Инфекционистердің IV халықаралық конгресі елордада өтті

Астанада инфекционисттердің IV халықаралық конгресінің ашылуы өтті. Конгресске жаһандану жағдайындағы өзекті сын-тегеуріндер мен тиімді шешімдерді талқылау үшін Қазақстаннан және шетелдерден инфекциялық аурулар, эпидемиология және иммундық-профилактика саласындағы жетекші сарапшылар жиналды. ҚР Денсаулық сақтау министрінің атынан қатысушыларды ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова қарсы алды. Ол баяндама жасай отырып, инфекциялық аурулардың жаһандық таралуы жағдайында халықтың денсаулығын қорғау бойынша негізгі тәуекелдер мен басым шараларды белгіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстан зертханалық диагностика мен микробиологиялық мониторингті жетілдіруді, тұрақты штаммдарды анықтаудың экспресс-тесттері мен генетикалық әдістерін енгізуді, сондай-ақ медицина қызметкерлерін антибиотиктерді ұтымды қолдану саласында оқытуды қамтитын Микробқа қарсы препараттарға төзімділікке қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған жол картасын іске асырады.
Қазақстан биоқауіпсіздік саласындағы құқықтық және институционалдық базаны нығайтуда: «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заң қолданысқа енгізілді, биоқауіпсіздік саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды, «Биологиялық қауіпсіздік» мемлекеттік ақпараттық жүйесі құрылуда. Сондай-ақ, «Шұғыл хабарлау» модулін және вакциналардың салқын тізбегін цифрландыруды қоса алғанда, эпидемиологиялық қадағалау саласында цифрлық шешімдер енгізілуде.
Жаһандану инфекциялардың таралу жылдамдығы мен ауқымын күшейтті, бірақ жаһанданумен қатар геномдық секвенирлеу, цифрлық қадағалау сияқты жаңа құралдар бірге енгізілді. «Клиницистердің, эпидемиологтардың, Үкіметтің және халықаралық ұйымдардың бірлескен жұмысы жаһандық тәуекелдерді басқарылатын қатерлерге айналдырады», — деп атап өтті С.Бейсенова.