Ел тынысы

Азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға бағытталған «Береке Fest» акциясы өтуде

Қазақстанда 30 қазанға дейін жалғасатын республикалық «Береке Fest» акциясы басталды. Оның мақсаты – әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру, отандық тауарөндірушілерді қолдау және қазақстандық өнімдердің халық үшін қолжетімділігін арттыру, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Акцияға бүкіл республика бойынша шамамен 80 сауда желісі қатысуда. Олардың қатарында Magnum, SMALL, Anvar, Toimart, Фермаг, Dina, Астықжан, Норма, Дана сияқты ірі ритейлерлер, сондай-ақ өзге де өңірлік желілер бар.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Береке Fest» акциясының басталу барысымен танысты. Жұмыс сапары аясында ол елордадағы Magnum, Anvar және Small сауда желілеріне барып, бизнес тарапынан баға саясаты мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша қолға алынған бастамалармен танысты.

Акция елдің барлық өңірін қамтып отыр. Оның негізгі мақсаты – әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру, отандық өндірушілерді қолдау және қазақстандық өнімдерді халық үшін қолжетімді ету.

Бағаның төмендеуі сауда үстемесін азайту және фермерлерден тікелей жеткізуді жолға қою есебінен мүмкін болып отыр. Айта кету керек, бұл бастама аясында сауда желілері тек жергілікті өнімдерге ғана емес, импорттық тауарларға да сауда үстемесін азайту арқылы акциялар ұйымдастыруда. Ұсынылған жеңілдіктердің ассортименті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық түрін қамтиды.

Акция аясында ірі сауда желілерінде қазақстандық өндірушілердің өнімдері қойылған арнайы промоаймақтар жасақталды. Негізгі міндет – отандық өнімді ілгерілету және сауда желілері мен жергілікті жеткізушілер арасында тұрақты әріптестік орнату. Бұл шаралар ішкі сұранысты ынталандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға да ықпал етеді.

Сонымен қатар акцияға қатысатын барлық сауда орындары бірыңғай визуалды стильде безендіріліп, тұтынушыларға ыңғайлы навигация жасалды және қолжетімділік пен жергілікті өндіріс ерекше айқындалды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button