Жолаушылар вагондары паркі толықтай жаңарады

Бүгін Үкімет отырысында еліміздегі теміржол саласын дамыту тақырыбы қаралды. Осы орайда ҚТЖ басшылығы 2030 жылға дейін жолаушылар вагондарының паркі толықтай жаңартылатынын мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ірі жобалар
Қазір теміржол желісінің жалпы пайдалану ұзындығы 16 мың шақырым. Дегенмен тозу деңгейі 57 пайызды құрады. Бұл өз кезегінде пойыздардың қозғалыс жылдамдығына әсер етеді. Осы проблемаларды шешу үшін 2029 жылға дейін 5 мың км жаңа жол құрылысы мен жаңарту жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, 11 мың км жолдың жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Қазір 5 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр: «Достық — Мойынты», «Алматы айналма теміржолы», «Дарбаза — Мақтаарал», «Мойынты — Қызылжар» және «Бақты — Аягөз». Осы жылы мерзімінен бұрын екі ірі жоба аяқталады: «Достық — Мойынты» учаскесі және Алматы айналма теміржолы. Келесі жылы «Мойынты — Қызылжар» және «Дарбаза — Мақтаарал» жаңа теміржолдары іске қосылады. Сонымен бірге, биыл 3 мың км теміржол учаскелерінде толық модернизация басталды. Бұл жұмыстар жаңа жолдарды салумен тең.
— Өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалып отыр. Компания негізгі мақсаттарға жету үшін жүйелі жұмысты жалғастырып келеді, — деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов.
Жылжымалы құрам жаңарды
Оның айтуынша, биыл 7 айда 840 шақырым жол жөнделді және бұл жұмыс жалғасады. Сонымен қатар, жыл басынан 51 локомотив, 56 жолаушы вагоны және 1 069 жүк вагоны сатып алынды. Осы жылы жылжымалы құрамды жаңарту жалғасады. Бұл өз кезегінде саладағы қызмет көрсету сапасын жақсартады. Қазір жолаушылар вагондары паркінің 74 пайызында пайдалану мерзімі 20 жылдан аспаған. Бұл тұрғыда ҚТЖ жылжымалы құрам паркін жаңартудың бағдарламасын қабылдады.
— 2030 жылдың соңына қарай ҚТЖ паркі толықтай жаңартылады. Бұл ретте жаңа вагондар пайда болады. Оларда кондиционер орнатылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған купелер жасақталады, — деді ҚТЖ басшысы.
Т. Алдыбергенов пойыздардың кешігуіне теміржол жол желісінің тозуы әсер етіп отырғанын айтты.
— Бұл мәселе бар. Бірақ жолаушылар қауіпсіздігі және жолаушылар пойызының кестесін сақтау — біздің басты міндетіміз, яғни қауіпсіздікке ерекше екпін қойылған, — деді ол.
Оның айтуынша, қазір теміржолдың тозуы 57 пайызды құрап отыр. Осыны ескере отырып, ірі көлемде жол жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл тұрғыда қазір пойыздар бойынша кешігудің азаюы 37 пайызды құрады.