Басты ақпаратМәдениет

Дәстүрлі ән асқақтады

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Халық әні» бөлімінің құрылғанына 20 жыл толды. Осы мерейтойға орай өнер ұжымы «Әсерлі ән сал, домбыра» концертін өткізді.

Аталмыш бөлімнің негізгі мақсаты – қазақтың халық әндерін, жыр-термелер мен сал-серілердің бай мұрасын насихаттап, бояу­ын жоғалтпай ұрпақ санасына жеткізу. Ұжым ұлттық ән айту мектептерінің ерекшеліктерін сақтай отырып, Арқа, Жетісу, Сыр өңірі, Алтай мен Батыс Қазақстан аймақтарының ән дәстүрін біріктіріп, тыңдарманға ұсынып келе жатыр. Бөлім құрылғалы бері көркемдік жетекші қызметін дәстүрлі әнші, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Секен Сыздық атқарып келеді. Ол бөлімнің танылуына және қанатын кеңге жаюына ерекше еңбек сіңірді.

Бөлімнің алғашқы құрамында елге танымал өнер қайраткерлері – Халық әртістері, Мемлекеттік сыйлық иегерлері, биыл Қазақстанның Еңбек Ері атанған Қайрат Байбосынов пен Секен Тұрысбек, Халық әртісі Айгүл Елшібаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Амантай Жұмашев, Гүлзира Бөкейхан, Гүлмира Сарина, Айгүл Елшібаева сынды белгілі әнші-жыршылар болды. Олардың кейбіреуі әлі де осы бөлім сапында қызмет етіп, мерейтойлық концертке қатысты.

Бүгінде ұжым әншілері ұлттық өнерімізді елімізде ғана емес, халықаралық сахналарда да насихаттап, халық ықыласына бөленіп жүр. Олар қазақтың бай ән мұрасын ұлттық аспаптармен қатар, ансамбль және оркестр сүйемелімен де орындап, ұлттық музыканың жаңаша тынысын танытып келеді. Жалпы «Халық әні» бөлімі – тек өнер ұжымы ғана емес, халқымыздың мәңгілік рухани жады мен мәдени кодын келешек ұрпаққа жеткізуші шығармашылық орта.

Қазақ халқының ән өнері – ұлт руханиятының алтын арқауы, ғасырлардан жеткен сырлы саздың шежіресі болса, «Халық әні» бөлімі осы құндылықты ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, дәстүрлі ән мектептерін насихаттап келе жатыр. Ал «Әсерлі ән сал, домбыра» концерті аталмыш бөлімнің дәстүрге айналған жобасы, яғни жыл сайын өткізіледі. Осы кештің мақсаты қазақтың төл өнерін ұлықтап, халық әні дәстүрінің өміршеңдігін көрсету болды. Сол мақсат орындалды.

Концерт барысында көрермен қауым халқымыздың дәстүрлі ән мектептеріне тән терме, толғау, лирикалық әндер мен отандық композиторлардың ұлттық нақыштағы шығармаларды тыңдады. Әрбір туынды өткен мен бүгінді байланыстырып, рухты көтеріп, жүректі тербеді. Концертке Қазақстанның халық әртісі Айгүл Қосанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Сарина, Арайлым Рахымқызы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Нұрай Танабаев, Тельман Нұркенов, Жақсыгелді Маясаров, Әйгерім Нартүйе, Айдос Оңғарбай, Сәулежан Тағзия, Өзгеріс Шерікбай, осы бөлімнің басқа да әншілері, «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі қатысты. Кеште Мәдениет саласының үздіктері Берік Омаров, Данияр Мұқан, Рахат Бегасылов, Ершат Қайырхан сынды өнерпаздардан құралған квартет таныстырылды. Бұл квартеттің алғашқы концерті «Сары дала» атауымен 22 қараша күні астаналық филармонияның камералық залында өтеді. Ал «Әсерлі ән сал, домбыра» кеші, дәстүрлі ән өнеріне тағзым ғана емес, халықтың рухани мұрасын болашақпен жалғаған мәдени көпірге айналды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button