Қоғам

Көкпардың көрігін қыздырған

Ұлы көштің арқасында, «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп дана халқымыз айтқандай, алты алаш азаматтарының басы жаңа елорда – Астана қаласында бірікті. Мен еліміздің ардақты азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген байланысшысы, Ұлттық инженерлік академияның академигі, республикалық «Көкпар» ассоциациясының алғашқы төрағасы Болатбек Өтегенұлы Қанафинмен сол бір естен кетпейтін ерекше кезде, жастық шақтың от жалын жүрегімен ел үшін жарғақ құлағымыз жастыққа тимей қарымды жұмыстарды, ұлтқа қажетті жобаларды бірінен кейін бірін жүзеге асырып, жұрт игілігіне жаратып жүргенде таныстым.

«Адам сөйлескенше, жылқы кісі­нескенше». Біздің таныстығымыз дос­тыққа және адами сыйластыққа ұласты. Болатбек Өтегенұлы 1955 жылдың 1 қазаны күні Ұлытау өңіріндегі атақты Қарсақпай елді мекенінде дүниеге келген. Қарсақпай кентінің іргетасы 1911 жылы Аша қонысында қаланған. Қарсақпайда Қазақстандағы түсті металлургияның тұңғышы – мыс қорыту зауыты салынған. Бұл жерде халқымыздың ұлы перзенті, ғұлама ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев нәтижелі қызмет істеген.

Аталарымыз «Тектіден текті туады. Тектілік тұқым қуады» деген. Болатбек Қанафин – текті тұқымнан шыққан парасатты азамат. Әкесінің әкесі, ұлы атасы Тұржан елдің мүддесін қорғағаны үшін жазықсыздан-жазықсыз репрессияға ұшырап, Қарағандының ГУЛАГ лагерінде азапты күндерді бастан кешкен. Әкесі Өтеген Тұржанұлы Қостанай облысының Қарабалық ауданының балалар үйінде тәрбиеленген. Болатбектің анасы Шәмшия апай – Қарағанды облысы Жезді ауданы «Ұлытау» совхозының атақты директоры Сұлтанбек Нүркеевтің қызы. Болатбек Өтегенұлы – сүйікті жан-жары Гүлнәр Олжабайқызымен ұлдары Байжан мен Мұратты ұяға, қызы Әйгерімді қияға қондырып, олардан немере-жиен сүйіп отырған бақытты жандар.

1978 жылы Болатбек Қанафин Ташкент электротехника байланысы институтын тәмамдап, «радиобайланыс және радиотарату инженері» мамандығының иесі атанды. Еңбек жолын 1978 жылы Жезқазған қалалық Орбита спутниктік теледидар станциясының қатардағы инженері болудан бастады. Жоғары оқу орнынан алған білімнің, ізденіс пен еңбекке деген құлшыныстың нәтижесінде жас маман аз мерзім ішінде қыруар шаруа тындырып, ұжымның құрметіне бөленді. Ол қатардағы инженерден Жезқазған қалалық радиотелевизия станциясының басшысы, «Астанателекомның», Батыс Қазақстан облыстық телекоммуникация­сының бас директоры және «Қазтелеком» АҚ басшыларының бірі лауазымды қызметіне дейін өсті. Байланыс саласында қажымай-талмай атқарған қызметіне сай «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген байланыс­шысы» атағымен марапатталды.

«Жігітте де жігіт бар, Азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, Қазанаты бір бөлек». Ол – сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Оған айғақ – Ұлы дала мәдениетінің темірқазығы саналатын ұлттық ат ойындарының, әсіресе көкпардың дамуына, өсіп-өрлеуіне қосқан зор үлесі.

Болатбек республикалық «Көкпар» ­ассоциациясының жұмысына білекті түріп, белді буып, асқан жауапкершілікпен кірісті. Ең алдымен «Көкпар» ассоциациясының жарғысын жазып, оны Әділет министрлігінен тіркеуден өткізді. «Көкпар» федерациясының филиалдарын ашуды қолға алды. Мен де өз тарапымнан 10-нан астам облыстық филиалды ашуға тікелей атсалыстым. Сосын Болатбек Өтегенұлы көкпар дейтін спорт түрінің ережесін заман талабына сай жетілдіріп, кітапша ретінде баспаханадан басып шығарды. Осыларға жұмсалған қаражатты өз қалтасынан шығарды. Болатбектің бас­тауымен, біздің қолдауы­мызбен көкпардан бірінші рес­публикалық чемпионат өтті. Ассоциацияның ықпалымен көкпар жарысын қазақ телевизиясынан көрсету қолға алынды. Жер-жерде көкпар турнирі жиі-жиі өтіп, жанкүйерлер қатары күннен-күнге өсті.

Қалың оқырмандар мен атбегілердің, көкпаршылардың атынан ұлттық спорт түрлері, оның ішінде көкпардың дамуына ерекше үлес қосқан абзал азамат, белгілі меценат, ұлттық құндылықтардың ­қолдаушысы, жанашыры, республи­калық «Көкпар» ассоциациясының алғашқы төрағасы Болатбек Өтегенұлын 70 жасқа толуымен шын жүректен ­құттықтаймыз!

 Сәдібек ТҮГЕЛ,

ҚР Ұлттық ат спорты

федерациясының президенті,

жазушы-публицист

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button