Ән – жүрек, жыр – жүрек

Көпшілік Роза Әлқожаны әнші, композитор ретінде біледі. Ол – осыған дейін үш жыр жинағы шыққан ақын да. Қарашаның алғашқы күні Астанадағы ÓzgeEpic креатив хабында өткен «Жүрегім менің» атты кешінде ол әндері мен өлеңдерін астастырып, ақындық алымын, қаламының қарымын аңдатты. Кеш көрермендеріне 15 өлеңі мен 15 әнін ұсынды.
Кеш өткен залда бедерленген поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың суреті мен
Тұманды тылсым жан-жағым,
Қиналдым сонда дағдарып.
Еске сап атар таң барын,
Көрінді бір нұр жап-жарық – деген бір шумақ өлеңі поэзия әлеміне жетелегендей болды. Фаризаның өзі Розаның жырларына тәнті болып, «Өлең жаза бер» деген екен. Роза болса, белгілі ақын Бақытгүл Бабаш екеуі Фаризаға көзінің тірісінде-ақ әнмен екінші ескерткіш орнатты. Алғашқысы, әлбетте Әбүйірбек Тінәлінің ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңінен туған танымал ән.
Жалпы «Сөз патшасы – өлең» Розаның жүрегіңе әу бастан-ақ сәуле құйған. Әйтпесе, оның өнердегі «төлқұжатына» айналған «Орамал» әні тумас еді. Бұл туындының жазылуына жырлары кейінгі біраз ақын қыздарға үлгі болған Гүлнәр Салықбайдың тиісті өлеңі азық болды.
Роза Әлқожаның әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Журналистика» факультетін бітіріп, «Ақ жол-Қазақстан» газетінде жұмыс істегенін де айта кету керек. Яғни, ол сөз қадірін біледі. Кешінде оқыған өлеңдерінен де мұны байқадық. Мәселен, тұңғыш ұлы Бейбарысқа арнаған бір өлеңінде «әуек» сөзін қолданады. Қасқырлар тобын қазақ солай атайды. Мұны өзіміз кейінгі жылдары жазушы-этнограф Төрехан Майбастың жазбаларынан білдік. Соны Розаның білетініне де сүйсіндік.
Роза Әлқожаның поэзиясына келсек, лирикалық өлеңдермен қатар рухты көтеретін, оқырманды ойландыратын жырлары да бар екен. Мысалы, Ұлытау сапарында жазылған жыры біраз ойға жетелейді. Содан «Әл», «Кері ағыс» және «Ақсұңқар – арман» атты жыр жинақтарының бекерден-бекер шықпаған екен деген ой түйдік.
Розаның әндеріне келсек, оларды ел біледі, яғни көп тоқталуды қажет етпейді. Кешінде жоғарыда аталған «Орамалдан» бастап Қасымхан Бегманов, Ерлан Жүніс, Құралай Омар, Жадыра Байбұланова, т.б. ақындардың және композитордың өзінің жүрегін жарып шыққан өлеңдеріне жазылған әндер әуеледі. Роза «Сағындым сені» әнімен биыл өмірден өткен көрнекті ақын, осы ән мәтіннің авторы Исраил Сапарбайдың, әнді орындаған Ажар Түзелбекқызының және туынды кейіпкері, айтыстың ақтаңгері Оразалы Досбосыновтың әруақтарын аунатқандай болды.
Классик ақын Есенғали Раушановтың «Жолданбаған хат» өлеңіне қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымов ән жазды. Осы шығарма дегенде Розамен шығармашылық, достық, бауырлық байланыста болған марқұм Сейіл Аяған еске түседі. Розаның «Сейіл-жүрек» атты әні де бар. Бірақ, айтпағымыз басқа, «Жолданбаған хатқа» да Роза музыка туындатты. Бұл туынды бауыры Әбдіжаппардың орындауында тыңдармандарға жетті. Жаман шығарма емес, бірақ әні бар мәтінге екінші қайтара ән жазғанда Роза абайласа екен дейміз. Біздіңше, бұл қажет те емес сияқты. Айтпағымыз, жұрт жақсы қабылдаған әнді дәл сол мәтінмен, бірақ басқа сазбен қабылдау қиынға соғады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



