«Абай арманы» мен шырағданы

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған қос концерт ұсынды. Оның алғашқысы француз композиторы Пьер Тиллуаның «LE SONGE D’ABAÏ» («Абай арманы») атты шығармасының Қазақстандағы тұсаукесері болса, екіншісі – белгілі әнші, аталмыш ұйымның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқалидің «Abai Lab» аталатын шығармашылық кеші.
Шетелдік композитор «Абай арманы» туындысын FORTE TRIO мемлекеттік триосына арнайы жазды. Бұл шығарманың тұсаукесері алғаш рет 2023 жылы Францияда өтсе, ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай қазақ топырағында қайта жаңғырды.
«Абай арманын» FORTE TRIO мемлекеттік триосы мен арнайы шақырылған дирижер, есімі Еуропаға кеңінен танымал Мария Бенюмованың дирижерлігімен Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі орындады. Сондай-ақ концерттік бағдарламада Габриэль Форенің «Маски мен Бергамаски» сюитасынан Увертюра мен Гавот, оп. 112, Феликс Мендельсонның №4 симфония, ля мажор, оп.90, Арман Жайымның «Кероғлы», Илья Башкатовтың өңдеуіндегі «Ән шашу» шығармалары әуеледі.
Ерлан Рысқалидің «Abai Lab» кеші атауының алдымен сырын ашайық. Бұл қазақ және ағылшын тілдерінде екі мағынаны береді. Ана тілімізде ұлы ақынның музыкалық мұрасына абайлап келу дегенді білдірсе, ағылшынша Абайдың шығармашылық лабораториясына бойлау дегенге саяды.
Кеш иесі шынымен мұны біраз зерттеген екен. Концертте Абай әндерінен бастап, оның өнерлі ұрпақтарының, айналасындағы әнші-композиторлардың туындылары ұсынылды. Соның ішінде Мұхамеджан Майбасарұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Уәйіс Шондыбайұлы, т.б. халық композиторларының әндері шырқалды. Абай бұл өнерпаздарға шырағдан іспеттес тұлға еді. Әнші бұл әндерді айтып қана қоймай, көрермендерді шығу тарихымен таныстырып отырды. Арасында қызық деректер де айтылды. Мәселен, ертеде қазақ құдалыққа барғанда жаңа ән ұсыну дәстүрі болған. «Қыз Жібек» фильмінде шырқалатын «Ақылбайдың әні» сол дәстүрден туған екен.
Айтылған туындылардың арасында Абайдың елге белгілі әндерінің тың нұсқалары да болды. Мұның кейбіреуі Александр Затаевичтің қазақ әндері жинағынан алынған екен. Ерлан Рысқали кезінде Шәкәрім ұстаған домбыраны тауып, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне тапсырды. Сондай домбыраның көшірмесін де арнайы жасатты. Кешке жинағандар соның үнін де естіді.
Концертте Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов секілді ән алыптарының, Ерланның ұстазы Санақ Әбеуовтің, Шәкәрім мұрасын жинақтаған Келденбай Өлмесековтің, әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимовтың есімдері жаңғырды.
Ерлан Рысқали қазір нағыз әншілік бабында екен. Екі сағатқа созылған кешінде дауысы қарлықпай, болдырмай жиналған жұртшылықтың құлақ құрышын қандырып, жансарайын ашты. Осы кеші арқылы Абайдың музыкалық мұрасын ұсынумен қатар, оның айналасында әнші-композиторлардың үлкен шоғыры қалыптасқанына көз жеткізді. Концерт соңында әншіге туған елі Абай облысының атынан сый-құрмет көрсетілді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ