Таза су көзі қайдан?

Жыл өткен сайын тұрғындарының саны да, түрлі тіршілік нысандары да көбейіп келе жатқан Астана қаласын таза ауыз сумен және тұрмыстық қажеттілікке керек сумен қамтамасыз ету өте маңызды мәселе болып табылады. Осы ретте «Астана су арнасы» кәсіпорны атқарып отырған жұмыстың жауапкершілігі орасан зор.
Астана қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері елорданың «Астана су арнасы» кәсіпорнына қарасты №1 және №2 насос-сүзгі станциясы мен Кәріздік тазарту құрылыстары нысанын аралады. Мұндағы мақсат – Қоғамдық кеңес отырысында талқыланатын «Астананың жылу-энергетикалық кешендерінің алдағы жылыту маусымына дайындығы» мәселесіне байланысты кезекті мониторинг жүргізу.
Алдымен кеңес төрағасы Зұлфұхар Ғайыпов бастаған мүшелер шаһардағы №1 және №2 насос-сүзгі станцияларының жұмысын көзбен көрді.
«Қазіргі уақытта елордадағы үш насос-сүзгі станциясы арқылы бір күнде орташа есеппен 360 мың куб таза су жіберіледі. Ал олардың жалпы сумен қамту қуаттылығы 410 мың кубты құрайды. Бір белгілісі, қаладағы тұрғындар таңғы, түскі және кешкі мезгілде суды көп пайдаланады. Әсіресе, кешкі уақытта суды тұтыну көбейеді. Ал апталық жүктемемен айтсақ, жексенбі күні суды тұтыну жай күндерден артық болатыны белгілі. Сондай-ақ бізде 120 мың куб су артық қор ретінде үнемі айналымда тұрады» дейді «Астана су арнасы» кәсіпорнының бөлім басшысы Талғат Бекмағанбетов.
Ал қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Олжабек Бейісовтің сөзінше, құрылысы жақында басталған №4 насос-сүзгі станцияның тәуліктік қуаттылығы – 210 мың куб. Нысан 2029 жылы пайдалануға берілмек. Ал қазіргі үш станция астаналықтарды сумен толық қамти алады. Дегенмен жыл сайын қала халқы жылдам өсуде. Жаңа су станциясының салынуы да осы көші-қон мен демографиялық өсімге байланысты десек болады.
Мұнан соң аталған топ Кәріздік тазарту құрылыстары орналасқан аумаққа барды. Мұнда 300-ге жуық қызметкер бар. Негізгі міндеті – тұрмыстық қалдық суды қайта тазарту.
«Бұл нысанның 1962 жылы құрылысы басталып, 1964 жылы пайдалануға берілген. Содан бері жұмыс істеп тұр. Мұнда Астана қаласы бойынша күнделікті тұрмыстан босаған қалдық суды қайта өңдеу, әбден тазарту жұмыстары жүреді. Шамамен бір тәулікте 300 мың кубтай қалдық су түрлі тазартудан өтеді. Ал тазартылған су Есіл өзеніне құйылады. Бұл жерде тазартудан кейінгі қатты қалдықтар арнайы полигонға кетсе, кейбіреуі арнайы орында көміледі» дейді бас инженер-технолог Перуза Алдоңғарова.
Мониторинг кезінде кеңес мүшелері кездесуде айтылған ұсыныстарды назарға алып, аталған нысандарға қатысты өзекті мәселелерге де ден қойды.
«Бүгін қалалық кеңес мүшелері бірлесіп, «Астана су арнасы» мекемесіне қарасты бірнеше нысанды аралады. Қаланы сумен қамтып отырған станциялар мен кәріз суларын тазалайтын мекеме жұмысын көзбен көріп, жұмыс үдерісін бақыладық. Қызметкерлермен сөйлесіп, кейбір мәселелер сол жерде талқыланды. Айталық, мұндағы қызметкерлер «Отбасы банк» арқылы баспаналы болу жеңілдігін ала алмай жүргенін айтты. Сондай-ақ кәріз суын тазартумен айналысатын жұмысшылардың денсаулыққа зиянды ортада жұмыс істейтіні белгілі. Соған байланысты берілетін үстемақының аздығы сөз болды. Мұның барлығы кеңес отырысында әкімдік тарапына міндетті түрде жеткізілетін болады» дейді Қоғамдық кеңес мүшесі Серікзат Дүйсенғазы.
Ал кеше өткен Астана қалалық Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібінде жоғарыда айтылған елордадағы жылу-энергетика кешендерінің дайындығы талқыланды. Кеңес төрағасы Зұлфұхар Ғайыпов жүргізген жиында қалалық Энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Есмағұлов пен Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Сыздықов баяндама жасады.
Бүгінде жылыту маусымына дайындық жоспарлы жүруде. ЖЭО-1 нысанының дайындық деңгейі 97%-ды құраған. Сондай-ақ биыл бір турбинаға күрделі жөндеу, 9 қазандық пен 2 турбинаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. ЖЭО-2 нысанының дайындық деңгейі – 80%. Қалада 7 аудандық қазандық бар, олардың дайындық деңгейі 87%-ды құрайды.
«Жалпы қала 4 104 Гкал/сағ жылу қуатына ие. Жаңа жылу көздері – ЖЭО-3, «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ станциялары іске қосылғанының арқасында шамамен сағатына 500 Гкал қор бар. Биыл «Тұран» газ станциясының ІІ кезегін іске қосу жоспарда тұр, бұл қосымша сағатына 250 Гкал жылу беруге мүмкіндік береді. Ал «Теплотранзит» АҚ жылу желілері бойынша 7 шақырым желіні ауыстыру, 1,5 шақырым ағымдағы жөндеу және 6,2 шақырым қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Жалпы дайындық деңгейі – 92%» дейді Мақсат Есмағұлов.
Оның сөзінше, Қорғалжын тас жолының бойы мен Ұлы Дала көшесіне дейін жылу магистралі салынуда. Ал электрмен жабдықтауда «Астана РЭК» АҚ-ның дайындығы 79% құрайды. Шамамен 80 шақырым әуе және кабель желілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы, сондай-ақ 64 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станция жөнделген.
«Аудандарда қосымша трансформаторлық қосалқы станциялар салу жоспарлануда. Қазан айында жаңа «Арай» қосалқы станциясының, сондай-ақ тарату және трансформаторлық қосалқы станциялардың құрылысын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ газ желілерінің дайындығы 95%-ды құрайды. Жыл соңына дейін барлық тұрғын массивтері газға қосылады» дейді ол.
Баяндамашылардан соң кеңес мүшелері қала ішіндегі түйткілді мәселерге қатысты сұрақ-жауап алмасты. Ал жиын барысында Астанадағы жылыту маусымына дайындық қанағаттанарлық деңгейде деп бірауыздан бағаланды.
Мұнан бөлек, кеңес отырысында Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау, Білім және Жұмыспен қамту және әлеуметтік басқармаларының жауапты басшыларының былтырғы жұмыс есебі де тыңдалды.
Ержан ҚОЖАС