Қоғам

«Zerendi photo fest III» байқауы өтті

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті мен Ақпараттық бөлім дәстүрлі «ZERENDI PHOTO FEST III» фотобайқауын ұйымдастырды. Шарада кәсіби фотожурналистер студенттерге шебер сабақ өткізіп, тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Байқау Зерендіде үшінші рет өтті. 800 үміткердің ішінен үздік деп танылған 15 студент іріктелді. Шарада кәсіби фотожурналистер Ерлан Омаров, Алмас Манап, Ерболат Шадрахов, Қалжан Тұрсынбаев, Талғат Тәнібаев, Жандәулет Өмірханұлы жетекшілік етіп, студенттерден жеке – жеке топ құрады. Фотобайқау портрет, пейзаж және репортаж бағытында өтті.

Екі күнге созылған «ZERENDI PHOTO FEST III» байқауының қорытындысы бойынша, бас жүлдені Ерболат Шадраховтың тобы иеленсе, бірінші орынды Ерлан Омаров пен Алмас Манаптың командасы жеңіп алды. Екінші орын Талғат Тәнібаев пен  Өмірханұлы жетекшілік еткен топтың қанжығасына байланса, үшінші орынмен Қалжан Тұрсынбаевтың тобы марапатталды.

Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті, Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі Амангелді Мейрамұлы «біздің мақсат жарысу емес, тәжірибе алу. Елімізге танымал, өз қолтаңбасын қалыптастырған фототілшілер студенттерге шеберлігін үйретіп, білгенімен бөліссе дейміз. Алдағы уақытта фотобайқау жалғасын табады» деп баяндады.

Студенттер шеберлігін шыңдап, кәсібилігін арттыра түсті. Фототілші болу үшін сауысқандай сақ болып, аңшыдай әрбір сәтті мүлт жібермеу керек. Фотожурналистика саласының көркейіп, дамуы үшін мұндай шаралардың ықпалы үлкен.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button