Басты ақпаратМәселе

Әр тамшысы – байлық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс» деп атап көрсеткен еді.

 Президент бұл түйткілді бірінші рет көтеріп отырған жоқ. 2023 жылғы Жолдауында да ол суды тиімді пайдаланудың ел тағдыры үшін қаншалықты маңызды екенін баса айтқан еді. «Су үнемдеу – алдымызда тұрған аса маңызды стратегия­лық міндет. Бұл мәселеге қатысты цифрландыру жұмысын жүргізу өте өзекті. Оны қарқынды түрде жүзеге асыру керек. Шындығын айтсақ, қазіргі жағдай жалпы мәз емес» деп жұртшылықты барынша үнемшілдікке шақырып, құзыр­лы мекемелерге нақты шаралар қабылдау қажеттігін ескерткен-тұғын.

Осы үндеуден кейін көп уақыт өтпей-ақ мемлекет деңгейінде шешуші қадамдар жасалды. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, саланың жүйелі дамуына серпін берілді. Бұған дейін әр салаға бөлініп кеткен су шаруа­шылығының міндеттері енді бір орталықтан басқарылады. Жаңа министрлікке трансшекаралық өзендерден бастап ауылдық жерлердегі су құбырларына дейінгі мәселелерді кешенді шешу тапсырылды. Бұл – судың ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарастырылып отырғанының айқын дәлелі. Сонымен қатар жаңа Су кодексінің қабылдануы да маңызды бетбұрыс болды. Бұрынғы заңнамалық нормалар заманауи талаптарға жауап бермейтін, су қорын пайдаланудағы олқылықтарды жойып, нақты жауапкершілікті жүктеу­де әлсіз болатын. Жаңа құжатта су ресурстарын есепке алу, бөлу, қорғау және пайдалану тәртібі анық көрсетіліп, цифрлық технологияларды міндетті түрде енгізу мәселесі заңдық тұрғыдан бекітілді. Бұл судың әр литрі мемлекет бақылауында болуы тиіс деген ұстанымды бекіте түсті.

Тағы бір маңызды бастама – Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ашылуы. Кадр даярлау ісі бүгіннің ең өзекті мәселесіне айналып отырғаны жасырын емес. Су саласында білікті маманның тапшылығы көптен бері айтылып келеді. Жаңа оқу орны осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталды. Университет заманауи зертханалармен жабдықталып, шетелдік тәжірибені меңгерген оқытушыларды тартуға басымдық беруде. Мемлекет грант санын екі есеге ұлғайтып, су мамандарын даярлауға айрықша қолдау көрсетіп отыр.

Бұл реформалардың барлығының түпкі мақсаты – Қазақстандағы су саясатын түбегейлі өзгерту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, ең бастысы – болашақ ұрпаққа жеткілікті су қорын сақтау. Су – жай ғана табиғи ресурс емес, елдің экономикасын өрге сүйрейтін, аграрлық сектордың өнімділігін арттыратын, өнеркәсіпті ілгерілететін, қала мен ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартатын негізгі тірек. Сондықтан Мемлекет басшысының су мәселесін әр Жолдауда қайталап көтеруі – уақыт талабы әрі стратегиялық көрегендік.

Еліміздің жүрегі – Астана қаласы су тапшылығының нақты мысалын көрсетіп отыр. Соңғы 20 жылда елорданың халқы екі еседен артық көбейді. Қалада бүгінде 1,4 миллионнан астам адам тұрады. Жыл са­йын жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп, өндіріс орындары ашылып, инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Бірақ бұл өсім суды тұтыну көлемін бірнеше есеге арттырды.

Астана географиялық тұрғыдан суға бай аймақта орналаспаған. Қала, негізінен, Есіл өзеніне және оған жалғас жасанды су қоймаларына тәуелді. Алайда климаттың өзгеруі, жауын-шашынның азаюы, өзен суының тартылуы елорданы сумен қамтуға айтарлықтай қысым түсіріп отыр. Әсіресе жаз айларында суға деген сұраныс күрт өсіп, сумен жабдықтау жүйесінде ақаулар жиі байқалады. Мәселен, сарапшылардың есебінше, Астана тұрғындары тәулігіне орта есеппен 350-400 мың текше метр ауыз су тұтынады. Бұл көрсеткіш қала халқы көбейген сайын өсе береді. Қала әкімдігі алдағы 10 жылда бұл көлем екі есеге де­йін артуы мүмкін деп болжауда. Демек, жаңа су көздерін іздеу, барын үнемдеу – ертеңнің емес, бүгіннің міндеті.

Астанадағы жағдай су сая­сатын түбегейлі өзгерту қажеттігін айқын көрсетіп отыр. Біріншіден, су үнемдеу мәде­ниетін қалыптастыру – басты басымдық. Көпқабатты үйлерде суды есептеу құрылғыларының бірыңғай жаңа үлгісін орнатып, «ақылды есептегіштерді» енгізу қажет. Бұл тек суды үнемдеу­ге ғана емес, халықтың төлем жүйесін әділ жүргізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, қалаға қосымша су көздерін тарту мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Жаңа су қоймаларын салу, Есіл өзенін тереңдету, жаңбыр суын жинақтау жүйесін енгізу – болашақтағы дағдарыстың алдын алатын шаралар. Үшіншіден, цифрландыру арқылы су инфра­құрылымының әр буынын бақылау қажет. Қаланың қай бөлігінде судың көп шығындалып жатқанын, қай жерде құбырлардан ағып жатқанын, қай аумақта қысым жеткіліксіз екенін нақты көрсететін жүйелерді іске қосу – қазіргі заман талабы.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов 2025 жылғы 12 мамыр­да Мәжілісте Астанада болашақта су тапшылығын болдырмау мақсатында үш ірі жобаның жүзеге асып жатқанын мәлімдеген болатын.

«Бірінші жоба – №4 сүзгі­леу-сорғы станциясы мен Сәтпаев атындағы су құбырының құрылысы. Ол тәулігіне 200 мың текше метр ауыз су өнді­руге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоба-смета құжаттамасы әзірлену үстінде. Екінші жоба – Нұра жерасты су көзінен су құбырының құрылысы. Ұзындығы 67 км болатын бұл су құбыры тәулігіне қосымша 38 мың текше метр су жеткізуді қамтамасыз етеді. Ал үшінші жоба – «Тельман» сорғы станциясынан техникалық су құбырының құрылысы. Жобаның құны – шамамен 17,6 млрд теңге. 2025 жылы жергілікті бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінеді» деді ол.

Сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша Астана су қоймасы 55 жылдан кейін алғаш рет тазартылды. Биыл Астана су қоймасынан 50 мың тонна лай шығару жоспарланған. Бұл жұмыстар қазан айы­ның соңына дейін жалғасып, жыл сайын 13 жыл бойы жүргізіледі. Нәтижесінде Астана су қоймасының сыйымдылығы 47 млн текше метрге артады.

Астанадағы су тапшылығы – Қазақстанның су саясатына кешенді көзқарас қажеттігінің айғағы. Егер елордада сумен қамтуда қиындықтар туындап отырса, өзге аймақтардағы жағдайдың қаншалықты күрделі екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан Президенттің Жолдауда айтқан бастамалары – уақытылы әрі стратегиялық шешім. Су – ұлттық қауіпсіздіктің кепілі, халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасының негізі. Ендеше суды басқару ісін кешіктірмей реформалау – мемлекет үшін ең маңызды міндеттердің бірі.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button