Мәдениет

Ерлік пен елдікті дәріптеген

Астанадағы ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арналған «Батырлықтың алтын бесігі – Жуалы» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Іс-шараға Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қарулы күштердің ардагерлері, белгілі тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен жастар қатысты.

Заң ғылымдарының докторы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы генерал-майоры Сейітжан Қойбақовтың авторлығымен жарық көрген бұл еңбек – батырлық пен отаншылдық рухты дәріптейтін тағылымды туынды. Кітаптың алғашқы бөлімі Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлік жолына, оның ұлттық руханият­тағы айрықша орны мен өнегесіне арналған. Батырдың қайсар мінезі мен елге, жерге деген сүйіспеншілігі жас ұрпақ үшін мәңгілік үлгі ретінде сипатталады. Екінші бөлімде автор өз әкесі мен сұрапыл соғыс жылдарының ауыр тағдырын, Отан үшін от кешкен сарбаздардың ерлік рухын жүрек тебірентер естеліктер арқылы баяндайды. Бұл бөлім жас буынды елге адал қызмет ету мен патриоттық сезімнің маңызын терең түсінуге жетелейді. Үшінші бөлім қазіргі заманғы патриотизмнің мәні мен тарихи жадыны сақтау мәселелеріне арналса, автор ел тарихын білу мен оны қастерлеудің ұлттық бірегейлікті сақтаудағы шешуші рөлін атап көрсетеді.

Кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген. Бұл – еліміздің ерлік шежіресін кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.

– Бүгінгі таңда жастардың әскерге баруға құлшынысы төмендеп барады. Көпшілігі Отан алдындағы борышын өтеуге ұмтылмайды. Әскери-патриоттық тәрбиенің деңгейі әлсіреген. Геосаяси жағдай да күрделі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты мемлекет, Үкімет, Парламент және бүкіл қоғам болып күшейту қажет. Бауыржан Момышұлы мен өзге де батырларымыздың ерлігін, адамдық болмысын кеңінен насихаттау керек. Әсіресе мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Осындай жағдайда рухани және әскери тәрбие – ұлт болашағын сақтаудың тағы бір ұтымды жолы. Кітап осындай мақсатта және ерен ерліктің ескерткіші Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арнап жазылды, – деді кітап авторы Сейітжан Қойбақов.

Жиында сөз алған қатысушылар кітаптың тарихи маңызын жоғары бағалады.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button