Қоғам

Елордалық ЖОО-да этносаралық қатынастарға арналған оқу модулі ашылды

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Академиясының «Этносауаттылық және этносаралық қатынастарды БАҚ-та жариялау мәселелері» атты оқу модулінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Аталған іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, ЕҰУ-дың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы, ҚХА Журналистер клубының төрағасы, сенатор Алишер Сатыбалдиев, ҚХА кафедраларының «Шаңырақ» қауымдастығының төрағасы, кафедра меңгерушісі Наталья Калашникова, сондай-ақ этникалық БАҚ өкілдері, ҚХА Журналистер клубтарының мүшелері мен өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз хатшылары қатысты.

Марат Әзілханов өз сөзінде оқу модулінің маңыздылығын ерекше атап өтті:

«Бұл жай ғана кездесу емес, ел бірлігі мен татулықтың символына айналған ҚХА бастамасымен жүзеге асырылып жатқан маңызды қадам. ҚХА Академиясы жұмысына магистранттар мен докторанттардың белсенді қатысуы – болашақ мамандар үшін таптырмас тәжірибе. Этносаралық қатынастарды БАҚ арқылы дұрыс жеткізу – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Осындай тағылымды жобаның ЕҰУ қабырғасында өтуі – үлкен мәртебе», – деді ол.

Салтанатты шарада сөз алған ЕҰУ проректоры Ләззат Төлегенқызы Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөліне тоқталды:

«Көпэтносты Қазақстан – бейбітшілік пен өзара сыйластықтың айнасы. Этностар арасындағы тату өмір мен ортақ құндылықтарды ұлықтау – ұлттық бірегейлігіміздің негізі. ҚХА – осы бірліктің жарқын көрінісі. Бұл саясат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да нақты көрсетілді», – деді ол.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан құрылған ҚХА кафедрасы бірнеше жылдан бері ҚХА-ның зияткерлік алаңы ретінде белсенді қызмет етіп келеді.

Оқу модулі аясында 15–18 қыркүйек аралығында ҚХА Журналистер клубтарының төрағалары мен мүшелері, этникалық БАҚ өкілдері мен өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз хатшыларына арналған оқыту бағдарламасы өтеді. Бағдарлама аясында этносаралық қатынастар тақырыбын кәсіби деңгейде жариялау бойынша дәрістер мен практикалық сабақтар ұйымдастырылады. Спикерлер қатарында танымал ғалымдар, ҚХА мүшелері, депутаттар мен сала сарапшылары бар.

Шараны ұйымдастырушылар – ҚХА кафедраларының «Шаңырақ» қауымдастығы, ЕҰУ ҚХА кафедрасы және ҚХА Журналистер клубы.

Сенатор Алишер Сатыбалдиев атап өткендей, бұл жоба Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында жүктеген тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда. Модуль аясында ұсынылатын білім мен тәжірибе этносаралық қатынастар саласындағы журналистиканы сапалы дамытуға, ал ҚХА жобаларын өңірлік қоғамдық-саяси күн тәртібіне енгізуге бағытталған.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button