Міндетіне адал мейірбике

Кеңес заманында шопан, сауыншы, тракторшы, т. б. осы секілді қарапайым еңбеккерлер қадірлі еді. Мәселен, сол кезде Жазылбек Қуанышбаев, Сағила Есенжолова, Ыбырай Жақаев, Кәмшат Дөненбаева есімдері бүкіл Одаққа дүркіреді. Олардың біреуі «ел жайлауы» Мойынқұмда, біреулер Арқа өңірінде, біреулер Сыр елінде еңбек даңқын асырды. Жалпы еліміздің кез келген аймағында еңбектің осындай қара нарлары табылатын. Аттары аталған адамдардың бәрі де Социалистік Еңбек Ері атанды. Бұл қатарда жүз саулықтан 140-150-ден қозы алып, осы атақты иеленген Сатан Ысқақов есімі де аталады. Бұлардың ұрпақтары да қазір өз ісімен мемлекетіміздің дамуына шама-шарқынша үлес қосып жүр. Биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылында» солардың есімін жұртқа танытқан жөн. Бүгінгі әңгімеміз де Сатан Нұрғожаұлының немересі Фариза Сембаева жайлы болмақ.
Қарағанды қаласындағы медицина колледжінің түлегі Фариза елордадағы City емханасында учаскелік медбике болып жұмыс істейді. Бұл қызметке 2020 жылы қабылданды. Сол уақытта бүкіл әлемді індет жайлап алғаны белгілі. Бұл кезеңде жылжымалы бригада құрамында жанкештілікпен жұмыс істеді. Қауіпті індет өршіп тұрған сындарлы кезеңде басын бәйгеге тігіп, науқастардың үйіне дейін барып, кәсіби міндетін адал атқара білді. Оған дәлел ретінде өзімді айта аламын. Індетке шалдыққанымда дәл осы Фариза үйге келіп, екпе салып, жанымды алып қалды. Осы қызметі және City емханасының дамуына қосқан үлесі үшін сол кездегі қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың алғыс хатымен, еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі жемісті еңбегі мен елорданың медицина саласының өрлеуіне қосқан үлесі үшін құрмет грамотасымен марапатталды. Жалпы осындай марапаттары жеткілікті. Еңбек жолын Қарағандыдағы №2 емханасында учаскелік медбике болып бастады. Сол кезде «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыруда жастардың рөлі» сұхбат алаңында үлгілі жас маман ретінде аталды. Кәсіподақ ұйымы да еңбегін атап өтті. Фариза осымен тоқтамай, мамандығы бойынша ізденіс жолына түсті. Нутрицология, яғни дұрыс тамақтану бойынша қосымша ізденіп, білігін арттыруға ұмтылып жүр.
Отбасында – жақсы жар, инабатты келін, ардақты ана. Енесі Оңал Өмірзақова – ұлағатты ұстаз. Зейнетке шыққан соң да 67 жасына дейін мектепте орыс және ағылшын тілдерінен 44 жыл бойы сабақ берді. Фариза осындай ененің тәрбиесін көріп келе жатыр.
Өмірлік қосағы Ернат Мэлсұлының есімін жұрт біршама біледі деп ойлаймыз. Ұзақ қашықтыққа бірнеше велошеру өткізген ол ұлы Абайдың 175 жылдығы тұсында Астанадан Жидебайға дейін велосипедпен барып қайтты. Бір веложорығын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнады. Елімізден тыс шығып, Түркияға дейін барды. Онда даңқты спортшы Мұстафа Өзтүріктің есімін насихаттады. Биыл АҚШ-қа сапарлап, сол елді велосипедпен біраз аралады. Жидебайдың топырағын алып, Мэриленд штатында мәңгілікке дамыл тапқан классик қаламгер Мұхтар Мағауиннің зиратына салды. Ернат – «Ағылшынша тіл сындыру» кітабының да авторы. Осындай жетістіктерге ештеңеге алаңдатпайтын анасы мен жарының қолдауының арқасында жетіп жүр. Алаш көсемі Әлихан Бөйкейханның келесі жылғы 160 жылдығына жоспар жасап қойды. Сәтімен жүзеге асуына тілектеспіз.
Бұл шаңырақта Қасым және Бәдрисафа есімді қос құлыншақ өсіп келе жатыр. Әжесі мен ата-анасы оларды нағыз қазақы рухта тәрбиелеуде. Қасым бестемше ойынын меңгеріп, біраз жетістікке жетті. Ал Ахмет Байтұрсынұлы жарының есімін иеленген Бәдрисафа – әлі балабақша тәрбиеленушісі. Фаризаның өзі өнерден қара жаяу емес, әнді тамылжыта салады. Осы жолды қуса, біраз биікке жетер еді деп ойлаймыз. Бірақ медицинаны таңдады. Нәсібі мол болсын!
Аманғали ҚАЛЖАНОВ