«Қалта қаққан» қаражат

Несиеге жақын туысымызға ынтық болғандай құштармыз. Банктегі қызметкерлер қысылтаяңда құтқаратын қаһарманның кейпінде көрінеді. Айтып-айтпай не керек, қарыздың шырмауынан шыға алмай жүрміз. Несиенің әлегіне әбігер болып, қалтадағы соңғы тиынды қағып тұрып берешегімізді төлейміз. Қарыз төлеудің салдары салмақ салып, кейін қандай ауыртпалық болатынын біле тұра осы іске барамыз. Бұл жайлы ешкім ескертпей ме, әлде ешкім ескермей ме? Мүмкін қаржы саласындағы білім төмен шығар. Қаржылық сауаттылықты арттыру шараларына белсенділік керек секілді.
Несиені аларда лотореядан қыруар ақша ұтқандай бір сәтке бақытпен «дос» боламыз. Бірақ, бірнеше жылға мойынға шынжыр байлап тұрғанымызды аңғармаймыз. Несиенің құрығына еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін түсіп жүр. Екінші деңгейлі банктер кейде төлей алу мүмкіндігіне сай келісім бермегенмен, микрозаймдар қаржатты қайтару қабілетін ескермейтін сынды. Ерсілі-қарсылы өтініш бергендердің қолын қайтармай, алақанына ақша толтырып беріп жатыр.
Биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін елімізде займ арқылы қарыз алғандар саны 8.2 млн адамға жетті. Бұл көрсеткіш халық санының 41 пайызын құрайды. Демек, еліміздің тең жартысына жуығы микрозаймдардан қарыз алып, оларға борышкер болған. Бұл – қолжетімділіктің кереғар көрінісі.
Көшелердің бойынан бірінен кейін бірі қаз-қатар тұрған ломбардтар мен займдардың дүңгіршектерінен көз арылмайды. Оған кіруге мүмкіндік болмаса, интернет арқылы қалаған займның жеке сайтынан қаржы алуға болады. Түптеп келгенде, қолжетімділік қауіпке айналып барады.
Халық банктің есігін қағады, егер қаққан есік ашылмаса, амалсыздан микрозаймдарды паналауға мәжбүр. Мұқтаждықты кешпейтін уақытта алақан жаюшылардың қатарына қосылмаңыз. Микрозаймның ауылынан мейілінше іргеңізді аулақ салуға тырысыңыз. Оның құрығына түссеңіз, құтылуыңыз тіптен қиын. Қарызыңызды түгел жауып, берешектен құтылғаныңызбен, телефонға шалынатын қоңыраулар мен хабарламалар толастамайды. Бірінен құтылсаңыз, екіншісіне арбайтын айла-тәсілдер тауып жасайды.
Жылдам келетін ақшаны тұтынушы студенттің айтуынша, займдардан ақша алу үшін санаулы алгоритмдерді орындау керек екен. Әуелі тіркеліп, содан соң өзіңнің құжаттарыңды түгел жазып шығасың. Одан соң керек қаражатыңның сомасын жазып, банк карточкаңды тіркейсің. Кейбірінде есепшоттағы жарты жылдық ақша айналымын сұрайды, кейбірінде оның аты мүлдем жоқ. Өтініш қалдыру үшін белгілі бір мөлшерде ақша төлеуді талап етеді. Көрсетілген көлемдегі қаражатты берген соң ғана өтініш қаралымға өтеді. Ақша бес минуттың ішінде есепшотта тұрады. Бірақ, қайтарып төлеу тым көп секілді. Нақтырақ айтқанда, пайыздық мөлшерлемесі көзге көрінбейтін алып болып тұр. Мәселен, 45 000 теңге алса, бір аптаның ішінде 57 000 теңге көлемінде төлеуге тура келеді екен. Бұл қалтаны қампайтудың емес, барыңды жымқырудың амалы секілді.
Займдардың тағы бір жымысқы әрекеттерін де байқап қалдық. Тіркелген есепшоттан түрлі көлемде ақшаны алып қоятын көрінеді. Бұл жағдай бірнеше салдардан болады екен. Бір сайттан келісім бермесе, екінші сайтқа кіріп өтініш берген тұтынушыға қаражат бермей қояды. Бірақ, тіркеуден өткеннен соң банктегі жеке ақпараттар микрозаймның жадында сақталып қалады. Ең сорақысы, есепшоттан ақшаны тартып алады. Біреудің қалтасына қол сұғумен пара-пар әрекет сынды. Бұл алаяқтыққа жатпай ма?
Мұның барлығына бірдей тұсау сала алмаймыз. Оның да кері жақтары бар. Бұл жайлы «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Дулат Мыңбаев «Микрозаймдарға қолжетімділікті тым қиындату – көлеңкелі бизнеске жол ашатын болады. Сондықтан бұл саланы тым қысып тастауға болмайды. Соңғы қабылданған өзгерістер микрозаймдарды рәсімдеуде 24 сағаттық «салқындату» режимі арқылы ойланып алуға мүмкіндік береді» дейді.
Кейде несие алуға мәжбүр боламыз. Оның барлығын сауатсыздық деп кесіп айтуға да болмас. Инфляцияның жоғары болуы, азық-түлік пен жанар-жағармай құнының өсуі, жалақы деңгейінің төмен қалпында қалуы – қарыз алуға итермелейтін негізгі факторлардың бірі. Телефонымыздағы банк жүктемелері арқылы жылдам ақшаның қолжетімді болуы, көп ретте есепсіз, көрсеқызарлықпен несие ала салу біздің көзімізге таңсық дүние емес.
Қысқасы, қарызсыз қоғам арман емес. Ол үшін қаржыны дұрыс басқаруды үйренейік. Кіріс-шығысты есептеп, артық шығыннан бас тартып, тұтынушыдан өндірушіге айналайық. Министр де, мұғалім де, жұмысшы да – бәріміз осы қағиданы ұстансақ, еліміз қарызсыз өмір сүретін қоғамға айналады. Тек жылдам қаржы аламын деп қалтамызды қағып қалмайық.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ