Басты ақпаратЕл тынысы

Сенімді диалог пен өзара түсіністік

Ақордада Италия Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Онда Мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың Қазақстанға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл сапар Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен бұрыннан келе жатқан серіктестікті растайды.

– Президент мырза, Сізді мәртебелі мейман ретінде қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған. Сіздің еліңізге құрметіміз ерекше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда. Біздің экономикалық байланыстарымыздың негізі берік. Түрлі саладағы қарым-қатынасымыз жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы ретінде екіжақты ықпалдастықты нығайтуға үлес қосуға әзірмін, – деді Қазақстан Президенті.

Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырудың маңызына тоқталды.

– Сіздің былтыр қаңтар айында Римге жасаған сапарыңыздан кейін Астанада кездескеніме қуаныштымын. Өзіңіз атап өткендей, елдеріміз арасындағы қарым-қатынас ұдайы нығайып, тығыз әрі табысты сипат алды. Екі елдің сауда-экономикалық, мәдени салалардағы ынтымақтас­тығы жылдан жылға ілгерілеуде. Университеттер арасында серіктестік жолға қойылғанын көріп отырмыз. Достық көңіліңізге алғыс айтамын, – деді Италия Президенті.

Тараптар екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттары, сондай-ақ өңірлік және халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.

Кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелланың келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастық берік саяси диалогқа, қарқынды экономикалық серіктестікке және тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарға арқа сүйейтінін атап өтті. Серджо Маттарелланың Астана мен Рим арасындағы серіктестікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосқанына назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Римге жасаған ресми сапары барысында Қазақстан – Италия ынтымақтастығына тың серпін берген маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне тоқталды.

– Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз. Италияның соңғы жиырма жылда экономикамызға құйған инвестициясы 7,6 миллиард долларға жетті. Бүгінде қазақ жерінде 250 италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ынтымақтастықты тереңдетудің перспективті бағыттарын айқындады. Оның ішінде аса маңызды шикізат материалдары, мұнай химиясы, машина жасау, көлік-логистика, жеңіл өнеркәсіп, тағам өнімдерін қайта өңдеу, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларына баса мән берілді.

Тараптар екі ел БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар аясында белсенді ықпалдастық орнатқанын атап өтті. Жемісті жұмыстардың үлгісі ретінде «Орталық Азия плюс» диалог алаңын, сондай-ақ биыл мамыр айында Астанада өткен «Орталық Азия – Италия» бірінші саммитін айтуға болады. Қазақстан тарапы Италияның аталған бастаманы іске асыруға қолдау көрсеткенін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонимен өткен достық кездесуді, сондай-ақ оның Астана халықаралық форумында басты спикер ретінде баяндама жасағанын ықыласпен еске алды.

Кездесуде тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне де ерекше көңіл бөлді. Осы орайда Қазақстан Президенті Астананың орталық көшелерінің бірін саяхатшы Марко Поло есімімен атау жөнінде шешім қабылданғанына тоқталып, мұны қос мемлекеттің берік достығының символы ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Италия Президенті серіктестікті одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, екі ел арасындағы сенімді диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын жеткізді.

– Біз үшін бұл сапардың мәні зор. Сіздің былтыр Римге жасаған сапарыңыз өзара қарым-қатынастың маңызды кезеңі ретінде ынтымақтастығымыздың одан әрі нығаюына берік негіз қалады. Бұл қадамдар серіктeстігімізге барлық бағытта ерекше сипат береді. Мәдениет саласындағы ықпалдастығымыз белсенді дамып келеді. Италия Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Мәдениет орталығын ашады. Елорданың бір көшесін Марко Полоның құрметіне атау туралы ұсынысыңыз қос мемлекеттің байланысын одан әрі тереңдетуге бейіл екеніңізді көрсетеді. Бұл қолдауыңыз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Серджо Маттарелла.

Келіссөз соңында тараптар Президент Серджо Маттарелланың ресми сапары Қазақстан – Италия қарым-қатынасы тарихының жаңа парағын ашатынына сенім білдірді.

«Достық» орденімен марапатталды

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелланы бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

– Италия – Қазақстанның Еуропа одағындағы маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі. Бүгінде екі ел арасында берік достық пен сыйластыққа негізделген байланыс орнады. Барлық деңгейдегі ықпалдас­тығымыз қарқынды дамып келе жатыр. Италия Президенті осы оң үрдіске қолдау білдіріп, елеулі үлес қосып келеді. Мен мұны жоғары бағалаймын. Сол себепті бүгін мен жоғары мәртебелі Президент Серджо Маттарелла мырзаға бірінші дәрежелі «Дос­тық» орденін табыстадым, – деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында.

Мемлекет басшысы қазақ халқының Италия халқына деген құрметі ерекше екенін баса айтты.

– Екі ел арасындағы өзара тығыз қарым-қатынас дәстүрлі достыққа негізделген. Біз Италияның бүкіл әлем өркение­тінің дамуына қосқан зор үлесін мойындаймыз. Бұл марапатты қазақ елінің сізге және сіздің еліңізге деген риясыз көңілі деп қабылдаңыз, – деді Президент.

ЕҢ ЖОҒАРЫ ОРДЕН ТАПСЫРДЫ

Қазақстанға ресми сапармен келген Серджо Маттарелла ­Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италияның ең жоғары наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін тапсырды.

– Еліміздің бұл жоғары наградасы Италиямен достық қатынасты нығайтуға үлес қосқан мемлекеттер басшыларына ғана беріледі. Сіздің әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге және бейбітшілікті қолдауға бағытталған қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ Италия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ұдайы атсалысып келе жатқаныңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сізге табысталып отырған бұл марапат – біздің Республикамызға сіңірген еңбегіңіздің бағасы, – деді Италия Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың қолынан Италияның жоғары мемлекеттік наградасын алу зор мәртебе екенін жеткізіп, алғыс айтты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button