Ұлттық жоба қалай жүзеге асуда?

Астанада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті. «Астана — Аймақтық электр желілік компаниясы» АҚ-да өткен іс-шара барысында қатысушыларға ұлттық жобаны іске асырудың негізгі бағыттары бойынша түсініктеме берілді. Сондай-ақ өтінімдер беру және мердігер ұйымдарды іріктеуге дейін қаржыландыруға қол жеткізуден бастап инфрақұрылымды жаңғырту барысына мониторинг жүргізуге дейінгі негізгі кезеңдер туралы айтылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, бизнес-қоғамдастықтың және қаржы институттарының өкілдері қатысты. Талқылау барысында мемлекеттік қолдау шаралары мен инфрақұрылымды жаңғыртуды қаржыландыру тетіктерін қоса алғанда ұлттық жобаның басым бағыттары таныстырылды.
2025-2029 жылдар аралығына елорда үшін 73,09 млрд теңге көлемінде инвестиция қарастырылған. Қаражат жылу, кәріз желілерін, су құбырын салуға және реконструкциялауға бағытталады. «Астана-Теплотранзит» АҚ 10 км-ден астам жылу желілерін салу, реконструкциялау және жабдықтарды жаңғырту бойынша жобаларды іске асыруда. «Астана су арнасы» кәсіпорыны 52 км-ден астам сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңартумен айналысады. Бұдан басқа 2025-2026 жылдарға 31,51 млрд теңге салу жоспарланған.
-Жалпы елорда бойынша инженерлік желілер өзге өңірлермен салыстырғанда біршама жақсы жағдайда. Жылу энергия желілері бойынша тозу деңгейі 53 пайыз, оны 2029 жылға дейін 51 пайызға төмендету жоспарлануда. Ал сумен жабдықтау желілері бойынша тозу деңгейі 41 пайыз болса, оны аталған уақыт ішінде 32 пайызға төмендету, су бұру желілерінің қазіргі 40 пайыз тозу деңгейін 4 жылда 32 пайызға түсіру көзделуде. 2026 жылға жылумен қамту, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жөндеуге 14,34 млрд теңге салып, барлығы 79,3 км желіні жөндеу жоспарда бар, — деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров.
Астанада ұлттық жобаны іске асыру заманауи және тұрақты коммуналдық инфрақұрылымды құруға, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және елорданың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Әлия Мырзағалиеваның айтуынша, аталған ұлттық жобаның жалпы сомасы 13 трлн теңге, оның 6 трлн теңгеден астамы инвестиция тарту арқылы, қалғаны тариф бойынша жүзеге асырылады. Биыл 4 өңір, яғни Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары бойынша жөндеу жұмыстары қаржыландырылды. Жоба арқылы елдегі жалпы инженерлік желілердің қазіргі 60-90 пайыз тозу деңгейін 40 пайызға дейін азайту көзделуде.
Райхан Рахметова
Фото: Оңалхан ӨНЕРХАН