Қала мен сала

Еңбекпен есейген жан

Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін ілгерілетіп, рөлін күшейту мақсатында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғаны мәлім. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын көтеруге, қарапайым еңбек адамына деген құрмет пен қолдауды арттыруға, жастарды еңбекке баулып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталды.

Бүгін қарапайым еңбеккер Серік Бауырбеков туралы аз-кем ой толғамақпын. Қарапайым еңбекпен басталған жол бүгінде оны ұжым сыйлайтын, соңынан ерген жас мамандар үлгі тұтатын білікті маман дәрежесіне жеткізді. Қазір өзі де бір кездері жол бастаған аға буын секілді жастарға білімі мен тәжірибесін аямай бөлісетін, әріптестері арасында сыйлы жан.

«Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны секілді үлкен қаланың күре тамырына айналған кәсіпорында 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан байырғы маман Ақмола облысы, Астрахан ауданы, Толқынкөл ауылында, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Серік Бауырбековтің бұл кәсіпті таңдауына, жұмысшы болып қалыптасуына әкесі Құтжан мен анасы Алтынның өмірлік ұстанымы мен тәрбиесі әсер етіпті. «Әке көрген оқ жонар» деген қазақтың қанатты қағидасының шынайы үлгісіндей болған осы бір отбасылық құндылықтың өнегесіне көп мағына сыйып тұрғандай көрінеді.

«Он жеті жасымнан бастап ауыл шаруашылығында еңбек еттім» дейді елордалық жұмысшы. Егін еккен, шөп шапқан, қысы-жазы маусымдық жұмыс­тардан қол үзбеген. Дала мектебінде шыңдалған. Одан кейін Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келіп, жүргізуші мамандығын меңгерген.

– Ауылдағы тіршіліктен мән кете бастаған соң, қара шаңырақты қиып, әкемнің батасын алып, қаланы бетке алу маған да оңай шешім болған жоқ. Оқыған мамандығым мен тәжірибемді іске асыру мақсатында «Астана су арнасына» жұмысқа орналастым, – деп бастады  ол  бізбен әңгімесін.

Сол жылдары  «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының тізгінін Жаңбыршы Есетұлы ұстап отырған-ды. Ұжымдасқан тірліктің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп еңбек ететін жастарды ол бірден танып қоятын. Серікті де алғаш көрген сәтінен-ақ байыппен сынап, іштей бағасын берген. Өзімен оңаша бір кездескен сәтінде: «Бұл жерде екі-үш жыл ғана істеп, басқа жұмысқа ауысып кетуші болма. Зейнетке шыққаныңша осында еңбек ететін бол. Өзің сияқты азаматтар бізге ауадай қажет» деп сенім артқан болатын.

Бастапқыда К-701 тракторын тізгіндеп, қаладағы мектептердің, ауруханалардың, тұрғын үйлердің сумен толыққанды қамтамасыз етілуіне ат салысты. Астана жыл санап өзгеріп, ауқымы кеңейген сайын «Астана су арнасының» жұмысы да күрделене түсті. Өнегелі жанның еңбегін бағалаған Жаңбыршы Есетұлы алғашқы жылдары жатақханада тұруына көмектессе, кейін екі бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Құрмет грамотасымен марапатталып, Құрмет тақтасына ілу арқылы елге сіңірген еңбегі дәріптелді.

Кейін Серік Құтжанұлы экскаваторшы мамандығын игеріп, жер қазу, құбыр орнату, жарамсыз жүйелерді ауыстыру, су тарту жұмыстарын атқаруға кіріседі. Бұл  техниканы дұрыс басқара білуден бұрын үлкен жауап­кершілік пен дәлдікті талап ететін кәсіп еді. Өйткені жер астындағы құбырға жай ғана темір-терсек деп, салғырт қарай салуға болмайды. Бұл – мыңдаған адамның тіршілік көзі. Көзге көрінбейтін кішкентай ғана қателіктің соңы үлкен шығынға әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан да қолы шебер, ісі тиянақты маман жұмысын қашанда жауапкершілікпен атқаруға дағдыланған. Қала орталығы болсын, шеткі ықшам аудандар болсын қай жерде де оның еңбегінің ізі сайрап жатыр. Жер астынан тартылған әр құбырдың тарихы артта қалған белестердің көзге көрінбейтін шежіресі іспетті.

Қарапайым еңбекпен басталған жол бүгінде оны ұжым сыйлайтын, соңынан ерген жас мамандар үлгі тұтатын білікті маман дәрежесіне жеткізді. Қазір өзі де бір кездері жол бастаған аға буын секілді жастарға білімі мен тәжірибесін аямай бөлісетін, әріптестері арасында сыйлы жан. Серік Бауырбековтің жеке отбасы туралы айтатын болсақ, сүйген жары ­Гүлжан Төлеубайқызы – Астана қаласы Мемлекеттік архивінің қызметкері. Екеуі бүгінде Сабыржан, Айдана, Гүлдана, Аружан және Батыржан есімді бес баланы мейірім шуағына бөлеп, тәрбиелеп отырған өнегелі шаңырақ.

Қарашаш Тоқсанбай

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button