Зұлпықардай жарқылда…

Атам қазақта «зұлпықардай жарқылдап» деген сөз баяғыдан айтылып келеді. Түркі әлемінде Тұранның ұлы перзенттерінің бірі Бабыр бабамыз Үндістанда билік құрып тұрған кезінде Самарқан мен Хорезмде жасалған зұлпықар алдаспанды ала барыпты деген аңыз бар… Ислам әлемінде аса киелі «зұлпықар» алмас қылышы Алаш үшін де ерекше қастерлі, айрықша қадірлі болғаны ақиқат. Содан да үміт еткен перзент дүниеге келгенде қазақ атамыз қасиетті алдаспанның атын адам намына балай қоятыны тегін емес. Ондай есімге ие болған азаматтар да сол сұрапыл алдаспандай жарқылдап жан шуағына бөленгені тарих сілемдерінен қылаң береді.
Менің қырық жылғы досым – Зулфухар Сұлтанұлына да мұсылман атаулының жанына жақын, тамырынан қазақ ұлтының жадына таңбаланған сәулелі есімді атасы алқалы әулеті ішінде жеке-дара азан шақыра қоюы бекер емес…
Зулфухар жарық дүниеге аясы кең де ойлы жанарымен таңдана қарап, әлемге әз жүрегімен қуана күліп келгені зәу-затына аян. Қазақтың аса белді руының бірегейі, дулығалы дулаттан шыққан Қайып ақсақал ыстық құшағына алып, бауырына балапандай басып, сүйікті немересін сүйекті азамат болсын деп сәби кезінен баулығаны тағы рас. Арғы тегі алты Алашты аузына қаратқан әулие Төле бимен ұласып жатқан зиялы ақсақал немересі Зулфухарға ата-баба салт-дәстүрі мен байсалды мінезге, қажырлы еңбек пен қайратты сезімге қанықтырып өскені бесенеден белгілі.
Аруақты атаның тәлім-тәрбиесі ізсіз кеткен жоқ. Жастайынан қазақтың тегі мен тарихына қызығып, ерен елі мен жайық жеріне таңданып, бетегелі белі мен берекелі ерін білсем деп, алқалы жерде сөз сөйлеп, айдынды көлде жүзсем деп мектепте жүріп-ақ алыс арманына қол созды. Сол жастық шақтағы арман мінезге байыпты, шешімді сөзге байламды Зулфухар досымды асқақ Алатаулы ару Алматыға асыға аттандырыпты.
О бастан жұлдызы оңынан туған, алдынан Алла мен аруақ қолдаған ұлықты ұл ҚазМу-дың тарих факультетіне түсті. Ата тегіне тән білікті, тумысынан ілім қонған жас азамат білім алуға құштарлана ұмтылғаны шындық. Самал ескен сұлу Алатаудың гүлзарлы қойнауында тарих тереңіне құныға түсіп, студенттік шақтың ұмытылмас сәттері мен жастық қызуға толы тағдырдың талмауыт күндерін басынан риясыз өткерген-ді… Ол да жарқын жастық шақтың жалтылдаған дос-жаранға толы, айнымас қызығы мен басылмас құмары алға жетелеген өмірдің бір белесі екен.
Сұлу шаһар Алматыда жүрсе де жер жәннатындай Ақсу-Жабағылының етегіндегі Қасқасу ауылында балалық шақтың балдәурен күндері көз алдынан кетпейтін. Сол жерде мектепті үздік тәмамдап, туған ағасының соңынан арман қуып аттанса да, туған жерден кіндігін үзген емес. Айтқанынан айнымас Қайып атасы мен әке-шешесінің, бауырлары мен қарындастарының мейірімге толы жан шуағы санасын сағынышқа толтыратын.
Анасының қолын ұзартар келін түсіруге асығатын-ды. Еркін Шажаұлы мен Нұрсерік Кәрімұлы достарының ортасында Ақсудың арқарындай болып жүрген азамат Аймандай сұлуға сөз салған. Ақжайықтың ақ бекіресі мен қызыл шоқырын ғана жеп өскен еркетотай, суда жүзген жас сазандай сұлуды қолға құс қылып қондыруға бар өнерін салып баққан. ҚазМУ-дың тарих факультетінің оқу үздігі һәм белсенді студенті, ақынжанды Айман сұлуға қол жеткізу оңай емес-ті. Ақыры, ай маңдайлы ару Айманды қаршығадай ілген. Атыраудың ақ періштесін Қасқасудың келіні етіп, ауылында сызылтып шәй құйғызған күндері кеше ғана сияқты еді… Көп кешікпей туған-туыс пен достарды қуантып тізгінтартар» Рауан мен «ақшөнтай» Арай жарық дүние есігін ашқан. Уақыт зымыран зулап, жылдар жылжып, көзмоншақтай болып айналайын Шырай да шаңырақты шуаққа бөлей келді.
Бұл күнде талтүсінің табалдырығын аттаған азамат немерелерін сүйіп, өмір қуанышына кенеліп, көңіл қошына бөленіп, тағдыр тақтасында жорғадай тайпалып келеді. Оған куәгер өмір соқпақтарында жолыққан ғалым ағалары мен құрдастары, ұстаздық жолдағы шәкірттері мен қызметтес әріптестері, жолдас-жора мен дос-жарандары.
* * *
Еңбекпен өткен тағдыр жолы талмай ізденуден, парасатты білік пен терең білімнен құралыпты. Қаршадай кезінен ілім-білім қусам деген қайратты досым Зүкең – Зулфухар Сұлтанұлы сол межеден бір мысқал түспепті. Ғылым көкжиегінде іргелі ізін қалдырып, тарих пен саясаттану саласында сындарлы соқпағын салып келеді.
Ол – күрті-күрті құмдай күрделі қоғам иірімінде аса сергек, қайықтай қалтылдаған сәтте салмақты сөз айта білетін саясаткер азамат. Осы жағдайға да қазақ айтатын «қос ат мініп қуғандай» болған білім мен табиғи білігі арқылы келгені ақиқат.
ҚазМУ-ді сонау 1993 жылы үздік дипломмен бітірісімен осы оқу ордасында ғылыми қызметкер ретінде қалдырылды. Ол университет тарихында тұңғыш рет жарық көрген «ҚазҰУ хабаршысы» журналының алғашқы редакторы да болды.
Ол бір қоғам қояншық ұрғандай аласапыран кез еді…
Еліміз жаңа ғана тәуелсіздікке қол жеткізіп, оң-солын тани алмай абдырап, жұрт ертеңгі күніміз қалай болар екен деп, үміті солғын, үрейі күшті уақыт болатын. Сол кезде саясаттану мен жаңа тарихтан дәріс оқыған жап-жас лектор Зулфухар Сұлтанұлы қуыс көкіректерге сәуле құйып, сергелдең жүректерге имани сезім үйіріп, алдында көздері мөлдіреп отырған қазақ баласының келешегіне сенім ұялатқан-ды. Бүгінде оның бәрі де түс сияқты… Ол – сол уақта болмашы жалақыға қызмет істеп, жас та болса жаңа шаңырақ көтерген отбасы қиыншылығына барынша шыдап, ғылым мен ұстаздыққа адалдығынан айнымаған санаулы азаматтардың бірі де бірегейі.
Білімі мен білігі жарасқан жас азамат сүйікті университетінің қабырғасында жүріп, «Философия және саясаттану» факультетінде жауапты қызметтер атқарып, жастардың ғылыми шығармашылығына жол ашып, болашақ ғалымдардың жолын айқындауға көмектесті. «Жас ғалымдар кеңесін» басқарды, «Ғылыми кеңестің» белсенді мүшесі болды.
Міне, өмір баспалдақтарында ол осылайша шарболаттай шыңдала түсті. Тумысынан парасаттылық бойына біткен Зулфухар Сұлтанұлы факультеттің «Оқу ісі жөніндегі деканның орынбасары» қызметі мен ұстаздық міндетін қатар атқара түсіп, ғылыми ортада өзінің ғалымдық дарынына да уақыт таба білді. Ғылыми ізденісін де өрістете берді.
Еліміздің тарихында ерекше орын алатын, Қазақ ССР-нің алғашқы Сыртқы істер министрі болған Төлеген Тәжібаевтың саяси қызметіне арналған кандидаттық диссертациясын жазды. 1999 жылы оны сәтті қорғап шықты.
Уақыт деген – құр аттай жүйірік қой, бедері мен белгісі санадан тез шайылып кететін бір ғайып құбылыс. Көзді ашып-жұмғанша сағым жылдар сусып өте шығады, қалай өтіп кеткенін аңғармай да қаласың… Сынаптай аққан сол уақыттың жалынан уыстап үлгермесең, бәрі де кеш болады. Зулфухар да мұны бек түйсінетін. Тіршілік ағымындағы күйбең тірлік мойын бұрғызбайын десе де, қабақ шытпастан қызметтің қиюын келтіріп жүрді. Әлі күнге сол бетінен тайған да, тайсалған да, қажыған да емес.
Ағынды судай сырғып, қазақ қоғамы жаһандану атты аждаһаның көмейіне жұтылмаудың қамына кірісіп, жанталаса ел болуды ойлап жатқаны ғалым азаматтың сана сүзгісінен сүзіліп өтіп жатты. Сондықтан да ол жаһандану дәуірінің күрделі қырларын терең интуиция биігінен зерделеп, саяси ғылымдар бойынша докторлық диссертация қорғап, ғылым биігіне бет бұра көтерілді. Бұл меже де өмір өлкесінде алынған биік асу еді.
Зулфухар достың еңбек жолы – жастарға үлгі боларлық тәрбиелігі зор, тағылымы мол жол. Оны республикамыздың Білім және ғылым министрлігіне тегін шақырмады. 2010-2013 жылдары аралығында Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті» төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Бұл – білім мен ғылым саласындағы реформалар мен дамудың бел ортасында белсене еңбек етіп, байыппен білігін танытқан жылдар болды. Жауапты қызметті абыроймен атқарды.
2013 жылдан 2022 жылға дейін Астанадағы тарихы ғасырдан асқан «Көлік және коммуникация колледжінің» директоры ретінде қызмет қылды. Мұнда бай тәжірибесін тағылымдай отырып, колледж қабырғасындағы білім беру ісінде елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Оның басқаруымен колледж сапалы мамандар даярлайтын ең беделді оқу орнының біріне айналды. Зулфухар Сұлтанұлы бастамаларын колледж коллективі әлі күнге дейін ілтипатпен жалғастырып келеді.
Зүкең досым қоғамдағы күрделі мәселелерге келгенде үнемі өз сөзін айтып, айқай-шусыз араласып, белсенді де пәрменді азамат екендігін танытып келе жатыр. Оны жоғары билік орындары да байқап, Зулфухар Сұлтанұлын қоғамдық қызметке барынша тартып отырады.
Ол 2016 жылы он алтыншы шақырылымдағы Астана қаласы мәслихатының депутаты болып сайланып, ел мүддесі үшін белсенді қызмет етті. Сол жылдарда қаланың іргесіндегі Көктал І, Көктал ІІ шағын аудандарында жол мен инфрақұрылым мәселесіне қатысты жөндеу жұмыстары қарқынды жүрді. Мөлтек аудан ішіндегі жолдарға түгелдей асфальт төселуіне, орталық кәріз жүйесі мен орталық су құбырының қосылуына себепкер болды. Мекенжайдағы заманауи орта мектептің жанынан қосымша ғимараттың салынуына, тұрғын алқапта шағын емдеу орталығының ашылуына және халық демалатын үлкен саябақтың бой көтеруіне мұрындық болып, ел-жұрттың алғысына бөленіп, қарашамен тығыз қарым-қатынаста еңбек етті. Осы еңбектері қоғам мен билік тарапынан жоғары бағаланып «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды.
Ал 2019 жылдан бері Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық диалогтың, халық пен билік арасындағы алтын көпірдің берік болуына аянбай еңбек қызмет етіп келеді. Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселесіне үзбей атсалысып жүр.
2022 жылдан бастап ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық Құрылтайдың мүшесі атанды. Зүкең – Құрылтайдағы Білім және ғылым жөніндегі комиссияның белсенді мүшесі ретінде, еліміздегі азаматтық қоғам мен білім- ғылым саласының дамуы бойынша өзінің азаматтық көзқарасын ашық білдіріп жүрген азамат. Бурабай кентінде өткен IV Ұлттық Құрылтай отырысында да Зүкеңнің берген тұшымды ұсыныстарына Мемлекет басшысы көңіл аударып, өзінің қолдау пікірін қадап айтты. Ал дәл қазіргі уақытта – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясат пен қоғамдық қатынастар орталығының директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
Көкорай Қасқасудан бозбала шағында арманын аққуға балап аттанған Зулфухар досым бүгінде Ақсу-Жабалығының әсем шыңдарын оймен шолып, қиялмен қияларды кезіп, жер арқасы Сары-Арқа сүбесінде табанын нық басады. Қасында Жайықтың үр сұлуы, ғалым жары Айман Мақсотқызымен бірге қолтықтасып, немерелерін Есіл бойында қайықпен қыдыртып, шаңқай түсте Астана самалымен еркін тыныстайды.
Ғанибет, досым, ақжал толқынды өмір айдынында зұлпықардай жарқылдап жүзе бер!..
Асқар АЛТАЙ,
жазушы