Астанада газ саласының болашағы талқыланды

Астанада газ саласының болашағы талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Елордада «Ғылым мен технология: газ саласындағы сын-қатерлер мен шешімдер» атты ғылыми-технологиялық сессия жұмысын бастады. Онда ғылым мен технология тарапынан жаңа шешімдер ұсынылады.
Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясының қолдауымен ұйымдастырылып, газ саласындағы технологиялық мәселелер мен ғылыми шешімдерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Сессия жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов, «Самұрық-Қазына» АҚ дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан, сондай-ақ саланың ардагерлері, жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Іс-шараны министр Саясат Нұрбек ашып, ғылыми-технологиялық сессиялар форматы ғылым мен бизнесті ықпалдастырудың негізгі құралына айналып келе жатқанына тоқталып, қазақстандық ғалымдардың әзірлемелерін өндіріске жедел енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы мен Үкімет соңғы жылдары ұлттық ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп жатыр. Бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция бес есе өсті. Президент тапсырмалары қолданбалы, өңірлік қажеттіліктерге бағытталған ғылымды дамыту қажеттігін нақты атап көрсетеді. Бұл ретте бүгінгі сессия газ саласының негізгі сын-қатерлерін шешуге арналған және қазіргі ғылыми диалогтың практикалық бағытын көрсетеді.
Өткен жылғы тәжірибе біз ұстанған тәсілдің тиімділігін көрсетті. 2024 жылы біз еліміздің түрлі өңірлерінде – Жезқазғаннан Петропавлға дейін – жеті ғылыми-технологиялық сессия өткіздік. Бұл іс-шаралар 400-ден астам ғалым мен сарапшыларды біріктіріп, еліміздің ірі компанияларының нақты өндірістік міндеттеріне арналған 100-ден астам ғылыми-техникалық шешімдерді тұжырымдады. Биыл біз осы жұмысты жалғастырып келеміз», – деді министр.
Өз сөзінде Әлібек Жамауов QazaqGaz компаниясының ғылыми қауымдастықпен бірлесіп жасалған инновациялық шешімдерді енгізуге дайын екенін білдірді. Ал Салтанат Сәтжан саланы дамытуда стратегиялық көзқарастың маңыздылығына тоқталды.
Сессияның бірінші күні қатысушылар дизайн-ойлау және ғылыми міндеттерді қою әдістері бойынша интерактивті оқытудан өтті, QazaqGaz компаниясының негізгі сын-қатерлерін талқылап, болашағы зор зерттеу тұжырымдамаларын әзірледі. Ғылыми идеяларды коммерцияландыру және оларды нақты іске асыруға арналған бизнес-модельдер қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ғылыми-технологиялық сессияның екінші күні ғылыми-технологиялық прототиптер таныстырылады. Командалар өз әзірлемелерін ұсынып, шешуге бағытталған технологиялық қайшылықтарды атап өтіп, сарапшылардың сұрақтарына жауап береді. Дауыс беру мен сараптамалық бағалау нәтижесінде газ саласындағы кәсіпорындарда жетілдіріп, енгізуге жоғары әлеуеті бар 5 басым бастама анықталады.
Ғылыми-технологиялық сессия ғылым мен өндірісті ықпалдастырудың тиімді алаңы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұсынылған жобалар коммерцияландыру мен практикалық қолдануға жоғары әлеуетке ие екенін көрсетті, ал сессия форматы зерттеушілер мен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың Қазақстанның стратегиялық маңызды газ саласын технологиялық трансформациялауды жеделдете алатынын айқын көрсетті.