Мүдделер түйіскен тұс

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшыларын «C5+1» форматындағы саммитке шақырды. Бүгін, яғни 6 қарашада Вашингтонда өтетін бұл жиынның басты тақырыбы ашып айтылмағанымен, кездесуде сауда мен инвестиция, маңызды минералдық ресурстар және энергетика саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге басымдық берілетіні анық. Өйткені 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Орталық Азия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас ұзақ уақыт бойы қауіпсіздік мәселесіне негізделіп келсе, енді, шамасы, іскерлік мүддеге қарай бұрылатын сыңайы бар.
«C5+1» форматындағы алқалы жиын осымен екінші мәрте өткелі тұр. Алғашқысы 2023 жылы Нью-Йоркте Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының жиыны кезінде ұйымдастырылды. Оны АҚШ-тың сол кездегі президенті Джо Байден өткізген болатын. Дегенмен, бұл жолғы саммиттің өткен басқосудан мәні де, маңызы да басқаша дейді сарапшылар. Өйткені қазір әлемдік жағдай шиеленісіп, алпауыт елдер арасындағы текетірес күшейді, жаһандық саясатта жаңа блоктық бөліністер айқындалып, жер қойнауындағы байлыққа деген сұраныс пен талас бұрынғыдан да арта түсті. Ал Орталық Азия өңірі болса, уран, мұнай, газ, алтын және түрлі-түсті металдарға бай. Мұндай ресурстар қазіргі геосаяси жағдайда, әсіресе энергия мен өндірістік шикізат тапшылығы байқалып тұрған шақта, әлемдік державалар үшін аса маңызды факторға айналды. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы ресурстық әлеует аймақты әлемдік саясаттың сахнасына шығарып отыр. Өйткені АҚШ үшін де, Қытай мен Ресей үшін де Орталық Азия – экономикалық мүдде мен қауіпсіздік тепе-теңдігін сақтайтын аймақ. Сондықтан «C5+1» форматы шеңберіндегі әр кездесу – тек дипломатиялық әңгіме емес, өңірлік саясаттың жаңа бағыттарын айқындайтын маңызды қадам саналады. Сосын да саммиттің қарсаңында АҚШ президентінің Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серхио Гор Орталық Азия елдеріне сапарлап шықты.
АҚШ «C5+1» форматын не үшін жандандырды?
АҚШ үкіметі аймақтағы бес елмен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту үшін C5+1 платформасын 2015 жылы құрған. Орта Азия аймағы бұрыннан Ресейдің «дәстүрлі ықпал аймағы» саналып келгені белгілі. Алайда Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейін Мәскеудің геосаяси салмағы аз да болса әлсіреді. Осыны тиімді пайдаланып қалуға тырысқан АҚШ аймақ елдерімен байланысын күшейтіп, олардың саясат пен қауіпсіздік саласындағы «тәуелділігін» азайтуға кірісті. Яғни Вашингтонның басты мақсаты – аймақ елдерін Ресейдің ықпалынан алыстатып, дипломатиялық тұрғыдан «тәуелсіз бағыт ұстануға» бейімдеу.
Сонымен қатар, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында Орталық Азияда жүргізіп жатқан инфрақұрылымдық және энергетикалық бастамалары да АҚШ-ты алаңдатып отыр. Бейжің соңғы жылдары аймақтағы теміржол, мұнай-газ құбыры және сауда желілерін белсенді дамытып келеді. Бұған жауап ретінде Вашингтон «экономиканы әртараптандыру» мен «жаңа көлік дәліздері» жобасын ұсыну арқылы Қытайдың экономикалық ықпалына тежеу салуды көздейді. Міне, осы тұрғыдан алғанда, АҚШ-тың «C5+1» форматын жандандырудағы ең үлкен мақсаты – Орталық Азиядағы Ресей мен Қытай ықпалын тежеу болса, келесі көздегені экономика мен энергия қауіпсіздігі үшін балама дәліз құру.
АҚШ қазір Транс-Каспий энергия дәлізіне аса қызығушылық танытып отыр. Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) немесе Орта дәліз Каспий теңізі, Кавказ және Түркия арқылы Орталық Азия мен Еуропаның арасын жалғайды. Автокөлік жолы, теміржол және теңіз жолынан тұратын көлік инфрақұрылымы – Ресей аумағымен өтетін қалыптасқан сауда жолдарының негізгі баламасы. Бұл – аймақ елдеріне ресейлік бағытты пайдаланудан туындайтын геосаяси қатерге ұрынбай, тауарларын экспортқа шығаруға немесе инвестиция тартуға берілген мүмкіндік. Дәліз жаңа нарыққа жол ашу арқылы Орталық Азия елдерінің экономикалық тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, аймақ субъектілерінің көлік шығынын да азайтады. Аталған тасымал бағыты арқылы Каспий теңізін кесіп өтетін көлік бағыттары арқылы Орталық Азияның мұнайы мен газын Ресей аумағын айналып өтіп, тікелей Еуропа нарығына жеткізуге болады. Мұндай жоба Батыстың энергетикалық тәуелсіздігін арттырумен қатар, америкалық компанияларға аймақтың бай табиғи ресурстарына ортақтасуға жол ашады. Вашингтон сонымен бірге аймақ елдеріне «жасыл экономика», «таза энергия» бағыттарында серіктестік орнатуды ұсынуда. Бұл – АҚШ-тың Орталық Азияны Қытай мен Ресейге тәуелді емес, жаһандық жаңа экономикалық тізбекке тарту амалы.
Вашингтон «экстремизммен, есірткі және қару-жарақ саудасымен күрес» ұранын алға тарта отырып, аймақтағы әскери және барлау ықпалын сақтап қалуға да тырысып келеді. Сосын да Америка әскери дайындық, техникамен қамтамасыз ету және кибер қауіпсіздік бойынша серіктестікті нығайтуды ұсынып, аймақ елдерінің күштік құрылымдарымен тығыз байланыс орнатуға күш салуда. Мұның түпкі мақсаты да – Орталық Азия мемлекеттерінің толықтай Ресей мен Қытай орбитасына еніп кетуін болдырмау.
Керегесі кеңейе түседі
АҚШ Кавказ бағытында да белсенді қимылдауда. Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздерге жиі араласып, араағайындық жасауы бекер емес. Бұл да аймақтағы геосаяси тепе-теңдікті өз мүддесіне қарай қайта құрудың тағы бір жоспары болатын. Вашингтон Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт диалогты қолдау арқылы өзін «бейтарап делдал» ретінде көрсеткісі келеді. Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл бастаманың астарында Ресей мен Иран ықпалын әлсірету және аймақтық көлік-энергетикалық жобаларды өз бақылауына алу мақсаты жатыр.
Әзербайжанның географиялық орны – Батыс пен Шығысты байланыстыратын алтын көпір. АҚШ дәл осы артықшылықты пайдаланып, жоғарыда айтқанымыздай, Каспий теңізін кесіп өтетін Транс-Каспий дәлізін Еуропаға жеткізуді көздеп отыр. Дәліздің бір ұшы Қазақстан мен Түрікменстанға, екінші ұшы Әзербайжан арқылы Грузия мен Түркияға, одан әрі Еуропаға шығуы – АҚШ үшін стратегиялық табыс болмақ. Осы арқылы Вашингтон аймақтағы көлік және энергия бағытының негізгі қожайынына айналуды көздейді. Әзербайжан мен Армения басшыларын ақ үйге шақырып, оларды татуластырғанынан кейін екі ел арасындағы әлемге әйгілі Заңгезур дәлізін 100 жылға жалға алуға ниет білдіруінің астарында міне, осындай ұзақ болашақтық жоспар жатыр.
Оның үстіне қазір Әзербайжан да біртіндеп өңірлік процестерге араласа бастады. Әлиев Орталық Азия елдері басшыларының саммиттеріне де бірнеше рет шақырылған. 2025 жылғы тамызда Астанада өткен кездесуде Баку өңірлік бастамалардың негізгі серіктесі деп танылды. Сондықтан осы жолы саммитте Орталық Азиямен бірге Оңтүстік Кавказбен әріптестік көкжиегін кеңейту де талқыға түсуі әбден мүмкін. Екінші сөзбен айтсақ, болашақта «С5+1» форматы «5+3» форматы болып кеңеюі ықтимал. Өйткені Әзербайжан, Армения және Грузия мемлекеттері де Орта дәлізді дамытуда маңызды рөл атқарады. Оған Қазақстан да аса мүдделі.
Көп ел көз тігіп отыр
«Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, соңғы кездері Орталық Азия елдерін ортаға алып өтетін алқалы жиындар көбейді. «Орталық Азия – Ресей», «Орталық Азия – Қытай», «Орталық Азия – Италия», «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиттерінің іркес-тіркес өткені – соның айғағы. Бұл арада Еуроодақтың мүддесі мен АҚШ-тың да өңірдегі мүддесі өзара тоғысатынын айта кеткен жөн.
Кеңес Одағы тарағаннан кейін, 1991 жылы Еуропалық Одақ Орталық Азия елдерімен ресми дипломатиялық қатынас орнатқан алғашқы серіктестердің бірі болды. 1993 жылы іске қосылған ТАСИС (TACIS) бағдарламасы мен 2007 жылы қабылданған Одақтың Орталық Азияға арналған стратегиясы аймақ елдерінің экономикалық және институционалдық дамуына бағыт берді. Бүгінгі таңда Еуропалық Одақ аймақтағы басты сауда және инвестициялық серіктестердің біріне айналды. Тек Қазақстанның өзімен арадағы сауда айналымы 2024 жылы 50 млрд АҚШ долларына жуықтап, ЕО елімізге 200 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Бұл Қазақстан экономикасына салынған шетелдік капиталдың жартысына жуығын құрайды.
Сарапшылардың пайымынша, энергетика саласындағы ынтымақтастық екіжақты қатынастардың өзегіне айналып отыр. Еуропалық Одақ Қазақстанды «жасыл экономикаға» көшу ісінде аймақтық серіктес ретінде қарастырады. Цифрлық трансформация, жаңартылатын энергия көздері мен сирек металдарды игеру бағыттарында бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Шығыс Еуропадағы шиеленістен кейін одаққа мүше елдердің Ресейдің мұнай мен газынан бас тартып жатқанын ескерсек, бұл қадам аймақтың геосаяси тепе-теңдігін өзгертумен қатар, Орта Азия елдерінің энергетикалық маңызын арттыра түсті.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



