Ата заңның қазақстандықтардың өміріндегі рөлі туралы айтылды

30 тамыз күні Қазақстанда маңызды дата – 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияның 30 жылдығы атап өтіледі. Мерейтой қарсаңында елордалық Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың саясаттану кафедрасының оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Гүлнәр Аскеева Ата заңның ел өміріндегі рөлі туралы айтып берді, деп хабарлайды аstana-akshamy.kz
«Конституция – жай ғана құжат емес, мемлекетіміздің берік іргетасы. Барлық реформа халықтың еркін және әділетті қоғам құруға ұмтылысын бейнелейтін нормаларына негізделеді», – деді Гүлнәр Аскеева.
Оның пікірінше, үш онжылдық ішінде елдің Негізгі заңы өзінің тұрақтылығын әрі заманауи сын-қатерлерге бейімделе алатынын дәлелдеді. Осы уақыт аралығында бірқатар маңызды реформа жүргізілді. Соның ішінде жақында ғана қабылданған, парламентаризмді нығайтуға, азаматтық қатысуды күшейтуге және тежемелік-бақылау жүйесін дамытуға бағытталған өзгерістер бар.
«Конституцияның мерейтойы – бұл тек мақтануға себеп қана емес, сонымен қатар оны білу, сақтау және нормаларын жүзеге асырудағы ортақ жауапкершілігімізді еске салатын мүмкіндік», – деп атап өтті саясаттанушы.
Оның айтуынша, заңдылыққа, әділеттілікке және құқық үстемдігіне адалдық бүгінгі таңда елдің дамуы мен жаңғыру жолындағы тұрақтылығына негіз болып отыр.
Сарапшы халықтың құқықтық сауаттылығының маңыздылығына да тоқталды.
«Өкінішке қарай, статистика көрсеткендей, барлық азамат Конституцияны оқымаған және өз құқықтары мен міндеттерін жақсы біле бермейді. Сондықтан Ата заңды оқыту жоғары оқу орындарының алғашқы курстарынан басталғаны аса маңызды. Мысалы, «Саясаттану» мамандығында бұл тәжірибе бар», – дейді Гүлнара Аскеева.
Оның айтуынша, Конституция тек құқықтық негіз ғана емес, сондай-ақ ұлттық бірліктің қуатты символы болып саналады. Ғаламдық өзгерістер жағдайында ол мықты, өркендеген әрі әділетті мемлекет құруға ұмтылған көпұлтты қоғамды біріктіретін сенімді бағдар болып қала береді.