Барлық өңірде әлеуметтік төлемдер бірдей болады

Премьер-министр Олжас Бектенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсырма берді. Ведомство 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін еліміздің барлық аймақтарында әлеуметтік көмек пен төлемдерді бір жүйеге келтіру керек, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл жұмыс әкімдіктер мен басқа да тиісті мекемелермен бірге жасалады. Мақсат — кім қай өңірде тұрса да, мемлекеттен алатын әлеуметтік көмегі тең болуы тиіс.
Олжас Бектенов:
Кейбір әлеуметтік жеңілдіктер мен көмектер тиімсіз немесе түсініксіз болып кеткен.
Оларды алып тастап, шынымен мұқтаж адамдарға әділ көмек көрсететін жүйе жасау қажет.
Сонымен қатар, адамдар тек жәрдемақыға қарап отырмай, жұмыс істеп, отбасын өзі асырауға ұмтылуы керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында әлеуметтік төлемдер тым көбейіп кеткенін, 100-ден аса түрлі жеңілдік бар екенін айтып, оларды реттеуді тапсырған.