Киізден – ақын бейнесі

Ұлттық музейде Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Өнер – таусылмас азық» атты шеберлік сабағы өтті.
Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа қазақ халқының қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, киізден Абай Құнанбайұлының бейнесін жасау. Киізбен жұмыс жасау арқылы, халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұтуға үйрету.
Оған Астана қаласы А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты. Іс-шара барысында оқушыларға өнер және оның түрлері туралы ақпарат беріле отырып, ұлы ақынның сөз және музыка өнерін меңгергені жайлы айтылды.
Экскурсия жүргізушісі Аяна Абаева Абайдың өмірі мен шығармашылығына бойлай отырып, Ұлттық музейі экспозициясындағы жәдігерлерімен таныстырды. Өз кезегінде оқушылар хакімнің өлеңдерін оқып, қара сөздеріне тоқталды.
Қолөнермен бала жастан машықтанған, сегіз қырлы, бір сырлы қолөнер шебері, «Хас шебер» отандық өнімдерді дамыту қауымдастығының мүшесі Жаңыл Жалғасбаева киізбен жұмыс жасаудың қыр-сырын түсіндіре отырып, оқушыларға Абай бейнесін сомдаудың әдіс-тәсілдерін үйретті.