«Астана Опера» Оманда «Коппелия» балетін ұсынады

«Астана Опера» театры 4-5 желтоқсанда Маскат Корольдік опера театры сахнасында өнер көрсетеді. Оманның басты музыкалық орталығында ұжым Лео Делибтің терең әрі жарқын балеттерінің бірі «Коппелияны» ұсынады.
Қойылымға маэстро Руслан Баймурзин дирижерлік етеді. Кемеңгер француз хореографы Ролан Пети бұл қойылымы – иронияға толы туынды. Ол Гофманның тылсым оқиғасын шебер пайымдап, оны жарқын комедияға айналдырды. Балет «Астана Опера» репертуарына 2019 жылы енді және сол сәттен бастап труппаның сүйікті қойылымдарының біріне айналды. Биыл көктемде спектакльді Санкт-Петерборда ыстық ықыласпен қабылдады. Онда сыншылар кордебалеттің кәсібилігі мен солистердің шеберлігін атап өтті.
Маскатқа балет әртісі мен техникалық топтан тұратын 55 адам барады. Сонымен қатар декорациялар мен костюмдер де жолда. Оман үшін бұл қазақстандық әртістердің орындауындағы Ролан Петидің бірегей хореографиясымен танысудың таптырмас мүмкіндігі. 4 желтоқсанда сахнаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан, Айгерім Бекетаева мен Рүстем Сейітбеков шығады. 5 желтоқсанда басты партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев, Олжас Тарланов және Шұғыла Әдепхан орындайды.
«Астана Опера» театрының директоры Александр Совостьяновтың айтуынша, мұндай гастрольдерде өнер көрсету – үлкен жауапкершілік. Оның сөзінше, әртістерге отандық балет өнерінің деңгейін көрсету міндеті жүктеліп отыр, ал таңдалған қойылым олардың би шеберлігі мен актерлік қабілеттерін толық көрсетуге мүмкіндік береді.
Гастрольдер Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.