Ғасырлар асқан қазына

Өмірі өнермен өрнектелген қазақтың көрнекті музыканты, танымал қобызшы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Раушан Мұсақожаева жуырда 70 жасқа толды.
Қобыз – ықылым заманнан келе жатқан музыкалық аспап. Ғасырлар асқан қазынамыз – киелі қара қобыз түркі тектес халықтар ішінде тек қазақтардың ғана еншісіне бұйырған. Осындай қастерлі аспапты жете меңгерген маман, шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз, оқу құралдары мен бағдарламалар жасаған автор, шығармаларды жадында сақтап орындайтын виртуоз музыкант Раушан Қожабекқызының есімі елге мәлім.
Өзінің өнер жолындағы бастапқы қадамдарын Раушан Қожабекқызы бұлай еске алады: «Қызығы мол өнер жолында талай тарихи кезеңдер мен жаңалықтың куәгері болдым. Әйгілі «Отырар сазы» оркестрінің бірінші құрамында ойнадық. Бұл оркестр Ж.Жабаев атындағы Қазақ филармониясының жанынан 1979 жылы этнографиялық ансамбль болып ашылды. Ансамбль құрудағы басты мақсат – Отырарда табылған көне музыкалық аспаптарды «сөйлету» болатын. Зерттеуші ғалым Болат Сарыбаев пен домбырашы Сейілхан Құсайыновтар ансамбльдің құрамын жасақтауда біршама жұмыс жүргізді. Бір күні ұстаздарымыз Досымжан Тезекбаев пен Малғаждар Әубәкіров, Қалия Шілдебаева, Ғалия Молдакәрімова үшеумізді шақырып алып, фольклорлық ансамбльдің ашылғаны туралы жағымды жаңалықпен бөлісті. Қазақ музыка өнерінің дамуына жасалып жатқан жаңа серпіліс екенін ұғындырып, ансамбльдің дамуына атсалысыңдар деген өтініш білдірді. Сөйтіп «Отырар сазының» алғашқы концертіне қатыстық. Ансамбльдің әртістері керемет адамдар еді, шап-шағын ұйымшыл ұжым болды. Бірінші құрамында Еділ Құсайынов, Гүлнар Бекетаева, Базархан Қосбасаров, Майгүл Қазтұрғанова, Ермұрат Үсенов болды, соңынан бізге курстасымыз Ғалия Молдакәрімова қосылды. 1981 жылы ансамбльдің бас дирижері болып КСРО халық әртісі Нұрғиса Тілендиев тағайындалды. 1982 жылы «Отырар сазы» оркестр санатына көтерілді. Осы атақты оркестрдің құрамында еңбектеніп жүріп, республикалық және одақтық гастрольдерге қатыстық, тәжірибе жинақтадық. Біздер жастар ұжымы болып Мәскеуге барғанымызда «Бүкілодақтық Лениндік комсомол сыйлығының лауреаты» атағын жеңіп алдық. Мәскеуден келе салысымен Құрманғазы атындағы Бірінші республикалық байқауға қатысатынымыз белгілі болды. Үш күн дайындықтан кейін 28 желтоқсан күні байқауға қатыстық. Бұл есте қалатын жарыс болды! Қазылар алқасында күйдің жілігін шағып, майын ішкен шеберлер Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков, Шамғон Қажығалиев, Фатима Балғаева, Қаршыға Ахмедияровтар бар. Осындай танымал тұлғалардың алдында өнер көрсету, оған қоса бірінші орын алу мен үшін үлкен мақтаныш болды. Ұстазым Досымжан Күзенұлының қатал талап қойып, зор сенім артқаны да күш-жігер берді».
Раушанның мамандыққа баулыған ұстазы К.Байсейітова атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатының директоры Досымжан Тезекбаев ұлтжанды азамат еді. Ол өткен ғасырдың 60-70 жылдары өзі басқарып отырған мектепте қобыз сыныбын ашады. Қобыз мамандығына арнайы іріктеу жүргізіліп, қазақтың дарынды үш қызы қабылданады. Ол үшеуі – қазір аттары кеңінен танымал, өнеріміздің ардақты өкілдері Ғалия Молдакәрімова, Қалия Шілдебаева және Раушан Мұсақожаевалар. Өнер жолына түскен жас дарындар қазақ мәдениетін дамытуға бір пайдамыз тисе деген ұстаныммен ұстаздары ұсынған эксперименттерге белсенді қатысып жүрді. Төрт ішекті қобызда ойнаудың әдіс-тәсіліне әбден қаныққан музыкант қыздар Қалия Шілдебаева, Нәсіпті Байымбетова, Раушан Мұсақожаева қобыздың көне түрі – қыл қобызды да меңгеріп алды. Ізденімпаз, дарынды қыздар қыл қобыздың тарихын жете білетін. Үзіліп, құрдымға кетіп бара жатқан қобызды сақтап қалу мақсатында қазақ зиялылары біраз әрекеттенгені туралы ұстаздарынан естіп, жадына құйып алған. ХХ ғасырдың 30-жылдары бүкіл Қазақстанда қыл қобызда ойнайтын адамды күндіз шырақпен іздесең таба алмас едіңіз. Қазақ ұлт мәдениетінің жанашырлары әрекеттенбегенде, ұлтымыздың төл аспаптарының біразынан айырылатын едік. ХХ ғасырда ұлттық музыкалық мұрамызды зерттеуге белсене қатысқан Ахмет Жұбанов, Александр Затаевич, Талиға Бекқожина, Болат Сарыбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Жиенбек Рысалдин, Қамар Қасымов, Жексенбек Еркімбеков сынды қайраткерлердің еңбектерін атап өтуге болады.
Раушан Қожабекқызы – қазақ өнері мен мәдениетін өркендетуге бір адамдай атсалысқан майталман өнерпаз, білікті ұстаз. Соның дәлелі, профессордың шәкірттері еліміздің мәдениет және өнер салаларында қызмет істеп жүрген танымал музыканттар: Гүлнұр Саргизова – Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның ұстазы; Жазира Ұзақбаева, Ботагөз Ташимова, Индира Ғабделова, Динара Аблемова – К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушылары; Гүлім Атошева – Президенттік гвардия оркестрінің жеке орындаушысы; Ботагөз Жандәулет – Ақан сері атындағы Көкшетау колледжінің оқытушысы, Гүлзира Абжаппарова Қызылорда колледжінде дәріс беріп жүр. Бәрін атап өту мүмкін емес. Раушан Мұсақожаева Қазақ ұлттық музыка академиясы 1998 жылы ашылғанда Ақмолаға қоныс аударып, бірінші «Қобыз» кафедрасын ашып, меңгерушісі болды, содан бері де 27 жыл өтіпті. Осы аралықта қобыз мамандығында оқып, елді мекендерде ұстаз болып жүрген кафедраның түлектері қаншама?!
Раушан Мұсақожаеваның орындаған шығармалары күйтабақтарда, жеке концерттері теледидар мен радиода жазылып, өнеріміздің «Алтын қор» жинағына енген. Қобызшының репертуарында қазақ күйлерімен қатар отандық және шетелдік классикалық музыканың үлгілері де орын алған. Раушан Қожабекқызы – көптеген шығармалардың тұңғыш орындаушысы. Кемеңгер абыздар ұстаған қасиетті қобызды шетелге шығарып, Австрия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Англия, Түркия, Мысыр, Индия елдеріне гастрольдік сапармен барды. Ұлты мен мәдениетін жан-тәнімен сүйетін қазақ қызы – қасиетті қара қобызды бүкіл әлемге танытып, ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтіп жүрген бірегей өнер иесі. Мерейлі тойыңыз құтты болсын, қазақтың өнерпаз қызы!
Гүлнаш Бержанова,
ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері



