Басты ақпаратҚала мен сала

Нұрлан КӨПЕШОВ: Маңыздысы – ресурстардың саны емес, оларды тиімді пайдалану сапасы

Соңғы жылдары Астананың энергетикалық жүйесі қаланың өзі сияқты қарқынды дамуда. Жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар алдағы 10-15 жылға сенімді қор құруға мүмкіндік берді. Сала перспективалары жөнінде қалалық Энергетика басқармасының басшысы Нұрлан КӨПЕШОВПЕН әңгімелестік.

– Нұрлан Маратұлы, соңғы жылдары энергетика саласында қандай ірі жобалар жүзеге асырылды?

– Мен басқарма басшысы болып тағайындалған кезде біз ЖЭО-3-тің бірінші кезегін іске қостық. Биыл оның көмір бөлігін пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жылу орталығы елорданың сол жағалауын және оң жағалаудың бір бөлігін – Сарыарқа ауданын жылумен қамтамасыз етеді.

Маңызды оқиға – «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансаларының салынуы және пайдалануға берілуі болды. Биыл біз «Тұран» ГЖС-тің екінші кезегін аяқтап, ірі «Тельман» газ жылу стансасының құрылысын бастаймыз.

Электр желілерінде «Арай» қосалқы стансасының құрылысы аяқталуда, ол Тұран және Ұлы Дала даңғылдарының батысындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды сенімді электрмен қамтуды қамтамасыз етеді.

Алдағы жылдары жеті жаңа қосалқы станса салу жоспарланған, соның ішінде «Қабанбай батыр» құрылысы биыл басталады. Одан кейін «Аңсаған», «Қарлығаш», «Бағыс­тан», «Наурыз» және «Батығай» салынады. Сонымен қатар «Восточная-2» қосалқы стансасы қайта жаңғыртылады.

Бұл жобалар он мыңдаған тұрғынды, мектептерді, балабақшаларды, медициналық мекемелерді және өнеркәсіптік нысандарды үздіксіз энергия­мен қамтамасыз ететін мықты энергетикалық қаңқа құрайды.

Маңызды бағыттың бірі – газдандыру. Өткен жылы елорданың газдандыру деңгейі 75% болды. Жыл соңына дейін біз бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізіп, Шұбар, Тельман, Кирпичный алаптарын, сондай-ақ Үркер, Өндірістің бір бөлігін және Казгородок алабын газдандырамыз.

– Осы жобаларды іске асыр­ғаннан кейін қала қандай қосымша қуат алады?

– Бүгінде елорданың электр энергиясын тұтынудың шекті деңгейі шамамен – 920 МВт, жалпы өткізу қабілеті – 1200 МВт. Жаңа қосалқы стансалар салынғаннан кейін бұл көрсеткіш шамамен 1900 МВт-қа жетеді. Мұндай резерв тұтынудың жыл сайынғы өсуін ескере отырып, кемінде 10-15 жылға жетеді. Жылумен қамту бойынша өсім «Тельман» және «Оңтүстік-Батыс» ГЖС құрылысы есебінен шамамен 1500 гигакалорияны құрайды. Мысал үшін: бір ірі тұрғын үй кешені шамамен 3 гигакалория тұтынады. 1500 гигакалория – бұл елорда үшін орасан зор қор. ЖЭО-2-ні заманауи су қыздырғыш қазандықтарды орнату және турбинаны жаңғырту арқылы кеңейту қарастырылған. Сонымен қатар «Тельман» ГЖС құрылысы аяқталуда. Мұның бәрі қаланы энергиямен қамтудың сенімділігін арттырады.

– Инвесторлармен жұмыс жүргізіле ме және МЖС тетіктері қолданыла ма?

– Иә, бұл – біздің жұмысы­мыз­дың маңызды бөлігі. Қалада «инвестицияға айырбасталған тариф» үлгісі бойынша мемлекеттік-жеке серіктестік форматында жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын.

Электр желілеріне инвес­тиция тарту есебінен «ҚТЖ» ҰК» АҚ ЭЧ-8 тозған желілерін жаңғырту жоспарлануда. Бұл аймаққа Көктал, Кирпичный және Теміржол тұрғын алаптары кіреді. Қаржыландыруды инвестор жүзеге асырады, мемлекеттік бюджет қаражаты пайдаланылмайды.

Осыған ұқсас схема бойынша Үркер, Көктал, Казгородок, Кирпичный тұрғын алаптарын, сондай-ақ Индустриялық паркті газдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Инвестор желілерді жаңғыртады және өз шығындарын заңды тұлғалар үшін тариф есебінен өтейді. Бұл ретте халық үшін тарифтер өзгеріссіз қалады.

Мұндай жобаларды іске асыру тұрғын алаптарда энергия­мен қамту мен газдандырудың сенімділігін арттыруға, қалалық бюджеттің жүктемесін азайтуға және жеке инвестицияларды тарту есебінен инфрақұрылымды жаңғырту мен құрылыс жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік береді. Осылайша, «инвестицияға айырбасталған тариф» қағидаты бойынша МЖС моделі мемлекет, инвесторлар және халық мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ететін тиімді құрал болып табылады.

– Энергетикалық кешенде жаңа технологиялар мен цифр­ландыру қолданыла ма?

– Біз заманауи шешімдерді енгізудеміз: персоналды оқыту үшін жасанды интеллект жүйелері, электр энергиясын есепке алудың цифрлық технологиялары, жапондық «Kaizen» жүйе­сі. Бұл мүмкіндіктер еңбек өнімділігін арттырумен қатар, жұмысқа тәртіп енгізуге және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді деп есептеймін.

Бір ойшыл айтқандай: «Кайд­зенді енгізген қоғам дағдарыссыз өзгеруге, төңкеріссіз жетілуге үйренеді». Бұл қағида бізге де жақын: біз біртіндеп, серпіліссіз, күйзеліссіз дамып, елорданың тұрақты дамуын қамтамасыз етуіміз керек.

– Кадр мәселесі қалай шешілуде?

– Энергетикада кадрлық әлеует маңызды. Біз отандық және ресейлік ЖОО-лармен техникалық мамандар даярлау бойынша меморандумдар жасастық. Ынтымақтастық есебінен біздің студенттер 40-50%-ға дейінгі жеңілдікпен оқып, оқуын кәсіпорындардағы тәжірибемен ұштас­тыра алады. Бұдан бөлек, біз қызметкерлер үшін жағдай жасаймыз: оқу орталықтарын, фитнес-залдар мен медкабинеттер ашамыз. Саладағы техникалық мамандардың орташа жалақысы бүгінде 400-500 мың теңгеге жетеді, бұл жастарды осы саланы таңдауға ынталандырады.

– Сіз басқаратын сала мегаполис өмірінде принципті маңызды, барлық бюджеттік өтінімдер аймақтық басшылық тарапынан қолдау таба ма?

– Энергетика – стратегия­лық сала. Астана әкімі Жеңіс ­Қасымбек әрдайым тіршілікті қамтамасыз ету мәселелерін бірінші орынға қояды: жарық, жылу және су – бұл қаланың өмірлік негізі. Біздің жобаларымыз Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы тарапынан қолдау тауып, қаржыландыру уақтылы бөлінеді.

Бір шетелдік әріптес: «Энергияны иеленген – әлемді иеленеді» деген болатын. Мен әрқашан қызметкерлеріме: біз тек Астанаға ғана емес, бүкіл Қазақстанға жауаптымыз, себебі елордада барлық мемлекеттік органдар, министрліктер, Президент Әкімшілігі орналасқанын айтып отырамын. Біз оларды үздіксіз энергиямен қамту арқылы елдің жұмыс істеуін қамтамасыз етеміз.

– Жаңартылатын энергия жобалары қарастырылып жатыр ма?

– Біз жаңа буын күн батареяларының технологияларын белсенді зерттеп жатырмыз, олар күн сәулесі жеткіліксіз болған жағдайда да жұмыс істей алады. Қаланың ішінде жел электр стансаларын салу экономикалық және техникалық тұрғыдан орынсыз, алайда елорданың шетінде олар сәтті жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, энергияны тиімді пайдалану және сенімділікті арттыру үшін түрік және қытай компанияларымен ак­кумуляторлық батареялар орнату бойынша келіссөздер жүргізілуде.

– Энергетика – кадр сыртында қалатын адамдардың еңбегі. Әріптестеріңіздің жұмысын қалай бағалайсыз?

– Бұл, шынымен, ауыр еңбек. Біздің мамандар түнде, аязда, боран кезінде апаттық жұмыстарға шығады. Олар қазандардағы температурасы 550 градусқа дейін жететін жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Соңғы үш жылда көптеген әріптес­теріміз мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Бұл – лайықты мойындау. Мен мұны өз тәжірибемнен білемін,  басқармаға тағайындалғанға дейін барлық сатылардан өттім: ЖЭО басқардым, нөсер сулары мен тұрмыс­тық, сервистік мекемелерде жұмыс істедім. Сондықтан «алдыңғы шепте» жұмыс істеудің қаншалықты қиын екенін және энергетиканы арқалап тұрған адамдарды бағалаудың маңызын жақсы түсінемін.

– Қала шетіндегі тұрғындар жиі желілердің тозуына және жарықтың үзілуіне шағымданады. Бұл неліктен және мәселе қалай шешілуде?

– Ашық айтайын: проблемалар бар және олар күрделі. Қаланың ескі бөліктерінде жылу желілерінің тозу деңгейі – 53,4%, ал кабельдік желілерде 34,2%-ға жетеді. Бұған табиғи факторларды қосыңыз: қатты желдер, дауылдар, жер асты сулары. Мысалы, Үркерде кабель арналары жиі су астында қалады, бұл жарықтың өшуіне әкеледі. Адамдар мұны әкімдіктен көреді, бірақ іс жүзінде бұл ауа райының салдары.

Адам факторы да бар. Жауап­сыз құрылысшылар тұрақты қосылыстың орнына «уақытша» қалдырып кетеді, кейін мұндай үйлерде жарық жиі өшеді. Әрине, барлық шағым бізге түседі, бірақ шын мәнінде бұл біздің кінәміз емес.

«Астана-Теплотранзит» АҚ бойынша бүгінгі таңда тозу деңгейі шамамен 53%-ды құрайды. Бірақ біз бұл көрсеткішті төмендету үшін жүйелі түрде жұмыс істейміз: жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырамыз. Соның есебінен тозу біртіндеп азаяды. Астанада жылыту маусымы сегіз айға созылатынын, ал жаз небәрі төрт айға ғана жететінін түсіну керек. Осы төрт айда біз қазандықтарды, жылу трассаларын, қосалқы стансаларды жөндеп үлгеруіміз керек. Кез келген мердігердің кешігуі немесе сапасыз жұмысы мерзімдерге әсер етеді, тұрғындар оны көрмейді, бірақ біз мұндай жағдайлармен үнемі күресіп келеміз.

– Цифрлық шешімдер энергетикада жағдайды өзгерте ала ма?

– Әрине, иә. Шығындар ашықтықтың жоқтығымен тікелей байланысты. Егер барлық желілерді цифрландырсақ, онда әрбір киловатт есепке алынатын жүйе пайда болады. Бүгінде Ascuia жүйесі енгізілді, бірақ болашақта біз процесті автоматтандыруымыз керек: жаңа буын есептегіштері әрбір 10 минут сайын деректерді беретін болады. Бұл адам факторын, кез келген араласу әрекетін болдырмайды және ең бастысы – электр энергиясын ұрлау қау­пін барынша азайтады. Менің сенімім – бәрі өзімізге байланыс­ты. Егер біз жауапкершілікпен жұмыс істесек және қала мен елдің игілігін ойласақ, нәтиже сөзсіз болады. Осы тұрғыдан алғанда: «Үнем мәдениеті – адамдар ресурстардың санына емес, оларды пайдалану сапасына мақтанғанда қалыптасады» деген сөз өте орынды. Біз дәл соған, яғни Астананың энергетикасын қуатты ғана емес, сонымен қатар тиімді, заманауи қала талаптарына сай етуге ұмтыламыз.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button