Астанада медицинаның өзекті мәселелері талқыланды

Астанада №1 көпбейінді қалалық аурухананың 100 жылдығына орай «Медицинаның өзекті мәселелері – дәстүр мен инновация» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған іс-шараға медициналық қоғамдастықтың 350-ге жуық өкілі қатысты.
Конференцияның салтанатты ашылу рәсімінде Президенттің кеңесшісі Алексей Цой алғашқы құттықтау сөз сөйлейді.
«Маған бұл аурухананың бүкіл жұмысы етене таныс. Мен мұнда қызмет ететін барлық медициналық қызметкерлерді білемін. Мұндай ауыр жүктемені кез келген ұжым абыроймен атқара бермеуі мүмкін. Кейде бір уақытта 40 жедел жәрдем көлігі ауыр халдегі науқастарды жеткізіп жатқанда, медицина қызметкерлері солардың бәріне көмек көрсетіп үлгеріп жатады. Бұл ғасыр жасаған аурухананың бай тәжірибесін көрсетеді, ұжым арасындағы берік бірлікті аңғартады.
Сондықтан аты айтып тұрғандай, №1 қалалық аурухана бірінші болып қала береді деп ойлаймын. Бүгін 100 жылдығын атап өтіп отырған аурухана келесі 100 жылда елімізге ғана емес, шетелдерде де танымал болады деген сенімдемін», — деген осы аурухананың бұрынғы директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, Президенттің кеңесшісі.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан №1 көпбейінді қалалық аурухананың 100 жылдығымен құттықтады.
«100 жыл бұрын Ақмоланың алғашқы стационары ретінде құрылған 40 төсектік аурухана шын мәнінде сан тарау тарихи жолдан өтті. 100 жыл — бұл жай ғана сан емес, бұл бірнеше ұрпақтың жүріп өткен өмір жолы. Осы шағын стационар жыл сайын мыңдаған науқастарға жоғары технологиялық көмек көрсететін заманауи клиникаға айналды.
Бүгінгі таңда №1 көпбейінді қалалық аурухана — қуатты заманауи кешен. Мұнда күрделі операциялар жасалып, цифрлық технологиялар енгізіліп отыр. Ал биыл Кардиохирургия орталығының ашылуы өңірлік медицина үшін нағыз серпіліс болды. Орталық әлемдік үздік клиникалар деңгейінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл – жай ғана фактілер емес, бұл жанды оқиға. Оның негізінде адамдардың тағдыры, адалдық пен күнделікті тынымсыз еңбек жатыр», – деген Ерік Мейірхан Астана қаласы әкімі атынан аурухана ұжымына зор алғысын білдірді.
Айта кетейік, конференция медицинаның негізгі бағыттары бойынша өзекті ғылыми деректерді баяндау мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылауды мақсат тұтты.