз ортаңды тап деп самолетке отырғызып, Алматыға жіберіп еді деп жазды.

Ал Алматы – Ғафаңның ақын болып танылған тұлға ретінде қалыптасқан жері. Оның бүкіл саналы ғұмыры осы қалада өтті. Атақ-абыройға бөленді. Халықтың сүйікті ақындарының бірі болып, мемлекеттік сыйлық алды.

Ғафу поэзиясы таңғы шықтай мөлдір, саф алтындай таза, ұйқастары төгіліп, көкейге қона кетеді. Бүкіл мұсылман елдеріне тараған «Ана туралы жырдың» әні бір темппен, бір ырғақпен айтылады. Ал сөзі – өте терең сезімге құралған, адам бойындағы анаға деген махаббатты паш ететін ғажайып құбылыс. «Әлдилеп, аялап өсірген жемісің немесе есейіп кетсем де мен саған сәбимін» деген жолдар өмірдің өзіндей айқын, ұғынықты. Одан кейін ана туралы қаншама өлең жазылды. Бірақ олар Ғафаң жазған жырдың биік шыңына шыға алған жоқ. Бұл ән аналарға арналған гимн болып қабылданды. Кезінде бүкіл Алматы осы әнді айтып оянып, осы әнді айтып ұйықтайтындай сезілетін.

Ғафаң ауызша сөйлегенде алдына жан салмайтын сұңғыла шешен еді. Ол сылдыр су сияқты емес, ойлы, мағыналы, астарлы болып келетін. Мен өзім ертеректе Қостанайда Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш қойғанда, Ақаң мен Жақаң тойында сары Қошқар батырдың асында, Арқалықтағы кейбір жиын тойларда сөйлеген сөздерін өз құлағыммен естідім. Соның бәрінде оның сөздері тасқын су сияқты сөзден сөз туындап, ой ұшқындап, санаң тербетіліп ерекше бір сезімге бөленіп елтіп отыратынсың. Ол суырып салма табан астында тауып айтатын ұшқыр қиялды, от ауызды орақ тілді ақын болатын.

Ақын Қадыр Мырзалының Ғафаң туралы мынадай өлеңі бар.

Көріне ме басқаша көрегенге,

Жан бітетін қалғыған қара еменге

Айналатын Ғафудың сиқырынан

Айналмайтын нәрсенің бәрі өлеңге!

 

Жинап жұртын жыр деген

ту астына

Жарысыңды жарысқа ұластырар

Ақын еді ол шіркін-ай,

Қиналмай-ақ

Екі сөзден бір өлең құрастырар!

 

Толқымайтын жерде де

толқын ақын,

Топ алдында топ жарып

ол тұратын

Қауырт кезде қаңырап

босқа қалған

Бір клубты бір өзі толтыратын!

Еркін сөйлеп, жүретін еркін күліп,

Еркін сөзден сезілер серпінділік!

Қайраң Ғафаң кететін

кетер кезде

Қаралы үйдің өзін де желпіндіріп!

Міне, бұл – ақынға берілген айқын, әділ баға. Оған қойылған мәңгілік поэзия ескерткіші! Ескерткіш дегеннен еске түсті. Алматыда Ғафу мен Шәмші көшесі қатар жатыр. Осыдан сәл ілгерілікте Шәмші ескерткіші бар. Ән тәңірісі өзіне тән еркіндікпен скамейкада аяғын айқастырып қойып жалғыз отыр, жабырқап отыр. Мен ойлаймын, Алматыда ерте ме, кеш пе Ғафуға да бір ескерткіш орнатылар-ау. Сонда көп әуре болмай-ақ оны Шәмшінің жанына отырғыза салып, ту сыртынан қазақ анасының символикалық бейнесін тұрғызса. Оған «Ана туралы жырдың» толық нұсқасын немесе бір-екі куплетін ойып жазса, өте жарасымды болар еді. Ана рухы да, ақын мен ән падишасының рухы да асқақтап, бұрынғыдан да биіктей түсер ме еді?!…

 Серік ШАЙМАН,

Қазақстанның құрметті  журналисі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button