«Астана – күй қанатында» фестиваль-байқауы өтеді

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында «Күй анасы» республикалық қорының ұйымдастыруымен, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2025 жылдың 28-29 қараша күндері қазақтың күй өнерін дәріптеуге арналған Дина Нұрпейісова атындағы дәстүрлі III қалалық «Астана – күй қанатында» атты домбырашылар фестиваль-байқауы өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Күй өнері – қазақ халқының рухани байлығы мен мәдени мұрасының ең асыл қазынасы. Ол ұлттың тарихын, дүниетанымын, жан-дүниесін бейнелейтін қасиетті өнер. Осы бай мұраны келешек ұрпаққа жеткізу, жастардың бойына ұлттық рух пен өнерге деген сүйіспеншілікті сіңіру – мәдениет саласының басты бағыттарының бірі.
Байқаудың атауы аңызға айналған күйші, ұлы Құрманғазының шәкірті, Қазақ КСР-ның халық әртісі, екі ғасырды еңсеріп «ғасыр адамы» атанған Дина Нұрпейісованың есімімен аталады. Күйшінің «Бұлбұл», «Әсем қоңыр», «Жігер», «Он алтыншы жыл» секілді туындылары қазақ күй өнерінің алтын қорына енген шығармалар саналады.
Аталған байқаудың басты мақсаты – Дина Нұрпейісованың шығармашылық мұрасын ұлықтау, ұлттық күй өнерін кеңінен насихаттау және дарынды жас домбырашыларды қолдау. Биылғы байқау айрықша маңызға ие. Ол қатысушылар санының артумен, бағдарламаның ĸеңейтілуімен, сондай-ақ Астана қаласындағы ĸөптеген оқу орындары арасында ĸеңінен насихатталуымен ереĸшеленеді.
Байқау еĸі турдан тұрады:
- I тур – 28 қарашада онлайн форматта өтеді;
- II тур – 29 қарашада офлайн форматта, Астана қаласында өтеді.
Байқауға 14-35 жас аралығындағы домбырашылар қатыса алады. Қатысушылар екі жас санаты бойынша сынға түседі:
- I топ – 14-18 жас;
- II топ – 19-35 жас.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен лауреаттар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталып, шара соңында үздік қатысушылардың қатысуымен салтанатты гала-концерт өтеді. Бұл концерт күй өнерінің құдіретін сезінуге, ұлттық мәдениетке деген құрметті арттыруға арналған ерекше рухани кеш болмақ.
«Күй анасы» республикалық қоры мен Астана қаласы әкімдігі бұған дейін елордада Дина Нұрпейісова есімін ұлықтауға бағытталған көптеген мәдени жобаларды жүзеге асырған. Ескерткіш орнату, «Күйшілер аллеясын» абаттандыру, домбыра инсталляциясын орнату, әлеуметтік жобалар мен кітап басылымдарын шығару сынды бастамалар ел мәдениетінің дамуына зор үлес қосты.



