Елімізде 69 сүт фермасы жұмыс істеп тұр

Елімізде 47 сүт-тауарлы фермасы іске қосылса, импортқа тәуелділік біршама азаймақ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Министр Айдарбек Сапаров Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде аймақ тұрғындары және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті.
Кездесуде ведомство басшысы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі заманауи сүт фермаларын салу бағдарламасының тиімділігін көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
— Қазіргі уақытта елде 69 сүт-тауарлы фермасы жұмыс істеп тұр, тағы 47 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар іске қосылғаннан кейін сүт өндірісі жылына 600 мың тоннаға артып, импортқа тәуелділік едәуір азаяды, — делінген ақпаратта.
Мал шаруашылығын қолдау мақсатында 50 млрд теңге көлемінде айналым қаражатын жылдық 5% мөлшерлемемен несиелендіру бағдарламасы іске асырылып отыр. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр, ол кредиттік өнімдер желісін кеңейтуді көздейді.
Өңдеу саласында 2025 жылы 44 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиелендіру қарастырылған, оның ішінде 62 жобаға 23,9 млрд теңге бөлінді.
Жедел деректерге сәйкес, елімізде 13,3 млн гектар дәнді дақыл орылып (83%), орташа өнімділік 15,5 ц/га деңгейінде 20,8 млн тонна астық бастырылды.
Павлодар облысы бойынша 809 мың тонна астық, 834 мың тонна картоп, 217 мың тонна көкөніс жиналды.
— Павлодар облысы жақсы нәтижелер көрсетіп отыр — бұл жүйелі тәсілдің, технологиялық жаңарудың және фермерлердің мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуының нәтижесі. Қабылданып жатқан барлық шаралар аграрлық сектордың әлеуетін нығайтып, оның ел экономикасына қосқан үлесін арттыруға бағытталған, — деді Айдарбек Сапаров.
Кездесу барысында өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері субсидиялау, жылыжай шаруашылығын дамыту, суару жүйелерін жетілдіру және мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша сұрақтар қойды. Министр барлық ұсыныстар мен бастамалардың алдағы бағдарламалық құжаттарда ескерілетінін атап өтті.