Мәдениет

Мәмбетов театрының табыстары

Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры Талдықорған және Алматы қалаларында өткен театр фестивальдерінен олжалы оралды.

Талдықорғанда ұйымдас­тырылған Халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бикен Римова атындағы «Biken» атты ІІІ халықаралық театр фестиваліне аталмыш өнер ұжымы «Чарли Чаплин» қойылымын ұсынды.

Трагикомедия жанрындағы бұл туындының премьерасы 2022 жылдың қазан айында өтті. Инсценировка авторы әрі қоюшы режиссері – Николай Балабан. Қазақ тіліне аударған – Ілияс Мұратбек. Спектакль атауы айтып тұрғандай, бұл туынды дыбыссыз кино дәуірінің королі, атақты күлдіргі актер Чарли Чаплинді арқау етті. Фестивальде бұл қойылым «Үздік пластикалық режиссура» аталымын жеңіп алды. Жалпы осы спектакльді белгілі театр және кино актері, режиссер, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Досхан Жолжақсынов бастаған қазылар алқасы жоғары бағалады.

Көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың «Танагөз» поэмасының желісімен қойылған, әдеби туынды аттас спектакльді Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры өткен маусымда ғана сахналады. Қойылым «Ticketon Awards-2024» нұсқасы бойынша «Жылдың үздік спектаклі» атанып үлгерді. Алматыда өткен ІІ республикалық жас режиссерлердің театр фестиваліне ұсынылған, мелодрама жанрындағы дәл осы қойылымды сахналаған Әли Бидахмет 1 500 000 теңгелік арнайы жүлдемен маратталды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button