«Келешек мектебінің» келешегі жарқын

Президенттің тапсырмасымен «Келешек мектептері» жобасы аясында ашылған жаңа білім ордалары оқыту бағдарламасының ерекшеліктері және заманауи жабдықталуы жағынан бала үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл білімді де саналы ұрпақ тәрбиелеуде, оқушыларды жан-жақты дамытуға жағдай жасайтын инновациялық орта құрудағы маңызды қадам болды. Солардың бірі — Астана қаласындағы №116 Келешек мектебі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мектептің оқу-тәрбие процесіне енгізілген цифрлық және шығармашылық шешімдер, заманауи үйірмелер мен қосымша білім беру бағыттарының баланы жан-жақты дамытудағы ықпалы зор.
-«Келешек» мектебі» – еліміздегі жаңа форматтағы инновациялық мектептердің бірі. Біздің мектеп осы жаңа оқу жылында іске қосылды. Бүгінгі таңда 2877 оқушымыз бар. Оларға 121 педагог маман сабақ береді. Сонымен қатар бізде ерекше балаларға арнайы жағдай өте жақсы жасалған. Мектебімізде 1-8 сыныптар бойынша 50 оқушы ерекше білім беруді қажет етеді. Бұл балалармен педагог ассистенттер, логопедтер, психологтар, әлеуметтік педагогтар, дефектологтар жұмыс істейді. Мектептің кадрлық жағдайы тұрақты. Бәрі де конкурстық негізде жұмысқа алынды. Ішінде жоғары санатты мұғалімдер үлесі басым. Соның ішінде 2 шебер-педагог, 25 зерттеуші, 26 педагог-сарапшы ұстаздарымыз бар. Алда үлкен жоспарлар бар. Себебі бұл оқу ордасында көптеген маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заманауи жабдықталған кабинеттер мен жабдықтар жеткілікті. Әр түрлі бағыттағы жобаларды жүзеге асыратын боламыз, — дейді мектеп директоры Эльмира Ілиясова.
«Келешек мектебінің» негізгі ерекшеліктері:
— Сапалы білім беру:
-Білікті мұғалімдер құрамы;
— Инфрақұрылым: мектеп заманауи жабдықтармен, смарт кабинеттермен, ІТ, STEM, робототехника сыныптарымен жабдықталған;
— Қос тілде оқыту: Қазақ және орыс тілдерінде білім береді;
— Құндылықтарға негізделген тәрбие: адалдық, патриотизм, еңбекке баулу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі;
— Қауіпсіз орта: бейнебақылау, күзет, санитарлық талаптарға сай жағдай жасалған;
— Әлеуметтік қолдау: көмекке мұқтаж оқушылар үшін мектеп тарапынан қолдау шаралары қарастырылған.
Директордың айтуынша, мектепке енгізілген «Адал азамат» бағдарламасының 6 жобасы да білім ошағында жүзеге асырылмақ. Соның ішінде «Балалар кітапханасы» жобасына басымдық беріп, оны мектеп бойынша үш негізгі бағытта дамытуды көздеп отыр. Бір бағыты «Оқуға құштар мектеп» бойынша балаларды үш буынға бөліп кітап оқытады.
-Бұл бойынша балалар бірінші қазақ тілінде көркем әдеби кітап оқып, тест тапсырады, сосын орыс және ағылшын тілдерінде де оқып, тағы тест тапсырады. Төртінші кезеңінде барлық оқыған кітап бойынша сұхбат жүргізіледі. Оларға пән мұғалімдері қазылық етеді. Қорытындысы оқу жылының соңында, мамыр айында шығарылады. Балалардың қызығушылығы өте жоғары, — дейді мектеп басшысы.
Аталған мектепке елордадағы бұрынғы үш ауысымдық мектептерден және басқа өңірлерден келіп жатқан оқушылар көп. Солардың бірі — Батыс Қазақстан облысынан келген Бектөре Құдірет 9-сыныпқа қабылданды.
-Мектептің сыртқы және ішкі келбеті әдемі, спорт залдары да жақсы екен, бәрі ұнап жатыр. Информатика кабинеттері де жақсы жабдықталған. Мұғалімдері де білім беру тәсілі жағынан ерекше екен. Бұрынғы оқыған мектептен әлдеқайда артық. Жайлы мектепте жоғары сапалы білім аламыз деген үміт зор, — дейді ол.
Райхан Рахметова
Фото: Сұлтан Сейітов