Стратегиялық басымдықтарды айқындады

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жаңа Жолдауында ел дамуының стратегиялық басымдықтарын айқындады.
Президент экономиканы цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу арқылы жаңғырту бағытын көрсетті. Инвесторларға салықтық және әкімшілік жеңілдіктер беруді қоса алғанда, инвестиция тартуға ерекше назар аударылды. Ұлттық қор қаражатын озық технологияларды дамытуға ұтымды пайдалану қажеттілігі айрықша атап өтілді.
Маңызды бастамалардың бірі – екінші деңгейлі банктердің нақты секторды несиелеудегі рөлін күшейту. Осыған байланысты банктер және банк қызметі туралы заңға өзгерістер енгізу тапсырылды. Сондай-ақ цифрлық теңге мен криптовалютаны белсенді дамыту қажеттігі айтылды.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін агроөнеркәсіп кешенінде жасанды интеллектіні қолдануға ерекше көңіл бөлінді. Бұл фермерлер, IT-компаниялар мен стартаптар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Тасымал-логистикалық әлеуетті, тарифтік саясатты және туризмді дамыту өңірлердің өсу факторлары ретінде қарастырылды. ТКШ-ны жаңғырту, ауыз суға ұқыпты қарау және оның тұтынуын нақты есепке алу қажеттілігі ерекше атап өтілді.
Ішкі көші-қон мәселесіне де назар аударылды. Астана қаласына жыл сайын 100 мыңнан астам адам қоныс аударуда. Бұл өңірлерді кешенді дамытуға, әсіресе жұмыс орындарын құруға, қолжетімді білім мен медицинаны қамтамасыз етуге, жайлы қалалық орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Жолдаудың соңында Президент маңызды саяси реформаны ұсынды. Соның бірі – бір палаталы Парламентке көшу. 2027 жылы Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізу жоспарланып отыр. Осыған дейін кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Бұл әрбір азаматтың қатысуын талап ететін аса маңызды қадам деп санаймын.
Бауыржан СМАЙЫЛОВ,
Астана қаласы мәслихатының
депутаты