Астананы газдандыру: екінші кезең аяқталды

Астанада және қала маңындағы тұрғын алаптарда газ тарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеретін үлкен жоба. Жалпы алғанда, елордаға газ тарту үш кезекке бөлінген. Бүгінге дейін бірінші және екінші кезектер бойынша жұмыс толық аяқталды. Ал үшінші кезек 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Жергілікті билік халықтың газ қолдануға тезірек көшуіне қолайлы жағдай туғызып отыр. Соның бірі – әлеуметтік ахуалы төмен топтағы азаматтарға 130 АЕК мөлшерінде ақшалай өтемақы беру.
Елордада және қала маңындағы тұрғын алаптарда сан мың отбасының өмір сүру сапасын өзгертетін жоба – тұрғын аудандарды газдандыру белсенді жалғасуда. Оны жүзеге асыру барысы туралы «QazaqGaz Aimaq» АҚ өндіріс-техника департаментінің директоры Асқар ҚОНАҚБАЕВ айтып берді.
– Асқар Нұрмұханбетұлы, бүгінгі таңда газдандыру қалай жүзеге асып жатыр? Ағымдағы жұмыс кезеңі қандай аудандар мен қала маңындағы тұрғын алаптарды қамтыды?
– Астананы газдандыру кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда және үш кезекке бөлінген. Бірінші және екінші кезектер толығымен аяқталды. Бүгінгі таңда көгілдір отынға 12293 абонент қол жеткізді. 12293 абонентке газ тарату желілеріне қосылудың техникалық шарттары берілді, оның ішінде 11905 үй газға қосылды.
Қазіргі уақытта Көктал, Көктал-2, Күйгенжар, Агроқалашық, Железнодорожный, Промышленный, Интернациональный тұрғын алаптарына, Оңтүстік-шығыс шағын ауданының оң және сол жақтарына, сондай-ақ Г.Потанин көшесі ауданындағы қаланың ескі бөлігіне, Үркер, Family Village және Тельман тұрғын аудандарына газ берілді. Сондай-ақ №1 ЖЭО, №2 ЖЭО, №3 ЖЭО, «Оңтүстік-шығыс» және «Тұран» жылу станциялары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар сағатына 83365 текше метр газ шығыны бар «Тельман» жылу станциясына жеткізу желілері салынды. Нысанның бүгінгі дайындығы шамамен 50%-ды құрайды, құрылыс-монтаждау жұмысын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының (Тельман тұрғын алабын қоса алғанда) пайдалануында 742 км газ құбыры, 26 газ тарату пункті, 57 шкафты газ реттеу пункті және 282 шкаф аспабы бар.
Газдандырудың үшінші кезеңі 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Жобаны қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттен, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен көзделеді. Атап айтқанда, Family Village тұрғын алабында газ 2025 жылдың 25 қаңтарында іске қосылды. 8,7 км газ құбыры мен 277 шкаф пайдалануға берілді. 482 тұрғын үй табиғи газға қол жеткізді. Тапсырыс беруші – қала әкімдігі.
Тельман тұрғын алабында газ 2025 жылдың 22 қазанында іске қосылды. Мұндағы газдандыру екі іске қосу кешеніне бөлінген. Біріншісі – әкімдік немесе Астана қаласы Энергетика басқармасының күшімен салынған ұзындығы 6,8 км газ құбыры, екіншісі – «QazaqGaz Aimaq» АҚ филиалының инвестиция бағдарламасы шеңберінде орнатылған орамішілік желілер. Инвестициялардың жалпы сомасы 394 млн теңгені құрады, 14,6 км төмен қысымды газ құбыры салынды, 308 үй газға қосылды.
Шұбар тұрғын алабында газдандыру 5 іске қосу кешеніне бөлінген. Мұнда 7,7 шақырым газ құбыры тартылып, 4 газ реттеу шкафы орнатылды. Қазір қысу және үрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 31 км болатын кварталішілік желілер де салынды. Тапсырыс беруші – Астана қаласының Энергетика басқармасы. Газ 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Кирпичный тұрғын алабында құрылыс-монтаж жұмысы жалғасуда. Жоспарланған 16,8 шақырымның 16,5 шақырымы салынды, газ 2025 жылдың соңында пайдалануға беріледі.
Үркер тұрғын алабында газдандыруды жеке инвестор «QazaqJylu» ЖШС жүзеге асырады. 1000-ға жуық жеке үй (2024 жылдың қараша айының соңында) өз қаражаты есебінен табиғи газға қосылған. Қалған желілердің құрылысын 2025-2026 жылдары аяқтау жоспарланып отыр.
Өндіріс тұрғын алабында да жобаны осы компания жүзеге асырады. Барлық жұмыс өз қаражаты есебінен осы кезеңде аяқталады деп күтілуде.
Пригородный және Garden Village тұрғын алаптарында жобалық құжаттаманы әзірлеу 2026 жылға, ал қаржыландыру бөлінген жағдайда оны жүзеге асыру 2027 жылға жоспарланған. Сонымен қатар 2025 жылдың ақпан айында газдың жалпы шығыны сағатына 48914 текше метр болатын №7 және №8 станциялардың су жылыту қазандықтарының газ тарату жүйесіне қосылуға техникалық шарттар берілді. Бұл станцияларда су жылыту қазандықтарын орната отырып, «Астана-Энергия»АҚ №2 ЖЭО-ның су жылыту қазандығын кеңейту және реконструкциялау» жобасының құрылыс-монтаждау жұмысы қаржыландыру болған жағдайда 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланды, ол құрылыстың нормативтік кестесі бекітілгеннен кейін айқындалады.
– Жалпы газ жабдықтары дегеніміз не?
– Егер 2025 жылдың қаңтарында іске қосылған Family Village-ді алсақ, онда 8,7 шақырым газ құбыры және 277 жеке шкаф пайдалануға берілді делік. Жеке шкафтар – бұл кезең-кезеңімен жүретін газдандыру жүйесінің бөлігі. Жалпы үш сатылы және екі сатылы газдандыру бар.
Астана туралы айтсақ, мұнда газдандыру үш сатылы жүйе бойынша жүзеге асырылды. Газ магистралдан жоғары қысыммен келеді, одан кейін газ реттеу пункттері арқылы қысым орташа деңгейге дейін төмендейді, содан соң шкаф пункттері арқылы абонент тұтынатын жерге дейін жетеді. Электр желісі де осылай: жоғары вольтты желі бар, содан кейін трансформаторлар оны үйге әдеттегі 220 вольтқа дейін төмендетеді. Тек принцип екеуінде де бірдей – қауіпсіз пайдалану үшін қысымды біртіндеп төмендету.
Family Village екі сатылы жүйені қолданады. Газ реттегіш блок пункті арқылы жоғары қысымды газ орташа деңгейге дейін төмендейді және әрбір абонентке келіп жетеді. Әр үйде жеке шкаф бөлмесі бар, одан төмен қысымды газ шығады. Бір шкаф 200-300 үйді қамтамасыз ете алатын Астанамен салыстырсақ, мұнда әр үйдің өз шкафы болады. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда, газ беруді тез тоқтатуға мүмкіндік беретін бекіту арматурасы бар. Жалпы жүйе бас автоматты газ тарату станциялары арқылы жұмыс істейді. Астанада осындай 2 станция салынды. Магистралдық газ құбырынан газ автоматты газ тарату станциясына түседі, онда қысым 55 кгс/шаршы см-ден 12 кгс/шаршы см-ге дейін төмендейді, содан кейін қалалық желілерге таратылады. Әрі қарай қысым біртіндеп 6 кгс/шаршы метрге дейін, тұрмыста пайдалануға жарамды 3 кгс/шаршы см-ге дейін және одан да төмендейді. Мысалы, Агроқалашықты алайық. Мұнда газ жоғары қысыммен келеді, бас газ тарату пункті орнатылады, ол газды жоба бойынша орналасқан шкафтарға таратады, содан кейін газ үйлерге беріледі. Барлығы қауіпсіздікті ескере отырып жасалады. Жыл басынан бастап техникалық қызмет көрсету кестесі бекітіліп, көгілдір отынның ағып кетуін бақылау үшін күн сайын дерлік тексеру жүргізіледі. Егер газ ағып кетсе, учаске ажыратылады және жөндеу жүргізіледі. Бірақ бұл кезде абоненттер газсыз қалмайды: сақина жүйесінің арқасында олар көрші шкафқа қосылады. Яғни техникалық жұмыс кезінде де газбен жабдықтау үздіксіз жалғасады. Абоненттерге газ жеткізілгенге дейін тазартудың бірнеше кезеңінен өтеді. Әр кезеңде газды ірі және ұсақ қоспалардан тазартатын сүзгілер орнатылады. Сондай-ақ газ автоматты газ тарату станцияларында кептіру кезеңінен өтеді. Осылайша, газбен жабдықтау сенімді және қауіпсіз болады.
– Ал газ Астанаға қайдан келеді?
– Астана 2019 жылы салынған және пайдалануға берілген «Сарыарқа» магистралдық газ құбырынан табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Өз кезегінде «Сарыарқа» газ құбыры «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистраліне қосылған. Осы құрылыс жобасын іске асырудың нәтижесінде Астана, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының және магистралдық газ құбыры трассасының бойындағы елді мекендердің халқы табиғи газбен қамтамасыз етілді.
– Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге газ қосуда қандай да бір жеңілдіктер немесе субсидиялау бағдарламалары қарастырылған ба?
– Астанада халықтың газға көшуін жеңілдету үшін бірқатар іс-шара қабылданды. Біріншіден, техникалық шарттарды алуға өтінім берудегі құжаттар тізбесі қысқарды. Екіншіден, әкімдік әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 130 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өтемақы ұсынады. Екінші деңгейлі банктер мұндай абоненттерге пайызсыз бөліп төлеуді қарастырып отыр. АӘК бағдарламасына енген халық үшін газ тарифтерін төмендету көзделген. Мысалы, егер қарапайым тұрғындар үшін тариф текше метрге 43,1 теңгені құраса, АӘК қатысушылары үшін ол 32,3 теңгеге дейін төмендеді. Осылайша, мемлекет газбен жылытуға көшу кезінде әлеуметтік осал санаттарға қолжетімділік пен қолдауды қамтамасыз етеді.
– Техникалық дайындық туралы айтып берсеңіз. Жалпы газ қазандығын орнатуға арналған бөлме қандай болуы керек?
– Адам техникалық шарттарды алғаннан кейін тұрғын үйді газдандырудың жұмыс жобасын әзірлеу үшін жобалаушыға хабарласады. Жобалаушы – бұл қолданыстағы талаптарды басшылыққа ала отырып, үйді газдандыру жобасын жасайтын компания немесе маман. Мысалы, шағын көлемді жылыту қазандықтарын жеке тұрған ғимараттарда, негізгі ғимаратқа жапсарлас және кіріктірілген үй-жайларда орналастыруға болады, бір үй-жайда газ тәріздес отынмен екіден аспайтын шағын көлемді жылыту қазандықтарын орнатуға рұқсат етіледі. Шағын көлемді жылыту қазандықтары берік жанбайтын іргетастарға орнатылуы тиіс, олардың биіктігі кемінде 2,2 метр және көлемі тұрғын үйлер үшін кемінде 7 текше метр болуы керек.
Тұрғын үйлерде газ плитасы биіктігі кемінде 2,2 метр болатын асүйде орнатылады, фрамугасы немесе ашылатын жапқышы бар терезесі және желдеткіш арнасы мен сыртқа ашылатын есігі бар 4 оттыққа арналған плиталар көлемі кемінде 15 текше метр болады. 12 текше метрге 3 оттыққа арналған плиталар, 8 текше метрге 2 оттыққа арналған плиталар асүйде орнатылады. Жуынатын бөлмелерде, санитарлық тораптарда немесе асүйге бейімделген үй-жайларда, табиғи жарықсыз дәліздерде газ аспаптарын орнатуға болмайды. Газ жабдығы орнатылатын үй-жайлар газдануды бақылау сигнализаторымен, яғни дыбыс және жарық сигналдарын беруді, сондай-ақ үй-жай ауасындағы газдың бақыланатын шоғырлануының белгіленген деңгейіне жеткен кезде газ тұтыну желісінің ішкі газ құбырында газ беруді автоматты түрде өшіруді қамтамасыз ететін құрылғымен жарақтандырылады. Бұл ретте мұржа мен желдету каналына техникалық қызмет көрсетуге ерекше назар аудару керек, мұржаның тартылуын үнемі тексеріп отырған жөн.
– Халық арасында қандай ақпараттық жұмыс жүргізілуде?
– Газды пайдалану кезінде қауіпсіздікті сақтау мақсатында әлеуметтік желілер арқылы үнемі ақпараттық науқан жүргізіледі. Қалалық әкімдіктермен бірлесіп бейнероликтер дайындалып, жергілікті арналарда көрсетіледі. Бұл роликтердің негізгі мақсаты – халықты тұрмыстық газды қауіпсіз пайдалану туралы хабардар ету.
ТЖД және әкімдікпен бірлесіп аулаларды аралап, мамандар тұрғындарға түсіндіру іс-шараларын ұйымдастырады, жабдықтарды тексеріп, техникалық қызмет көрсету сапасын бағалайды. Әрбір абонент газға қосыла отырып, газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсететін компаниямен шарт жасасуға міндетті. Бұл сіздің плитаңызға, қазандыққа, газ құбырына қосылу нүктесінен газ тұтыну жүйелеріне дейін қатысты. Барлық жабдыққа жыл сайын қызмет көрсету керек. Егер абонентте қолданыстағы қызмет көрсету шарты болмаса, оның газы өшіріледі. Биыл келісімшартсыз 129 абонент анықталып, оларды жазғы, жылытылмайтын маусымда өшірді.
Газ қосылған кезде барлық жабдықтың дұрыс және құжаттаманың талапқа сай екеніне көз жеткізу үшін әкімдікпен бірлесіп жүйелі түрде рейд жүргізіледі. Келісімшарт жасау үшін абонемент компанияны өзі таңдайды.
– Газды бірден өшіре ме, әлде тұрғындарға біраз уақыт беріле ме?
– Алдымен хабарлама жіберіледі, содан кейін белгілі бір уақыт ішінде, егер бұл абонент анықталған сәйкессіздіктерді жоймаса, біз оны газдан ажыратамыз. Бұл, ең алдымен, қауіпсіздік үшін жасалады.
– Кәсіпорындарды, ШОБ объектілерін газдандыру жоспарларыңызда бар ма?
– Өнеркәсіп кәсіпорындары алдымен техникалық шарттарды алу үшін біздің ұйымға жүгінеді. Сосын абонент жобаны әзірлейтін және құрылыс-монтаж жұмысын орындайтын компаниямен шарт жасасады. Құрылыс-монтаж жұмысы аяқталғаннан кейін ол бізге қызметтерді алуға дайын екені туралы хабарлайды. Біздің қызметкерлер газбен жабдықтау объектісінің берілген техникалық шарттарға сәйкестігін тексереді.
– Бұл салаға мамандар қалай дайындалады? Жалпы мамандар жеткілікті ме?
– Біздің сала үшін негізгі кадрларды техникалық мамандықтар – мұнай-газ, мұнай-химия бағыттары бойынша оқытатын университеттер мен колледждер дайындайды. Газдандыруды үйрететін жеке мамандандырылған оқу орындары жоқ, бірақ мамандар базалық білім алады. Жұмысқа орналасқаннан кейін қызметкерлер жыл сайын білігін арттырудан, өнеркәсіп қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша білімін тексеруден өтеді. Яғни олар жоғары оқу орындарында бастауыш білім алады, ал біздің кәсіпорында практикалық дағдыларды меңгереді. Дегенмен салада кадр тапшылығы бар. Сондықтан осы салада еңбек еткісі келетін ынталы мамандарға біздің есігіміз әрқашан да ашық.
Екатерина ТЫЩЕНКО



