Елордада балалардың терезеден құлау дерегі көбейді

Астанада балалардың көпқабатты үйлердің терезелерінен құлау деректері көбейген. 2025 жылдың басынан бері 52 оқиға тіркеліп, 39 бала түрлі жарақат алып, 13 бала қаза тапқан. Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың негізгі себебі – терезелерге қорғаныс торлары мен блокираторлардың орнатылмауы және балалардың қараусыз қалуы. Көп жағдайда бүлдіршіндер үйде ересектердің қарауынсыз немесе үлкен жастағы балалардың бақылауында қалады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Брифингке спикерлер ретінде Астана қаласы Төтенше Жағдайлар Департаменті бастығының орынбасары Қанат Алтынбеков, Астана қаласындағы “№2 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасы” ШЖҚ МКК медициналық бөлім жөніндегі директордың орынбасары Динат Көжекенов, Астана қаласы Полиция департаменті Сарыарқа ауданы ПБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Қайрат Тілепов қатысты.
-Қазақстан заңнамасына сәйкес, балаларды қараусыз қалдырғаны үшін ата-аналар мен заңды өкілдер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондықтан жауапты органдар ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға шақырады. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, Ювеналды полиция, МИБ төрағалары және еріктілер бірлесіп, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазірдің өзінде 326-дан астам көппәтерлі тұрғын үй қамтылып, 6 330-дан астам жадынама кіреберістер мен лифтілерде орналастырылған. 23 мыңнан астам тұрғын қауіпсіздік ережелерімен таныстырылған, – деді Қайрат Тілепов.
Балалардың жарақат алуын болдырмау тақырыбында 142 мектепте 5 360 оқушыға дәрістер, 116 балабақшада сабақтар өткізілді. Ақпараттық жадынамалар ата-аналар чаттары, МИБ және ПИК топтары арқылы да таратылуда. Сонымен қатар, қаладағы кинотеатрлар, LED және SMART-экрандар, тұрғын үй лифтілері, автобустар мен аялдамаларда бейнероликтер тұрақты көрсетіліп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жаз мезгілінде балалар жарақаты күрт артады.
-Қазірдің өзінде №2 қалалық балалар ауруханасының травматология пунктіне тәулігіне шамамен 400 бала жүгінеді. Мұндай жүктеме медициналық көмектің сапасына әсер етуі мүмкін, сондықтан қалада қосымша балалар травматологиялық пунктін ашу мәселесі көтерілуі тиіс. 8 сәуірде сағат 22:10 шамасында «102» арнасына 15-қабаттан құлаған баланың жансақтау бөліміне жеткізілгені туралы хабар түскен. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бала алған ауыр жарақаттарынан көз жұмды. Тергеу деректеріне сәйкес, қайғылы сәтте бүлдіршін ас үйде ағасымен ойнап жүрген, ал ересектер басқа бөлмеде болған, – деді Динат Көжекенов.
27 наурызда сағат 16:32-де тағы бір оқиға тіркелді. 2-қабаттағы балконнан құлаған балаға көршілер жедел жәрдем шақырған. Анықталғандай, анасы жақын маңдағы банкоматқа кетіп, балаларды үйде жалғыз қалдырған.
-Қауіпсіздік ережелерін еске салсақ, үйде бала болғанда терезені ашық қалдырмаңыз, пластикалық терезелерді кішкентай балалардың өзі аша алатынын есте сақтаңыз, москит торы қауіпсіздік құралы емес – ол тек жәндіктерден қорғайды, баланы терезе алдына шығуға немесе терезе тақтасына отыруға үйретпеңіз. Төтенше жағдайлар қызметі ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды, терезелерге қауіпсіздік блокираторларын орнатуды және баланың ашық терезеге немесе балконға шығуына жол бермеуді қатаң ескертеді, – деді Қанат Алтынбеков.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Мұндай істер сотқа жіберіледі. Балалар қауіпсіздігі – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, ең алдымен әр ата-ананың жауапкершілігі. Бір сәттік немқұрайлық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.