Алғашқы антрополог мерейі

Ұлттық музейде көрнекті антрополог-ғалым, академик Оразақ Смағұлдың 95 жас мерейтойына арналған «Ғасыр. Тұлға. Ғылым» атты дөңгелек үстел отырысы өтіп, көрме ұйымдастырылды.
Іс-шараны ашып, жүргізген Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы мерейтой иесі Қазақстандағы антропология ғылымының негізін қалаушысы екенін айта келе, ол ұлт тарихының антропологиялық қырларын зерттеуге, қазақ халқының этногенезі мен тарихи тамырларын айқындауға сүбелі үлес қосқанын, көрнекті ғалымның мұрасы еліміздің ғылыми қазынасының ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Бүгінде бұл мұра жас ғалымдарға үлгі, отандық ғылымның өркендеуіне қызмет ететін бағалы бағдар екенін айрықша айтты. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жолдаған құттықтауын оқып берді.
Жиында мерейтой иесінің адами болмысы, ғылыми мұрасы, антропология мен этнология саласына қосқан үлесі жайында баяндамалар оқылды. Атап айтқанда, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалау кеңсесінің басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Сабыр Қасымов ғалым өз халқы мен ғылымға адал қызмет етудің үлгісіне айналғанын айтса, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Зиябек Қабылдинов Оразақ Смағұлдың өмірі мен ғылыми қызметінің кейбір қырларына тоқталды. Басқа да баяндамашылар еңбегі жайында жан-жақты әңгіме қозғады.
Антропологтың өзі қазақтың ата тегін зерттеудегі ізденістеріне тоқталып, сол жолда қолдау көрсеткен тұлғалардың есімін жылы сезіммен еске алып, осы іс-шараны ұйымдастырған Ұлттық музей ұжымына алғыс айтты.