Міржақыптан – бата, Сәкеннен сабақ алған

Ақмола өңіріне аты мәлім қобызшы Дәулет Мықтыбаевтың туғанына биыл – 120 жыл. Өмір бойы қазақтың көне өнерін қастерлеп, халқымыздың атадан мұра боп жеткен ескі қобыз күйлерін қазіргі заманға мұртын бұзбай жеткізсе де, ол көзі тірісінде тиісті бағасын алмай кетті. 1930 жылдары Қорқыттың «Қоңыр» күйін тарқаны үшін, ашаршылыққа қарсы «Зартолғау» күйін шығарғаны үшін репрессияға ұшырап, абақтыға қамалғаны тағы бар. Ұлттық өнердің өшіп кетпеуіне себепші болған жанның қилы тағдыры туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметпен сұхбаттасқан едік.
– Марат Оралбайұлы, әйгілі қобызшы Дәулет Мықтыбаевтың ежелден қызыр қонған Қорғалжын елінің тумасы екенін қалың қазақ жақсы біледі. Талай дүлдүлдерді дүниеге әкелген осынау қасиетті мекенде Алаш азаматтарының басқосулары жиі болып тұрған, әңгімені қобызшының туған жері, өскен ортасы туралы деректерден бастасаңыз.
– Қорқыт, Кетбұға, Қойлыбай сынды қобызшылардан үзілмей жалғасып келе жатқан мың жылдық дәстүрді жаңғыртып, ұрпаққа жеткізген, музыка саласын ұлттық консерваторияда биік деңгейге көтерген Дәулет Мықтыбаев 1905 жылы қазіргі Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Сабынды ауылында Әупік би шаңырағында дүниеге келген. Ол ауқатты, білімді, беделді, сыйлы, өнерге жақын, қобыз тартқан бесаспап азамат болған деседі. Руы – Базаргелді темеш, анасы Дәмеш – манам темеш. Елдің айтуынша, ол кісі де қайырымды, өнерлі жан болса керек. Әупік би Дәулетке жасынан әулие Қорқыттан, Қойлыбай бабасынан жеткен «Қоңыр» күйін үйретеді. Ұлының ынта-қабілетін көріп, бірте-бірте халық күйлерін меңгерту аясын кеңейтеді. ХХ ғасырдың бас ширегінде Қорғалжын Алаш азаматтары топтасқан жер болды. Бұл өңір – Түркістан автономиясын құрысқан, М.Шоқаймен бірге «Бірлік туы» газетін шығарысқан Алаш қайраткері Хайретдин Болғанбайдың ауылы. Көнекөз қариялар Қорғалжын басында Міржақып Дулатұлының басқаруымен бірнеше Алаш басқосуы өтіп, жиынға қатысушылар ішінде Мағжан Жұмабай, Мырзағазы Есболұлы, Асхат Сейдалин, Ахмет Бірімжанұлы, Кәрім Тоқтабаев, Сейдазім Қадырбайұлы, Телжан Шонанұлы, Сейілбек Жанайдарұлы, Сыздық Мешінбайұлы, Қосымжан Бабақұлы сынды тұлғалар болыпты деседі. Осындайда Алаш зиялылары Хайретдин Болғанбайдың туысы Әупік бидің үйіне түстенеді. Мал шалынады. Өңірдің ақсақалдары, атқамінерлері, өнерпаздары жиналады. Әсіресе Ақмоладан, Атбасардан әнші-күйші көптеп келеді. Халық сұрауыменен Әупік Мықтыбайұлы Қорқыттың «Қоңырын», халықтың «Ақсақ құлан», «Аққу», «Айрауық», «Саржан төре» күйлерін орындап, әр туындының аңыз-әпсанасын қатар жеткізіп отырған. Әңгіме мен ән-күй қыза келе, шаңырақ иесі түп нағашысы Қойлыбайдың қобызы туралы кеңінен толғайды.
Әупіктің тебіреніп айтқан әңгімесі Мағжан ақынға қатты әсер етеді. Осы көңіл-күйден кейін «Қойлыбайдың қобызы» атты поэма жазады. Қорғалжындағы Алаш азаматтарымен кездесу тарихи оқиғаға айналады. Қонақтар қайтарда 15 жасар Дәулет Қорғалжыннан Атбасарға дейін бірге еріп жүріп, Алаш тұлғаларына қызмет көрсетеді. Міржақып Дулатұлы алғыс ретінде Дәулет Әупікұлына өлең арнап, бата береді.
– Дәулет Мықтыбаевтың 1920-жылдары Ақмола қаласына барып аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллиннен қылқобыздан сабақ алғанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл туралы не айтасыз?
– Иә, атақты күйші дауылпаз ақыннан бірнеше сабақ алып, оншақты күйлерін үйренеді. 1957 жылы Сәкен ақталған соң, оларды ел арасында ашық насихаттайды. Ал 1964 жылы 24 шілдеде Дәулет Мықтыбаев «Есімде қалғаны осы» деп Сәкеннің «Сарыарқа», «Әупілдек» күйлерін «Қазақ радиосы» таспасына жаздырады. Сонымен қатар қобызшы Сәкен Сейфуллин туралы біршама ауызша дерек жеткізіп кетеді.
1931 жылы Қарағанды облысы ашылады. Қазақстанда бұл облыс – ірі өндірістік индустриалды аймақ. Бұл жердің табиғи қазынасы, қазба байлығы көмір, мыс, жез, марганец тағы басқалар болып келеді. 1933 жылы Дәулет Мықтыбаев жерлесі, дарынды әнші Қосымжан Бабақовтың шақыруымен Қарағанды облыстық радиокомитетке қызметке орналасады. Осы жұмыста белгілі қазақ мәдениетінің білгірі Қали Байжановпен танысады. Жаз шыға Қарағанды, онымен іргелес Павлодар және Ақмола облыстарының елді мекендеріне гастрольдік сапарларда болған Дәукең үшін бұл кезең қылқобызда орындаушылық шеберін шыңдаған шабытқа толы жылдар болатын. Ұлытау, Баянауыл, Жаңаарқа, Қарқаралы, Балқаш жаққа барған сапарларында ескі аңыздар мен көне күйлерді ерінбей жинады. Тәттімбет, Жанақ, Жаяу Мұса, Шашубай Қошқарбайұлы, Маясар Жапақұлы, Жәкен Байтуұлы, Әбікен Хасенұлы, Бегімсал Орынбекұлы шығармашылығы мен өнері оған айрықша әсер етті. Нәтижесінде, Қарағанды радиосында тұңғыш рет қылқобызбен сүйемелдеген музыкалық хабарлар берді. Ол Жаңаарқадағы Сайдалы Сары Тоқаның ауылында «Сары дала» атты күйді Е.Сарбиұлынан, Түгіскен ауылында Бұралқы Құдайбергенұлынан Ықыластың «Айрауықтың ащы күйі», «Шыңырау» күйлерін үйренді. Бұл күйлерді Дәулет Мықтыбаев 1964 жылы шілде-тамыз айларында «Қазақ радиосына» жаздырды. Қобыз күйін естіген халық ғасырлардан жеткен сарынды түйсінгендей еді.
Халық арасынан ол «Қамбар батыр», «Қазан» (1-нұсқа), «Кертолғау» (екі түрі), «Жолаушының қоңыр күйі» (1-түрі), «Жолаушының қоңыр күйі» (2-түрі) сынды мұраларды жинады. 1933 жылы қобызшы Қарқаралыға барады. Аштықтан есепсіз қырылған халықты көріп, бір төбенің басына шығып қобызын шалады, терең қайғыдан күй шығарады. Халықтың көңіл-күйін қобызға түсіреді. Ашаршылыққа арналған «Зар-толғау» күйі осылай дүниеге келген екен.
– Қорқыттың күйлерін орындағаны және ашаршылыққа арнап «Зартолғау» күйін шығарып халықты кеңес үкіметіне қарсы қойғаны үшін қобызшы түрмеге де тоғытылды емес пе?
– Рас айтасыз, «Зартолғау», Қорқыттың «Қоңыр» күйі, Сәкеннің «Сары-Арқа» күйлерін орындағаны үшін Дәулет Мықтыбаев абақтыда отырған. 1936 жылы 17-27 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өтетін қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасына баруға дайындалып жүрген Дәулет Мықтыбаевқа «кеңестік жүйеге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгені және халықты кеңес үкіметіне қарсы қойғаны үшін» деген айыптаулар тағылып, сол жылы 23 сәуірде түрмеге қамалады. Тергеушілер өнерпазды көп қинайды, ұрып-соғады. «Ұзақ жылға лагерьге кетесің, не атыласың» деп қорқытады. Өлемін деп ойлаған ол тергеушілерден соңғы аманаты ретінде қобызын сұрайды. Қызыл жағалылар «Шалса, соңғы рет шалсын» деп рұқсат береді. Киелі аспапқа қолы тиген Дәукең суық сарынмен қобызын сарнатып, аруақ шақырады. Бураша бұла мінез көрсетіп, шабынып, әртүрлі қимыл жасап, милиция қызметкерлерін есінен тандырады. Аяқ астынан топалаң тигендей көбісі әлсіреп құлай бастайды. Не керек, емдеуші де сол сәтте өзі болып кетеді.
Жұрттың айтуынша, қобызшы киесінен қорыққан тергеушілер оның туған жылын 1905-тен 1912 жылға өзгертіп, 1936 жылы 20 маусымда түрмеден босатады. Бірақ саясат тақырыбына бармау туралы қолхат алады. «Қорқытты атама, «Зартолғау» күйінің атауын өзгерт, не оны ұмыт!» деген тапсырмадан соң, күйдің атын өзгертеді. Сонымен қатар түрмеде отырғаны жөнінде тіс жармау да мықтап айтылады. Дәулет Мықтыбаев абақтыдан босатылғанымен, оның ісі әлі күнге дейін ақталмады. Қобызшының өмірі бақылауда, тексеруде өтті.
1937 жылы қобызшы Қарағанды облысы филармониясына әртіс болып орналасады. Ал 1939 жылы Алматыға қоныс аударып, Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияға жеке қобызшы орындаушы болып қабылданады. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, ұжыммен бірге концерт береді. 1941 жылы өнерпаз қара қобызын арқалап, майдан даласына концерттік бригадамен барады. Кеңес сарбаздары оның қобыз үнін окопта да отырып тыңдап, рухтанады. Киелі аспап дауысын естіген жаудың мысы басылып, есі шығады. Дәулет Мықтыбаев ұлттық музыка тарихында алғаш рет қобыз аспабын баян мен балалайкаға қосып, жаңа үндестікті үлкен сахналарға шығарады. Соғыс майданында ауыр жарақат алады, емделіп, қайта аттанады. 1942 жылдың күзінде тағы да жараланады. Ұзақ емделеді. Содан кейін комиссия шешімімен соғыс майданына жіберілмейді.
Дәукең соғыс жылдарында майдан аралап, өмір мен өлім, оқ пен оттың ортасында жүрген қазақ жауынгерлерінің алдында көптеген концерттер қойып, олардың елге деген сағыныш-мауқын басты, жігерлендірді. Соғыстан соң Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясына, Қазақконцертке жеке қобызшы-орындаушы болып жұмысқа орналасып, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі елді мекендерді аралап, көптеген концерттер береді. Казгосфилармония солисі ретінде 1952 жылы 23 қыркүйектен 15 қазан айына дейін жеке концертпен Алматы облысының Кеген мен Нарынқол аудандарында болады. Қобызшы халық алдында Қорқыттың «Қоңыр» күйін орындайды. Сол үшін 1936 жылдан бақылауда жүрген, ақталмаған Дәулет Мықтыбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінен ескерту алады.
– Халық арасында қобыз сарынымен емдік шаралар жүргізгені туралы да деректер бар. Өнерпаз өмірінің жұмбақ, тылсым жағы туралы не айтасыз?
– Қобызшы 1965 жылы жұмыстан шығып, туған жеріне оралады. Уақытын бос өткізбей, халық арасында қобыз сарынымен емдік шаралар жүргізгені де рас. Дәстүрлі бақсылық салтымен ауру адамды екі оттың арасынан өткізіп, алаумен тазартады, аластайды. Бұл да – Дәукең өмірінің жұмбақ, тылсым жағы. Сонымен қатар ол қобыз өнерін насихаттай жүріп, Ақмолаға жақын орналасқан Осакаровка селосына барып, ұлттық музыка аспаптарының атасы атанған Қамар Қасымовпен танысып, фабрикада жасалған алғашқы қобыздардың сарапшысы ретінде аспаптарды баптаумен айналысады.
1969 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория ректоры, профессор Еркеғали Рахмадиев оны Алматыға қызметке шақырады. Сол кезде қобыздан сабақ беретін ұстаз болмай, консерваторияда қобыз класы жабылу алдында тұрған. Тек қана профессор Б.Сарыбаев нотамен сабақ беретін. Республиканың әр жерінен іріктеліп, 30 шақты қазақ балалары жиналды.
Дәулет Мықтыбаев – көзінің тірісінде қылқобыз шалудың майталман шебері болғандығын дәлелдеген дарын иесі. Өмірінің соңына дейін Құрманғазы атындағы консерваторияның халық аспаптар класында ұстаз етіп, ондаған шәкірттерін қобыз шалуға тәрбиелейді. Қобыздағы ойналу тәсілі мен ерекшеліктерін жас қобызшыларға үйретіп, бойындағы бар өнерін жастарға мирас етті. Дәулет Мықтыбаевтың арқасында консерватория бағдарламасына қазақ халқы және Қорқыт, Кетбұға, Қойлыбай, Жанақ, Жаяу Мұса, Ықылас, т.б. тұлғалар күйлерінің ойнау тәсілі мен ерекшеліктері енді.
– «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, Астанада ұйымдастырылған «Қобызшылар шеруі» дәстүрлі өнер кешінде қобызшы шәкірттерінің өнеріне тәнті болғанымыз рас. Ұлттық өнерді ұрпақтан ұрпаққа жалғастыратын да солар емес пе?
– Әлбетте. Бұл кешті Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерт ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы ұйымдастырды. Дәулет Мықтыбаевтың 120 жылдығына арналған дәстүрлі өнер кеші Ақмола облысы Қорғалжын ауданының әкімдігі мен Сәкен Сейфуллин атындағы қоғамдық қордың қолдауымен тұңғыш рет Астанада өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен танымал қобызшылар жиналды. Қонцертке қатысқан 25 қобызшының ең үздік бесеуіне ақшалай сыйлық берілді. Солардың бірі – белгілі қобызшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Оразбаева сол кеште Сәкен Сейфулиннің «Сары-Арқа» атты қылқобызбен тартқан күйін алғаш рет орындады, 1964 жылы оны таспаға жаздырған Дәулет Мықтыбаев болатын. Концерттен кейін атақты өнер иесінің құрметіне дастарқан жайылды.
Қобызшының шәкірттері – еліміздің мақтаныштары. Солардың ішінде әйгілі композитор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Кенжебек Күмісбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Пернебек Момынов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қуаныш Әжмұратов, Құрманғазы консерваториясы қобыз және баян кафедрасының меңгерушісі, профессор Базархан Қосбасаров, К.Байсейітова атындағы музыка мектебінің оқытушысы, профессор Әбдіманап Жұмабеков, т.б. бар. Бұл ретте дана қобызшының өнер тарихындағы орны мен мәртебесін дәл көрсеткен Әбдіманап Жұмабекұлы көне дәстүрді біздің заманымызға жеткізген Дәукеңе халқымыздың қаншама інжу-маржан, асыл қазынасын сақтап қалуға үлес қосқаны үшін қазақ халқы атынан ескерткіш орнатуды ұсынса, Қорғалжын ауданының әкімі А.Алин атақты қобызшы Дәулет Мықтыбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай, өзі дүниеге келген Қорғалжын ауданының Сабынды ауылындағы Мәдениет үйіне оның есімін беру жоспарланып отырғанын, сонымен қатар, келесі жылы күй атасы Қорқыт Атаның қара қобызына арналған ескерткіш орнату да жоспарда бар екенін жеткізді. Біздіңше, осының бәрі әділетті Қазақстанның мақсат-міндетімен сәйкес келеді. Сондықтан жақсылықтан үміттіміз.
Сұхбаттасқан
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ