Ауа неден ластанады?
						Жылдан жылға көлік саны мен тұрғындарының артуы Астананың ауа райына кері әсерін тигізуде. Мәселен, соңғы 7 жыл бойына бас қала атмосфераның ластануы жөнінен жоғары деңгей сақталған шаһарлар тізімінен түспей келеді екен. Орталық Азия климаттық қорының деректеріне сәйкес былтырдың өзінде елордада зиянды заттардың таралу деңгейінің шегінен асуы бойынша 61 мыңнан астам жағдай тіркеліпті.
Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек, ауаның негізгі ластаушы көзі – ЖЭО қалдықтары, жеке секторда қатты отынның қолданылуы, автокөліктерден шығатын зиянды газ қалдықтары. «Қазгидромет» мекемесінің ақпаратына сәйкес қала ауасының ластану деңгейі 2015 жылы «төмен» деп бағаланса, 2017 жылы «шектен асқан» делінген, ал 2018-2024 жылдар аралығында «жоғары» деп қана бағаланып келеді. Салыстырар болсақ, 2023 жылы елордада нормадан асу бойынша 72 мың жағдай тіркелсе, Алматыда сол аралықта 32 мың жағдай болған. Мамандар елорда ауасын басты ластаушы ретінде РМ2,5 және РМ10 бөлшектерін, көміртек және азот оксиді, күкірт және азот диоксиді, аммиак, күкіртсутек және озонның шамадан тыс жоғары көрсеткішін бөліп қарастырады.
«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Ең үздік қолжетімді техникалар бюросының Сараптамалық бағалау басқармасының басшысы Салтанат Әлмырзаева қазіргі уақытта Астана бірқатар экологиялық сын-қатерге ұшырап отырғанын атап өтті.
– Жоғарыда аталған себептерге қоса ауаның ластану деңгейінің жоғарылауына қалада жасыл екпелердің де жетіспеуі себеп. «Жасыл белдеу» аймағы құрылғанына қарамастан, қала ішіндегі көгалдандыру жұмыстары мардымсыз, бұл ауа сапасы мен микроклиматқа әсер етеді. Тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу және кәдеге жарату дұрыс жолға қойылмаған, сондай-ақ халықтың экологиялық мәдениеті де төмен. Осының бәрі қосыла келе, әсіресе жылыту маусымында күрделі экологиялық жағдайды қалыптастырады, – дейді спикер.
Қазақстанның электр энергиясы мен жылуының шамамен 80%-ы көмірден өндірілетінін, көмір – елдің энергетикалық балансының ажырамас бөлігі екенін ескере келе ол, ең алдымен ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу қажеттігін алға тартты.
– Мұндай техникаларға қаланың қазандық жылу электр стансаларын көмірден газға көшіруге қоса, жағу процесін оңтайландыру, заманауи тазарту жүйелерін пайдалану жатады. Экология кодексінде көзделген ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу өндірісті түбегейлі жаңғыртады, бұл өз кезегінде атмосфераға шығарындыларды едәуір азайтады. Ауа сапасын тұрақты жақсартуға қол жеткізетін тағы бір қажетті шарт – жекеменшік секторды көмірден газға көшіре отырып шығарындыларды азайту. Келесі маңызды қадам – қоғамдық көлікті дамыту. Экологиялық көлікке көшу үшін энергетикалық жүйенің мүмкіндіктерін ескерген жөн. Сондықтан электр көлігін дамытумен қатар гибридті шешімдерді қолдану және отын сапасын арттыру – өзекті мәселе. Маршруттарды жақсарту және велосипед жолдарын салу, қалалық ортаның сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Халық тығыз орналасқан аудандарда жасыл аймақтардың аумағын арттырып, мониторинг жүйесін де дамыту керек. Ауа сапасын тұрақты жақсарту үшін осы тәсілдердің бәрін кешенді түрде іске асыру қажет, – дейді маман.
«KazAsiaGroup» ЖШС жоба жетекшісі Серік Бекембаев қаланың ластануындағы өзекті мәселе ретінде қалдықтар полигонын атады.
– Қатты тұрмыстық қалдықтар тасталатын полигондар бар, олардың орташа тереңдігі – 3-5 метр аралығы. Бұл қалдықтардың бойындағы зиянды заттар топыраққа сіңіп, таралып, жер асты суларына түсіп, оның сапасын бүлдіреді. Мұндай процестің өзі ақырындап жүргенімен кейін кері әсері орасан зор болатын экологиялық «бомба» саналады. Қалдықтарды арзан және экологиялық таза күйде жағатын технология бар, ол жылу және электр энергиясын «жасыл» энергияға айналдырады, сондай технологияларды қолдану керек, – дейді ол.
БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстан бойынша климаттық сұрақтар жөніндегі сарапшысы Сәулет Сәкенов Астана экологиясына қатысты 3 мәселені бөліп қарастырады.
– Бірінші, түтіннен ауаның ластануы. Түтін екі көзден таралады, алғашқы стационарлық көзіне жеке тұрғын секторының көмір, мазут, қоқыс, резеңке өртеуінен болатын түтін жатады. Оның үстіне от жағу қарқыны барлық жерде бірдей көлемде болады, таңертең және кешке қатты жағады да сол уақытта қала экологиясы нашарлай түседі. Газдандыру жұмыстары осы мақсатта қарқынды жүргізілуде. Түтіннің екінші көзі – автокөліктерден бөлінетін қалдықтар. Көліктердің санының артуы жағдайды күрделендіре түсіп отыр. Бұл ретте қоғамдық көліктер қызметін барынша қатты дамыту керек. Себебі жеке көлік пен автобустар бірдей қалдықтар шығара отырып, бір мезетте біреуі 3-4 адамды ғана, екіншісі 30-40 адамды тасымалдайды. Екінші, тұрмыстық қалдықтар және оны әрі қарай жарату жайы. Астанада күн сайын 800-1200 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Бұл жылына шамамен 450 мың тонна қалдық. Бір күнде әр тұрғынға 1 кг қоқыстан келеді. Қалдықтарды сақтау және қайта өңдеу жүйелерін енгізу қажет. Үшінші, су ресурстарын дұрыс пайдаланбау. Біз суды үнемдеп пайдалануды білмейміз, оны сақтау керек, қымбат ресурс екенін түсіне алмай жүрміз, болашақта оның бағасы алтыннан құнды болады, – дейді спикер.
Қала ауасының ластануына байланысты жоғарыдағы мәселелердің бәріне әр адамның экологиялық мәдениеті деңгейінің де қатысы бар. Суды үнемді пайдаланып, қоқысты дұрыс сұрыптап, жәшіктерге тастау, мүмкіндігінше қоғамдық көлікке жиі мініп, айналамызды таза ұстау өзіміз үшін пайдалы, әрі болашақ ұрпаққа қаламыздың таза қалпында жетуіне сеп. Сондай-ақ мамандар пікірінше, қалада жүзеге асырылатын кез келген жобалар табиғи және климаттық ерекшеліктерді, ондағы өзгерістерді ескере отырып экологиялық сараптамадан өтуі қажет.
Райхан РАХМЕТОВА
				


